«Тар жол, тайғақ кешуді» түпнұсқадан оқиық

«Тар жол, тайғақ кешуді» түпнұсқадан оқиық
Биыл Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығы, мерейлі мерекесі аталып өтіп жатыр. Сәкентану туралы ұзақ зерттеген ғалымдардың бірі Тұрсынбек Кәкішев екені даусыз.

Сәкенді бүге-шүгесіне дейін қалдырмай зерттегенін сәкентануға қосылған ғылыми еңбектерінен-ақ бағалауға болады. Бірақ біздің бүгінгі айтқымыз келіп отырған дүние – Сәкеннің «Тар жол, тайғақ кешу» романы хақында.

Cәкеннің «тар жол, тайғақ кеш­кен» жылдары туралы аз жазылған жоқ. Тіпті, «Тар жол, тай­ғақ кешуі» туралы Тұрсынбек Кә­кішұлы мен Күләш Ахметова ро­манның тағдыры туралы арнайы зерт­теу еңбектерінде жазып, әр жыл­ғы шығарылымы мен ондағы өзгешеліктер туралы оң пікірлерін айтқанын білеміз. 

Ғалым Күләш Ахметова біз ро­ман туралы сауал қойғанымызда: «Кітап алғаш рет араб қарпімен 1927 жылы Қызылордада Ахмет Бай­тұрсынұлының шифрымен жа­рыққа шыққан. Онда Сәкен Алаш азаматтарының барлығын дос­тары ретінде суреттерін береді. Өзі Ахмет Байтұрсынұлының қа­сында отырған. Бірінші шыққан ба­сылым мен соңғы 1936 жылы шық­қан басылымдардың арасын­да жер мен көктей айырмашылық бар. Көркем шығармадағы тарихи шындық деген тақырыпта 1995 жы­лы кандидаттық диссертация қорғадым. Айтайын дегенім, «Тар жол, тайғақ кешуде» айтылатын Алаш азаматына қатысты тарихи фак­тілердің барлығын Сәкен «Қа­зақ» газеті мен «Сарыарқадан» алып отырған. Әрқайсысының уа­қы­тын, газеттің қай санынан алын­ғанын көрсетеді. Қазіргі «Тар жол, тайғақ кешуді» ең бірінші Ста­линге домалақ арыз есебінде жаз­ды дегеннің бәрі қиял. Мені өкін­діретіні – осындай өтірік, қате пі­кірлердің зерттеуші, ғалымдар­дың аузынан шығатыны» деген еді.

Сәкеннің ең алғашқы 1927 жы­лы шыққан романы Астана қа­ла­сын­дағы Сәкен Сейфуллин му­зейін­де сақтаулы тұр. Алғашқы нұс­қа да, кейінгі «өзгеріске» түс­кен жинақты да музейден көруге бо­ла­ды. 1927 жылғы кітап араб қар­­пімен басылған. Кейінгісі – ла­тын әрпінде. 

