Ақтауда «АМАNАТ» партиясының қолдауымен Маңғыстау облысы әкімдігі ұйымдастырған Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрында республикалық командалық айтыс өтті. Аламан додада Маңғыстау және Атырау облыстарының ақындары мен дәстүрлі өнер өкілдері бақ сынады.
Ақтаудағы аламан дода
927
оқылды

Ауқымды республикалық мегажобаның алғашқы кезеңі 20 команданың қаты­суымен өтіп, үздік 10 команда анықталады. Екінші кезеңде 10 команданың ішінен 4 мықты команда келесі кезеңге жолдама алады. Үшінші кезеңде анықталған 2 ко­манда 2025 жылы Астана қаласында өтетін ақтық сайысқа қатысады.

Аламан айтысты елімізге белгілі ай­тыскер ақын, Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фрак­циясының мүшесі Аманжол Әлтай жүргізді.

«Айтыс – шешендік өнердің баға жетпес мұрасы. Келелі сөз бен кестелі ой­ды өлеңмен жеткізіп, көпшілікке рухани кеш сыйлаған жыр сүлейлеріне алғыс айта­мын. Республикалық командалық ай­тыс­тың алғашқы додасы Қызылорда қала­сында басталып, кейін Түркістан мен Жез­­қазған қалаларында жалғасын тапты. Бүгінде Маңғыстау төріндегі аламан айтыс та көптің көңілінен шықты деген үмітте­мін», – деді ол.

Айтыс шарты бойынша әр командада төрт айтыс ақыны, бір термеші, бір жыр­шы, бір дәстүрлі әнші және бір күйші бо­лу­ға тиіс. Ақындар айтыстың түре, сүре, қа­йым, өтірік өлең айтысы түрлерінен сынға түседі. 

Жүйрік тілді командалық ақындар ай­тысында дүбірлі топты жарып, рес­пуб­ли­калық командалық айтыста Маң­ғыстау облысының ақындары 187 ұпаймен басым түсіп жолдама иеленді.

Командалық айтысқа Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Отан» орде­нінің иегері Жүрсін Ерман бастаған қазы­лар алқасы баға берді.

Өнер бәсекесін «AMANAT» партиясы Саяси жұмыс департаментінің директоры Еркебұлан Жаулыбаев, Маңғыстау облысының әкімінің орынбасары Тілеген Әбішев, басқарма, департамент басшы­лары, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, өнер ұжымдары, азаматтық қоғам ұйымдарының өкілдері, жалпы көпшілік тамашалады.