Кеше Астанада мектептердің мұғалімдері және колледждер мен университеттердің оқытушылары біліктілікті арттыру курстарынан өту үшін жиналды. Олардың барлығы – «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» қаржылық сауаттылығын арттыру жобасының болашақ тренерлері.
80 мың адам қаржылық сауатын арттырды
957
оқылды

10 млн жұмыс істейтін қазақстан­дықтардың 9 млн-да несиеcі бар, ал тізі­лімдегі борышкерлердің жалпы саны 3,4 млн адамды құрайды. Тұтынушылық несиелердің жалпы көлемі 5 трлн теңгеге өсіп, 2023 жылы 18,2 трлн теңгеге жетті, бұл елдің жылдық бюджетінің 75%-на тең. Сарапшылардың бағалауы бойынша елдегі барлық студенттің 80%-ында не­сие бар. Партия хатшысы Эльдар Жұ­мағазиевтің айтуынша, халықты не­­сиелендіру мәселесін жүйелі түрде шешу үшін білім беру мекемелерінің бағдар­ламасын қайта қараудан бастау керек.

 «Өздеріңіз білетіндей, партия «Қа­рызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыру жө­нінде тың бастама көтерді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны қолдап, оның ауқымын жалпыхалықтық деңгейге шығаруды тапсырды. Бұл жұмысқа Үкі­мет пен Ұлттық банк қосылды. «Қа­­рыз­сыз қоғам» жобасы қарызға белше­ден ба­тып, үмітін үзгендерге нақты қолдау көрсетеді. Жоба қолда бар қара­жатқа өмір сүруге, қажетсіз несиеден бас тарту­ға үйретеді. Барлық аймақтағы азаматтар бұл жобаға қолдау білдіріп, оны жалғас­тыруды сұрап отыр», – деді ол.

Партия хатшысы 2024 жылы барлығы 100 мың студент пен 450 мың оқушы қаржылық сауаттылық бойынша білім алатынын атап өтті. Қосымша 200 мың адам оқу курстарынан өтеді. Осылайша, жобамен 750 мың адам қамтылады. Биыл­­ғы жылы 80 мыңнан астам адам қаржылық сауаттылық бойынша оқудан өтті.

Сонымен қатар қазір оқушылар «Жа­һандық құзыреттілік» пәні арқылы қар­жы саласы туралы жаңа білім алуда. Ол үнемі ата-аналар қауымдастығының, сарапшылардың және мектеп оқушыла­­рының сынына ұшырап келеді. Мәселені терең зерттеу үшін осы жылдың 1-5 сәуірі аралығында арнайы сауалнама жүргізілді. Зерттеуге «жаһандық құзыреттілік» пәні бойынша қаржылық сауаттылықтан сабақ беретін педагогтер, сондай-ақ оқу­шылар мен олардың ата-аналары қа­тысты. Респонденттердің жалпы саны 500 мыңнан асты.

 «Әр бесінші оқушы «Жаһандық құзыреттілік» сабағы қызықтыр­­­май­ты­нын айтты. Оның бірнеше себебі бар: пән кестеде 7-ші немесе 8-ші сабақ ре­тінде тұр, тақырыптар мүлдем қызықсыз, ал интернеттегі материал керісінше қы­­зықты. Сонымен қатар осы пән бойын­ша сабақ беретін мұғалімдері жоқ. Са­бақты тарих, көркем еңбек, дене­шы­­нық­тыру және қазақ тілі мұға­лімдері жүргі­­зеді. Соған қарамастан сауалнамаға қа­тыс­қан оқушылардың 60%-ы қар­­жылық сауат­тылықтың маңызын атап өтті. Ата-аналар да олармен келіседі. Рес­пон­денттердің 78%-ы балалары қар­жылық сауатты­­лықты зерттеуге ниетті екенін жет­кіз­ді», – деді Эльдар Жұма­ғазиев.

«Қарызсыз қоғам» жобасы былтырғы жылдың 2 мамырында Halyk bank қол­дауы­мен пилоттық режимде басталды. Жобаны іске асыру барысында 150 мың­ға жуық адам оқудан өтті. Сарапшы­­­­лардың дәрістерінен басқа, жобаға қатысушылар enbek.kz порталына тір­келуден бастап сұрақтардың кең ауқымы бойынша және соттан тыс банкроттық сүйемелдегенге дейін ЖК ашу, берешекті өтеу кестесін жасау бойынша кеңес алады. Сондай-ақ оқу процесінде қаты­сушыларға адвокат­­тардың көмегіне кепілдік беріледі. Олар әр қарыз алушы­ның несиелік тарихын жеке зерттейді және қарыз жүктемесін жеңілдету бо­йынша практикалық кеңестер береді.

Айта кету керек, биыл жобаны іске асыруға 12 коммерциялық банк пен 11 мемлекеттік орган қатысады. Тілек білдірушілерге ыңғайлы болу үшін qogamfin.kz. онлайн-платформасы әзір­ленді. Сайт арқылы оқуға жазылуға, пайдалы материалдар мен бейне сабақ­тарды жүктеп алуға болады. Оқыту 50 адамға дейінгі топтарда күндізгі форматта өтеді. Сабақтың ұзақтығы – 5 жұмыс күні.