Бұл роман ХХ ғасыр басындағы қа­зақ интеллигенциясы туралы жа­зылған энциклопедия десек те бо­лады. Бұл роман алғашқы нұс­қа­сынан кейін бірнеше рет басыл­ды. Яғни, кейінгі басылымдары­ның көбі 1936 жылғы нұсқаны қай­­­­­­талағанын айтады ғалымдар. 1960, 1977 және 1988 жылғы нұс­қа­ларын оқыған адам алғашқы 1927 жылғы нұсқадағы айырманың жер мен көктей екенін сезер еді. Ол неге толықтырылды болмаса, не­­ге өзгеріске ұшырады деген са­уал­­ға соңыра қайта соғармыз. Ро­ман­ның бұрмалануының бір­не­ше се­бептерін алаштанушы Елдос Тоқ­тарбай да жазады. Ол: «Әуелгі сөз – аз-маз роман хақында бол­сын. Бұл роман – сол кездегі қо­ғам­­­­дық –саяси өмірдің көркем ше­­жіресі іспеттес тарихи тұрғыдан баян­далған мемуарлық шығарма. «Тар жол, тайғақ кешудің» алғаш­қы бөлімдері 1922 жылдан бастап «Қы­зыл Қазақстан» журналында жа­рық көрген. Романның негізгі сю­жеті – сол уақыттағы қазақ да­ла­сында болған ірі саяси оқиғалар. Мысалы, Г.Львов пен А.Керенский басқарған Уақытша Үкімет, Алаш қайраткерлері құрған «Алашорда» ұлттық автономиясы, әртүрлі ба­ғыт­тағы ұйымдардың құрылуы сияқ­­ты ірі тарихи оқиғалардың ба­сы-қасында болған Сәкен Сей­фул­лин өзінің көргенін, білгенін та­рихқа қалдыру үшін, Ұлы Қазан төңкерісінен бастап қағазға тү­сі­ріп, оны көлемді романға арқау ет­ті. Роман сол мезетте-ақ, өз ал­ды­на жеке кітап болып баспадан шы­ғып, оқырманымен қауышты. Ол уақытта барлық Алаш қай­рат­кер­лерінің көзі тірі еді. Тек Нәзір Тө­­ре­құлов қана осы романдағы оқи­ғаларға шүйлігіп, сынап-мінеп шу шығарған болатын. Роман же­лі­сінде Әлихан Бөкейхан, Ахмет Бай­тұрсынұлы, Міржақып Дула­т­ұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Айдархан Тұрлыбайұлы, Мұстафа Шоқай бастаған алаш азаматтары ха­қында автор өзінің ойын ашық айт­қан еді. Осы аталған тізімде­гі­лер­дің бірде бірі Сәкенге тірісінде «романыңдағы жазғандарың қате» деп тас атпаған», – дейді.

Алаштанушының айтуынша, қы­зыл қырғын басталған 1936-37 жыл­дары романды кінәлайтын­дар­дың қатары артқан секілді. Өйткені НКВД Алаш қайрат­кер­ле­рін де, Сәкенді де аман қал­дыр­ма­ды. Ал роман «Алашорданың» ұл­ттық-территориялық автоно­мия­сының құрылуы және оның ба­ғыт-бағдары жайында жазылған тұң­ғыш тарих дерек боп саналаты­ны сондықтан. 

«Алашорда ісін қарастырар бол­сақ, бірінші болып Сәкеннің осы романын қолға аламыз. Се­бе­бі: Т.Кәкішұлының тәмсіліне са­лып айтсақ, роман – ХХ ғасырдың эн­циклопедиялық анықтамасы. Бүгінгі күні біз біле бермейтін көп­те­ген Алаш қайраткерлерімен идея­лас, ниеттес болған азамат­тар­дың есімі мен бостандық жо­лын­дағы атқарған қызметін осы ро­маннан кездестіруге болады. Әлі де болса Алаш қозғалысындағы бел­гісіз оқиғалар мен қозғалысқа бел­сене атсалысқан азаматтар жайын­да тың мәліметті осы роман ая­сы­нан іздеуге болады», – дейді Елдос Тоқтарбай.

Бұған дейін романның әрбір нұсқасын түпнұсқамен са­лыс­тырып, әлі күнге дейін тексто­ло­­­гиялық тұрғыдан толық талдау жа­салмағанын, осы олқылықтың орнын толтыру қажет екенін ай­тып, ғалымдар мәселе көтерген еді. Түпнұсқа музейде сақтал­ған­дық­тан оны кириллицаға неге ау­дар­мағаны бізге жұмбақ. Бірақ ро­манға ғалымдар текстологиялық тал­дау жасалынып жатқаны тура­лы бұған дейін жазылған. Ал нақты шығарманың өзі қайта аударылып басылмаған секілді. Осы себепті де Сәкен мұрасын жинақтап, ел-жұ­рт­­қа танытып отырған Астанадағы Сә­кен Сейфуллин музейіне ар­найы бардық. Әрі музейдің дирек­то­ры, тарих ғылымдарының док­то­­ры, сәкентанушы Марат Әб­­се­­­ме­­товке де «Тар жол, тайғақ ке­шу» туралы бір­неше сауал қой­дық. 

