Мемлекет басшысы барлық азаматқа тең мүмкіндіктер беру арқылы әділетті мемлекетті құратынымызды айтқан болатын.
Бала – бақыт, бала – байлық
892
оқылды

Осы орайда Қазақстан Республикасының Президенті: «Біз – ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз. Мен бұл туралы өзімнің сайлауалды бағдарламамда айттым. Қазақстанда ешкімнің құқығы шектелмеуі керек», – деп нақты атап көрсетті.

«AMANAT» партиясы әлеуметтік әділ­дікті заң жүзінде бекітіп, іс жүзінде қалпына келтіруге кірісті. Қоғамның инклюзивті болуын қамтып, ерекше қа­жет­тіліктері бар азаматтарға қолайлы орта түзуде «Кедергісіз келешек» жо­ба­сын іске асыруды қолға алды. Пар­тияның осы жобасы аясында бүгін Түр­кістан қаласындағы «Түркістан Арена» стадионында балаларға арналған «Тең мүмкіндіктер» инклюзиялық спорт фестивалі болып өтті.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы Әйелдер қанатының бастамасымен ұйымдастырылып өт­кізілген фестивальге облыс әкімдігінің бірқатар басқармалары қолдау көрсетті. Фестивальдің ашылу салтанатында партия филиалы Әйелдер қанатының кеңесшісі, атқарушы хатшысының орынбасары, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөреева, Түркістан облысы әкімнің орынбасары Ертай Алтаев сөз алып, белсенді өмір салтын ұстануға бекінген балақайларға берекелі жеңіс жолын тілеп, жарыстан үздік шығуларына тілек­тестіктерін жеткізді.

«Басты құндылығымыз – адам деп белгілеген қоғамымызда, балалар – біздің басты байлығымыз. Бала жанын анадан артық кім ұғады? Облыстық партия филиалының Әйелдер қана­тының бастамасымен өтіп жатқан фестивальге 100-ден астам ерекше күтімді қажет ететін балалар қатысуда. Біз осы іс-шараны өткізу арқылы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды әлеуметтендіруді мақсат тұттық. Балалар арасында өзара бауырластықты, достықты, сыйлас­тықты арттыруды көздедік. Жеткіншек­теріміздің әлеуметтік белсенділігін қамтуды, өзіне деген сенімін нығайтуды, спортқа және физикалық жаттығуларға бейім боп өсуін көздедік. Бастамамызды өткізуге қолдау білдірген Түркістан облысы әкімінің орынбасарларына және олар жетекшілік ететін басқарма­лардың басшыларына, партия филиалы жанындағы отбасы және әлеуметтік қолдау жөніндегі қоғамдық кеңестің өкілдеріне, іс-шараның өтуіне ұйытқы болған білім, мәдениет және спорт ұйым­дарының басшыларына, балалары­ның жетістіктеріне үлкен үміт артып келген ата-аналарға, мұғалімдерге, жат­тық­тыру­шыларға іс-шараны ұйым­дас­тыру комитеті атынан алғысымды білдіремін», – деді Қалыйма Жантөре­қызы.

Айта кету керек, «AMANAT» пар­тия­сының Әйелдер қанаты, партия Орталық аппаратының Саяси жұмыс департаменті, партияның Саяси менед­жмент академиясы, «Тең мүмкін­діктер әлемі» республикалық қоғамдық қоры әзірлеген фестиваль ережесі бойынша, оған қатысушылар 3 негізгі спорт алаңында өзара жарысқа түсті.

№1-ші алаң «Бочча» деп аталып, боччадан инклюзиялық командалық жарыстар өтті. Бочча паралимпиадалық спорт түрлеріне жатады, оған қимыл-тірек аппаратының және менталдық бұзылыстары бар жас спортшылар қа­тысты. 

№2-ші алаң «Біз жеңімпаз боламыз!» деп аталып, оған қатысушылар арасында инклюзиялық командалық эстафетасы өтті. Эстафеталық жарыстар 4 кезеңді құрап, оған қатысушы балалар сызық бойынша жүгіру, шеңбер ішінен өтіп, қолына шеңбер ұстап жүгіру, доппен жүгіру, оны аяқпен домалату, кедергі­лерден жылдам өту тапсырмаларын орын­дады. 

№ 3-ші алаң «Жеңіл атлетика» деп аталып, команда ойыншылары 50, 100, 200 м қашықтыққа жүгіруден жарыс­ты.

Жарысқа кіші санат бойынша: 3-5 сынып оқушылары, аға санат бойынша: 6-8 сынып оқушылары қатыстырылды.

Фестивальдің Түркістан облысында өтетін кезеңінде Түркістан, Кентау қалалары мен Бәйдібек, Ордабасы, Сауран аудандарынан барлығы 10 команда қатысты. Жарысқа қатысушы әр ауданнан кіші және аға санат бойынша екі командадан қатыстыр­ылды. Фестивальге қатысушылар мен стадионға жиналған көрермендер жа­рыс нәтижесін асыға күтті.

Жарысқа қазылық еткен төреші­лердің шешімімен, бірінші, екінші және үшінші орындарға лайықты деп танылған жеңімпаз командаларға ар­найы кубокты, жеңімпаздар медальдар­ын және дипломдарын Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, «AMANAT» партиясы Түр­кіс­тан облыстық филиалы Әйелдер қанатының кеңесшісі Қалыйма Жантөреева, Түркістан облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма­сының басшысы Әсия Темірбаева, Дене шынықтыру және спорт бас­қармасы басшысының орынбасары Жазира Мүслімова, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы отбасы және әлеуметтік қолдау жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Ғалымжан Елшібай, «Арман­дар орындалады» қайырымдылық жобасының үйлестірушісі Әсел Бимыр­заева табыстады.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Түркістан облысы