Елімізде бүгінде 725 мыңнан астам мүгедектігі бар адам бар. Олардың 58%-ы еңбекке қабілетті жаста болса, 26,9%-ы зейнеткерлер, ал 15,1%-ы – 18 жасқа дейінгі балалар. Ендеше осынау онсыз да тағдыр-талайы тауқіметке толы жандардың құқын қаншалықты қорғай алып отырмыз? Осы сұрақтың жауабын бүгінгі ахуалдан іздеп көрген едік.
Қамкөңіл жандардың құқы тапталмасын
1,004
оқылды

Әрине, Қазақстан мүмкіндігі шектеулі жандардың құқын қорғау мәселесінде дамушы елдер арасында көш ілгері екенін атай кету керек. Елімізде Кеңес кезінен қалыптасқан әлеуметтік-гуманитарлық практика бар. Тәуелсіздік алған 30 жылда да бұл мәселе күн тәртібінен түскен емес, жыл санап жетілдіріліп келеді. Сонда да болса, ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін әлеуметтік оқшау қалу, кемсітушілік, инфрақұрылымның қолжетімсізділігі, еңбек нарығындағы тең емес мүмкін­діктер, арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасының төмендігі және тағы да басқа мәселелер әлі де өзекті боп қалып отыр. Оларды шешу үшін мемлекет жүйелі ша­ралар кешенін дәйекті түрде қабылдауда.

Осы ретте ең бірінші кезекте, Қазақ­станда «2025 жылға дейін мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жө­ніндегі Ұлттық жоспар» іске асырылуда екенін атай кету керек. Еліміз 2023 жылы БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясына Факультативтік хаттама ратификациялады. Әлеуметтік кодекс қабылданды. Оның шеңберінде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қор­­ғаудың көп деңгейлі жүйесі енгізілді. Олардың ішінде мемлекеттік көмек және жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер түріндегі қолдау, әлеуметтік оңалту шең­­берінде ағзаның жоғалған функция­ларын өтеу, арнаулы әлеуметтік қызметтер көр­сету, жұмысқа орналастыру сынды басты бағыттар бар. Сондай-ақ республикада мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қамтамасыз етудің үш деңгейлі жүйесі қалыптасқан. Бірінші деңгей (базалық) – мемлекеттік бюджеттен мүгедектігі бо­йынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы. Оның мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейіне байланысты болады. Күнкөріс деңгейінің өсуіне бай­ланысты жәрдемақы мөлшері жыл сайын инфляция деңгейіне көтерілуге кепілдік беріледі.

«2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жәр­демақы мөлшері 7%-ға өсті. Мысалы, жалпы аурудан мүгедектігі бар адамдар үшін жәрдемақы мөлшері былтырғы жылмен салыстырғанда: бірінші топ үшін – 89,2 мың теңгеден 95,5 мың тең­геге дейін; екінші топ үшін – 71,4 мың тең­геден 76,4 мың теңгеге дейін; үшінші топ үшін – 48,7 мың теңгеден 52 мың теңгеге дейін өсті. Биылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша жәрдемақы алушы­­лардың саны 541,8 мың адамды құрайды, ал оның орташа мөлшері – 74 мың теңге. Бұл ретте соңғы 6 жылда мүгедектігі бо­йынша жәрдемақының орташа мөлшері 2,3 еседен астам өсті», – дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.

Екінші деңгей – міндетті әлеуметтік қамтамасыз ету үшін Мемлекеттік әлеу­меттік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер. Олардың мөлшері қызметкердің табысына, жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесіне және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне тікелей байланысты. Үкіметтің шешімдеріне сәйкес МӘСҚ-тен төленетін әлеуметтік төлемдер мөл­шері жыл сайын инфляция деңгейіне байланысты көтеріліп отырады. Мәселен, биыл ол 7%-ға артты. Осы жылғы 1 мау­сымдағы жағдай бойынша 93,7 мың адам еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойын­ша әлеуметтік төлемдерді алды, олардың орташа мөлшері 57 мың теңгеден асады. Үшінші деңгей – егер еңбек ету қабілеті­нен айырылу еңбек мертігуімен немесе кәсіптік аурумен байланысты болса және зардап шеккен жұмыскердің пайдасына жазатайым оқиғалардан міндетті сақ­тандыру шарты жасалған жағдайда сақ­тандыру ұйымынан сақтандыру төлем­дері. Қазір 871 ұйым мүгедектігі бар адамдар үшін арнаулы әлеуметтік қыз­мет­тер көрсетеді. 2025 жылдан бастап ар­наулы әлеуметтік қызметтерді жан ба­сына қаржыландыру енгізілуде, бұл жеке бизнесті тартуға ықпал ететін бола­ды. Бұл шара арнаулы қызмет көрсететін ұйымдардың желісін кеңейтуге және оларды шалғайдағы ауылдық елді мекен­дерге жеткізуге мүмкіндік береді.

Осы және өзге де атқарылып жатқан шаралар мүмкіндігі шектеулі жандардың құқын қорғау бағытында атқарылып жатқаны белгілі. Соның бір парасын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі де айтып берген еді.