– Сәкеннің ең керемет еңбегі 1927 жылы араб қарпімен шыққан, араб қарпімен өзі жазған – «Тар жол, тайғақ кешу». Бұл кітаптың та­­ғы бір ерекшелігі – «Қазақ» га­зеті, «Сарыарқа» журналдарында үзін­­ді қылып жариялаған. Мәсе­лен, Әлихан Бөкейханның Се­мей­ге келуін толығымен береді. Ал «Тар жол, тайғақ кешудің» 1936 жы­­лы шыққан кітабында оның бә­­рін қиып тастаған. Оның редак­тор­лары Сәбит Мұқановтар бол­ды, алып тастаған – солар. Сол кез­де Сәкеннің өзі тірі, бірақ кіта­бын өзгелер шығарады. Өзі тірі жүр­­ген адамның кітабына құрас­тыру­­шы, жауапты Сәбит Мұқанов бо­ла­ды. Өзін жолатпаған. Сәкен­нің 1927 жылы шыққан кітабы – клас­сика.

Олай дейтініміз – мен «Сә­кен Сей­­фуллин – Совнар­ком төра­ға­сы» деген кітап жаздым. Сол кітап­қа біраз құжаттарды кір­гіздім. 

Оған 1937 жылы тағылған айып­­тың бірі: «Ахмет Байтұр­сынұлы­­ның шә­­кіртісің, «Тар жол, тай­ғақ кешу­ді» соның тапсыр­ма­сымен орын­да­­ған шығарсың» де­ген сұрақ қойы­лады. Себебі біз Алашорда жоқ десек, ондай партия жоқ, түк те болған жоқ, қазақ өзі жа­байы ха­лық болды. Сөйтсек, ара­сында оқы­ғандары болған екен. Сол оқы­ғандарын «Тар жол, тай­ғақ ке­шуде» көрсетті. Алашор­даны көр­сетті, сол партияны жа­рия­лады. «Се­нің айыбың – сол» деп кінә тақ­қан.

«Тар жол, тайғақ кешу» – бел­лет­ристика емес, роман емес, бұл – тарихи құжат кітап. Оны тарихшылар шығару керек. Бертін келе, бізде 3-4 жыл бұрын «Сыр сандық» се­рия­сымен шықты. Бірақ ол жерде шық­қанда комментариясын білу ке­рек. Бұл жерде тарихшылар та­ри­­хи оқиғаларға баға беруі керек, фи­лологтар шығарды деген бол­май­ды. Оның бәрін тәптіштеп зерт­теген жөн. Мәселен, Ермұхан Бекмахановтың Кенесары туралы 1943 жылы шыққан монографиясы бар, керемет жазылған. Ал біз оқы­ған «Тар жол, тайғақ кешу» – 1936 жы­лы шыққан нұсқасы. Ол орыс­шаға да аударылды, бірақ көп басқа да дүниелер қосылып кетті. Себебі бірінші кітапта Сәкен Алаш­орданы айыптамайды, тек қа­на фактіні көрсетеді. Ал екінші нұс­қасында редакторлардан қо­сыл­ған айыптаулар бар, соны көр­се­теді, – дейді Марат Әбсе­ме­тов.

Ұзақ жылдар бойы Міржақып Дулатұлын зерттеген ғалымның сә­кентануға қалай келгенін де сұра­дық. Міржақып Дулатұлы – Алаш қайраткері. Сәкенді соңғы ке­зге дейін Алашқа қарсы деп айып тағып келдік. Әлі де солай бұр­малап, айтатындар көп. Оның бір дәлелі – «Тар жол, тайғақ ке­шу» романы деп айтып жүргендер де бар. Ал кітаптың қалай бұрма­лан­ғаны белгілі. 

