Бәйдібекте қасқыр қаптады

Кейінгі айларда Түркістанның тыныш даласы бұрынғыдай емес. Түнде қасқырдың ащы ұлығаны, күндіз үрейге толы ауыл шетіндегі қозғалыс қана естіледі.

Жыл сайын қайталанатын бұл мәселеге жұрт қашан да бейімделуге тырысқанымен, биыл жағдай мүлдем басқаша өрбіді. Әсіресе Бәйдібек ауданында қасқырлардың күрт көбейіп, елді мекенге таяп келуі қарапайым тұрғындарды үрейлендіріп отыр. Таң ата сала өрістегі малдың өлексесін көретіндер көбейген. Кеш бата басталатын тіршілік тіпті өзгерген, бұрын түнгі салқында малын қарап шығатын шаруалар енді қорадан ұзамайды. Балаларын үйлерінен шығаруға қорқатын ата-ана да аз емес.

Ауыл шетіндегі шағын қорасында жылқы бағып отырған Әтірхан Кемелбековтің басы­нан өткерген жағдайы бүгінгі ауыл өмірінің нақты көрінісі. Оның айтуынша, қасқыр қыс­тың көзі қырауда ғана шабатын еді, биыл күзден бастап-ақ мазаны алған. 

– Екі айдың ішінде тоғыз бас малды жұ­тып қойды. Екі құлыннан айырылдым. Қал­ға­нын амалсыз базаға қамап ұстап отыр­мын. Тіпті күндіз де тиеді. Ізін қуып жүріп, жеп кет­кен жерін ертеңіне тауып аламыз, – дейді ол.

Жыртқыштар бұрын ұсақ малға ғана ауыз салып алысқа түспейтін, бірақ биыл жылқы мен сиырға да шаба бастаған. Қаратаудан түсіп, жынысты сайларды мекендеген түз тағы­лары ауылға жиі еніп, тіпті қора маңын торуылдайтын болған. Шаруалар мұны қас­қыр­дың көбеюімен және аңды атуға рұқ­сат болмауымен байланыстырады. Тамыздан бері 12 жылқысынан айырылған Аян Мыңбай да биылғы жағдай бұрын-соңды болмағанын айтады. 

– 12 жылқы аз шығын емес. Ірісі бар, тай-­торысы бар. Бір жыл емес, бірнеше жыл­дың табысын бір-ақ сәтте жоқ қылды. Аңшы­ларға жалынғанмен, оларды шақыратындай мүмкіндік жоқ. Мылтық ұстайтын адам да аз, рұқсат жоқ. Жыртқышқа тек қарап отыра­мыз, – деп күрсінеді ол. 

Ауылдардағы бір қиындық бұрын шаруа­лар өзін-өзі қорғау үшін пайдаланған мыл­тық­тың барлығы мемлекет тарапынан жин­алып алынған. Заң солай, бірақ күн көрісі тү­гел­дей мал шаруашылығына қарап отырған ауыл үшін бұл  әлсіздік. Аңшы жалдау  қым­бат, ал қасқырдың шабуылы тоқтаусыз. Бір ауыл­дан екіншісіне қоныс аударып жүрген жырт­қыштар кезек-кезек Майбұлақ, Жарық­бас, Жаңаталап маңында төбе көрсетіп жүр.

Жергілікті билік бұл мәселеден хабардар болса да, нақты шаралар әзірге баяу. Ауыл әкім­дігі аңшыларды шақыруға бюджеттен қар­жы қарастырылмағанын айтады. Облы­стық аңшылар қоғамына бірнеше мәрте хат жолданғанымен, нәтиже болмай отыр. Бәй­ді­бек ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Қыр­ғызалиев жағдайды бақылауға алғанын мәлімдеді.  

– Мәселені қарап, тиісті мекемелермен сөйлесеміз. Егер аңшылар жіберілсе, қажетті оқ-дәрімен қамтамасыз етеміз. Алдағы бір апта-он күн ішінде қасқыр мен шибөріні аулау жұмыстары жүргізіледі, – деді.

Алайда тұрғындар үшін бұл уәде қазірше жұбату ғана. Қасқыр күн сайын төбе көрсетіп, қауіпті күшейтіп жатқанда, он күн – көп уа­қыт. Түркістан өңірі үшін мұндай жағдай бұ­рын да болған. Былтыр Отырар ауданында шибөрі қаптап, тұрғындар балаларын сыртқа шығаруға қорқатын жағдайға жеткен. Тоғай­ға кеткен мал түгел қайтпаған кездер болды. Кей­бірі жарты жылдың ішінде 20-дан астам жыл­қысынан айырылған. Жабайы жырт­қыш­­тар тіпті үйдің ауласына дейін кіріп, иттің тамағын жеп кеткен жағдайлар жиілеген.

Он жыл бұрын Сарыағаш ауданында бол­ған оқиға да елдің есінде. Қасқыр аулаға кіріп, төрт адамды жарақаттаған. Ал Бәйді­бекте жеті жыл бұрын Жүзімдік ауылында қораға түн ішінде қасқыр шапқаны анықтал­ған. 

Түркістан даласындағы малшылар үшін ең үлкен қорқыныш қасқыр емес, қорған­сыздық. Жыртқышқа қарсы тұратын қару жоқ, оны аулайтын жүйе жоқ, ал жоғалта­тын­дары бүкіл тіршілігі сүйенген төрт түлік.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Түркістан облысы