«Әлеуметтік кодексті іске асыру ая­сында «сыйымдылығы шағын үйлер» жобасы басталды. Оның мақсаты – тұр­ғылықты жері бойынша мүгедектігі бар балаларды күндізгі күтіммен және әлеу­­меттендірумен қамтамасыз ету, сондай-ақ ата-аналарға жұмысқа орналасуға мүм­­кіндік беру. Қазақстанда мүгедектігі бар адамдар үшін 35 оңалту орталығы жұмыс істейді. Мемлекет басшысының тапсыр­масы бойынша 2025 жылға дейін ересек­тер мен балаларға арналған тағы 12 оңалту орталығын салу жұмыстары жүргізілуде. Орталықтар Семей және Тараз қалала­рында ашылған. Биыл Кентау және Ақтөбе қалаларында орталықтардың құрылысы аяқталады деп күтілуде. Соны­мен қатар еліміздің алты өңірінде – Шығыс Қазақстан, Павлодар, Жетісу, Жамбыл, Қостанай облыстары және Шымкент қаласында аутизм спектрі бұзылған және басқа да ментальдық бұзу­шылығы бар балаларға арналған күндізгі болу орталықтары ашылды», – дейді ол.

Елімізде бірнеше жылдан бері мү­ге­дектігі бар адамдарға оңалтудың техни­калық құралдары мен қызметтерін өнді­рушілер мен жеткізушілерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік беретін Әлеуметтік қызметтер порталы жұмыс істеп келеді. Портал оңалтудың жеке бағдарламаларын орындау көрсеткішін 93%-ға дейін арт­тыруға, сондай-ақ тауарлар мен қыз­мет­терді ұсыну процестерінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Есту және көру қабілеті нашар адамдар үшін Порталдың қолжетімді мобильді нұсқасы енгізілді. Одан бөлек, бірінші топтағы мүгедектігі бар 29 мыңнан астам адамға жеке көмекшілердің, 8 мыңнан астам мүгедектігі бар адамға ымдау тілі мама­­нының қызметтері ұсынылып отыр. Рес­публика бойынша 147 инватакси қызметі жұмыс істейді, олардың қызметтерін 25 мыңға жуық адам пайдаланады. Осы­нау санаттағы жандарды жұмысқа орна­ластыру мәселесі де күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі.

«Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту үш бағыт бойынша жүзеге асы­рылады. Біріншісі, ауыр жұмыс­тардағы, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұ­мыстардағы жұмыс орындарын есепке алмағанда, жұмыс орындары санының 2-ден 4%-на дейінгі мөлшердегі жұмыс орындарын квоталау. 2023 жылдың қорытындысы бойынша 8 мыңға жуық мүгедектігі бар адам жұмысқа орналас­тырылды. 2024 жылдың бірінші тоқса­­нының қорытындысы бойынша 4 мың адам жұмысқа орналастырылды. Екін­шісі, жұмыс берушілерге арнайы жұмыс орындарын жабдықтау бойынша жаб­дықтарды сатып алу, монтаждау және орнату шығындарын өтеу үшін субси­диялар беру. Осы тетік шеңберінде жұ­мысқа орналастырылған мүгедектігі бар адамдардың жалақысы үш жыл ішінде субсидияланады. 2018 жылдан бастап субсидиялау шеңберінде 600-ден астам жұмыс орны ұйымдастырылды. Үшіншісі, мүгедектігі бар адамдарды кәсіптік оқы­туды, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытуды, бос жұмыс орындарына және субсидия­ла­натын жұмыс орындарына жұмысқа орналастыруды көздейтін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шара­ларына тарту. Жыл басынан бері аталған шаралармен 11,6 мың мүгедектігі бар адам қамтылды, оның ішінде 8,3 мың адам жұмысқа орналастырылды, 1,8 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылды», – деді министр.

Бұдан басқа 2023 жылдан бастап халықтың әлеуметтік осал топтарына бизнесті дамытуға 400 АЕК-ке дейінгі мөлшерде гранттар беріліп келеді. Қазір 702 мүгедектігі бар  адам осындай қолдауға ие болды. Қазақстанның барлық өңірінде мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді және кедергісіз орта құру бойынша жұ­мыстар жоспарлы түрде жүргізілуде екен. Қолжетімділіктің интерактивті картасы сайтына енгізілген нысандарды бейімдеу бойынша 35 мыңнан астам басым нысандар анықталды. 2021-2022 жылдары 8 мыңнан астам нысан бейім­делді. 2023 жылдан бастап 2027 жыл­ға дейін жыл сайын кемінде 5 мың объект (5 жылда 27 мың) бейімделуге тиіс. 2023 жылдың қорытындысы бойынша 2021-2022 жыл­дарды ескере отырып, 13 857 ны­сан бейімделді.

2023 жылғы 1 шілдеде Әлеуметтік кодекстің қабылдануына орай елімізде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнаманың сақталуын бақылауды жүзеге асыру құзыретіне кіретін мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторлары институты енгізілді. Былтыр әлеуметтік инспектор барлығы 1 127 тексеру, 2024 жылдың басынан бері 1396 тексеру жүргізді. Өңірлердегі әлеу­меттік инспекторлар мүгедектігі бар адам­дардың заңды құқықтарын қамта­масыз ету үшін әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінде бейімдеу іс-шараларын жүр­гізуде оң динамиканы атап өткен жөн.

Нұрлан ҚОСАЙ