«Мен Міржақыптан Сәкенге келуімнің бір себебі – сол Сей­фул­лин туған ауылда туып өстім. Сә­кен Сейфуллиннің ұрпағы, неме­ре­сі Сәкен Сейфуллин деген жігіт ме­нің досым болды. Сәкеннің Мә­­­жит деген інісі бар. Мәжиттен Орын­бек, Орынбектен – Сәкен. Ер­те кезден екеуміз доспыз. Содан Мә­життің әйелі Әмина апай Сей­фолла – Сәкен қара шаңырағының ке­ліні. Әмина апай – сол шаңы­рақ­тың ұйытқысы болған кісі. Сол Әми­на апа мені көрген сайын: «Ма­рат-ау, Ахметті, Міржақыпты жа­зып жатырсың, Сәкенді де жаз­бай­сың ба?» деп жиі айтатын. Әми­на апа Сәкенді «Тәкен» деп атай­тын. Бір күні келсем, Әмина апа қайтыс болыпты. Құран оқы­дық. Сол күні апа түсіме кірді. Тү­­­­сімде Әмина апа: «Марат, Тұр­сын­­бек үйімізде тұрды, оқыды. Бір­ақ олар бір нәрсені айтпады. Со­ны мен айтып едім, тағы да ай­та­мын. Осы жерде қоңыр үй бар, ішін­де құжаттар бар. Сол жерден шы­ғар», – деді. Оянып кеттім. Қоңыр үй дегені – Алматыдағы Абай 39, архив. Сол жерге барсам, құ­жаттары тұнып тұр. Біреуі жаз­баған. Соны алып зерттеп, біраз архивтерді ақтарып, Орынборға да барып, Сәкен мұрасын зерттей бастадым», – дейді ғалым.

1927 жылы шыққан құнды кі­тап­ты музейге Әмина Сейфуллина 1994 жылдың 29 желтоқсанында өт­кізіпті. Музейдің архивінде өт­кіз­ген күні, қолы қойылған папка тұр. Одан бері де отыз жыл өтіпті. Отыз жыл ішінде кітаптың ал­ғаш­қы нұсқасы аударылмағанына таң­дандық. 1936 жылғы нұсқа­сы­нан кейін де лито тарапынан «то­лықтыру» жұмыстары жүргенін біл­­дік. Толықтыру жұмыстары жүр­­­­­гізілетін де себебі бар: социа­лис­­тік идеологиялық саясат қыра­ғы­лық танытып, «қайшымен» қыр­қып отырды. Ал ол цензура Алаш­орда автономиясын тарихта болмаған, құрылмаған етіп көрсетуге, қазақ­ты оқымаған халық етіп ұғындыру­ға аянбай еңбек еткен. Жинақтың бұр­маланып, өзгеріп кетуінің бас­ты себебі осы болса керек. 

«Қазақты «қазақ» дейік, қатені тү­зейік» деген Сәкен Сейфул­лин­нің өз сөзімен айтқанда: «Тар жол, тайғақ кешудің» бұрмаланбаған нұс­қасын қайта аударып, қатені тү­зеткеніміз абзал болар. Бұл енді тарихшы ғалымдардың еншісіндегі дүние болуға тиіс. Әйтпесе, тарих­қа да, қайраткерге де обал жасай­мыз. Тарих пен тарихи тұлғалар үне­мі – ел назарында. Алаш пен Сә­кенді бір-біріне қарсы қойып, сая­саттың сойылсоғар тәсіліне ай­налдыру ұлтымызға опа бере қой­мас. Тарихи әділдікті қаласақ, Сә­кеннің «Тар жол, тайғақ кешуі» түп­нұсқа қалпында халыққа қайта оралуы қажет. Сонда желдің қай жақ­тан соққаны, кітаптың мың сан өзгертілуі және идеологиялық ұстанымдар айырмашылығы ай­қын көрінер еді. Бұл сәкентану ісі­не қосылған үлкен олжа болары анық.

Гүлзина БЕКТАС