Мәжіліс депутаттарының өңірлерге сапары жалғасуда. Каникулға шыққан мәжілісмендер бүгінде дәстүр бойынша халықпен кездесіп, мекемелерді аралап, жүргізіліп жатқан жұмыстар барысымен танысуда. Соның ішінде басты назар «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасына салынып отыр.
Ел тынысымен етене
1,038
оқылды

Үржарлықтарға заңнама нормалары түсіндірілді

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фрак­циясының мүшесі Нұртай Сабильянов Абай облысына сапары аясында Үржар ауылында қоғамдық қабылдау өткізді. 

Қоғамдық қабылдау жұмысы барысында аза­маттарға құқықтық кеңестер беріліп, әлеуметтік мәселелердің заңнамалық нормалары түсіндірілді. Сондай-ақ кездесу барысында ауылдағы қордаланып қалған бірқатар проблема көтеріліп, түйінді сұрақтар талқыланды. Тұрғындардың бірі жол мәселесін қозғаса, өзгелері өңірдегі медициналық көмекті жетілдіру керегін алға тартты.

Ауыл ақсақалы Пітәт Ахметжанов өңірдегі ауылдардың әкімшілік бөлінісін қайта қарауды сұрады.

«Өңірде жаңа облыс пайда болған кезде ауылдар да екі жаққа бөлінді. Таскескен, Қарақол ауылдары Аягөз ауданынан бөлініп кетті. Алайда Қарақол су қоймасы біз үшін өте керек. Өйткені ауылда көкөніс егіп, күн көріп отырған шаруа көп. Бірақ, өкінішке қарай Қарақол мен Таскескен Үржар ауданына қосылып кетті. Соларды Аягөз ауданына қайта қосып берсеңіздер деген өтінішіміз бар», – деді қария.

Өз кезегінде Нұртай Сабильянов бұл мәселенің ең алдымен жергілікті жерде талқылануы тиіс екенін атап өтті. Тұрғындардың ұсынысы облыс деңгейінде қолдау тауып жатса, мәселе Үкімет қабырғасына да жететін болады. 

«Жалпы бұған дейін де қай елді мекенді қай ау­данға қосу мәселесі жан-жақты жүйелі түрде қа­растырылған. Жалпы, бұл мәселені жергілікті билік пен мәслихат бірлесіп шешуге тиіс. Яғни, бұл жерде жергілікті атқарушы орган тиісті шешімін қабыл­дағаннан кейін оны облысқа жібереді. Егер облыс қолдаса, онда бұл мәселе Үкіметке жолданады. Содан кейін ғана ұсыныс енгізілетін болады. Ал енді Қарақол су қоймасына келер болсақ, бұл мәселе Мәжілісте көтерілген. Ең алдымен жобалық-сметалық құжаттар жасалды. Одан кейін барып қана оған күрделі жөндеу жүргізіледі. Бұл су қоймасына кезінде қаражат бөлінген, бірақ дұрыс игерілмеген. Ендігі ретте бұл мәселе біздің назарымызда болады», – деді депутат.

Кездесуге Мәжіліс депутатынан бөлек, жергілікті билік өкілдері де қатысты. Тұрғындардың шағымын ауыл әкімі де өз бақылауына алып, тиісті жұмыстарды атқаруға уәде берді.

Орман шаруашылығы мәселелері талқыланды

Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фрак­циясының мүшелері Нұржан Әшімбетов, Вера Ким және Жарқынбек Амантайұлы өңірлерге сапары барысында Павлодар облысындағы «Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи орманына барды.

Мұнда депутаттар орманшылармен кездесіп, қорықтың алдағы өрт қаупі кезеңіне дайындығын тексерді. «Ертіс орманы» бас директорының міндетін атқарушы Қазбек Аметовтің айтуынша, техника паркін жаңарту жұмысы жалғасып жатыр. Атап айтқанда, 8 трактор сатып алынған.

«Біз Бурабай паркінен кейін екінші болып, ерте анықтау жүйесін орнаттық. Биыл сәуір айынан бастап 23 бейнебақылау мұнарасы іске қосылды. Оның кейбірі ақпаратты интернет арқылы емес, телефон желісі арқылы жібереді. Мәселен, 70 өрт ошағының 50-і осы камералар арқылы анықталды. Қызмет­­керлерді жаңа техникамен қамтамасыз ету жұмысын жалғастыру – аса маңызды», – деді ол.

Өз кезегінде «Ертіс Орманы» орман шаруашы­­лығын қорғау қызметінің бөлім басшысы Қобыланды Атығаев былтыр орманшылардың жалақысы өскенімен, осы салада жұмыс істейтін жүргізушілер мен өрт сөндірушілердің еңбекақысы жоғары­ламағанын айтты.

«Сала ардагерлері біртіндеп зейнетке шығып жатыр. Ал жастар қауымы бізге жұмыс істеуге келмейді. Жүргізушілер, тракторшылар, тазалаушылар және өзге де жұмысшылар азаматтық қызметкерлер санатына жатпайды. Бұған қоса, олар ауылдық жерде жұмыс істегені үшін 25 пайыз үстемеақы да ала алмайды. Олардың медициналық жәрдемақысы жоқ. Жалақысы төмен жұмыс орындарында адамдар ұзақ уақыт еңбек етпейді», – деді ол.

Бұл ретте, Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылғы 1 шілдеден бастап тек өрт сөндірушілердің жалақысы көтерілгенін түсіндірді. Болашақта техникалық персоналдың жалақысын 2 есе өсіру қажет.

«Біздің мақсат-міндетіміз – қайғылы оқиғалардан сабақ алып, жағдайдың қайталануына мүлдем жол бермеу. Тиісті жұмыс жүйелі жүргізілуде. Жабдықтарды жаңарту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Орман шаруашылығы мекемелерін толғандырған бұл мәселе өнеркәсіпті дамыту қоры ұсынатын 3 пайыздық лизинг арқылы шешіледі», – деді депутат.

Ал депутат Вера Кимнің айтуынша, орман шаруашылығы саласына кадр тарту үшін «Дип­ломмен – ауылға!» сияқты түрлі мемлекеттік бағ­дарлама ұсынатын мүмкіндіктерді пайдалану қажет.

«Орман шаруашылығы бейініне сәйкес келетін жоғары оқу орындарын тәмамдаған жас мамандар шалғайдағы орман шаруашылықтарына жұмысқа орналасуға асықпайды. Себебі оларға баспана мен жайлы өмір сүру жағдайын ұсынатын мүмкіндік жоқ. Кадрларды ұстап қалу үшін салада жұмыс істеп жатқан жергілікті жас мамандарға және жалпы жастарға аудан әкімдіктерінен ауданда сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім беру гранттарын ұсыну, біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру, көтерме жәрдемақы төлеу, тұрғын үй, жұмыс орнын ұсыну тәжірибесін кеңейту қажет», – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін депутаттар Екібастұз қаласына жұмыс сапарымен барып, жылу желілерін қайта құру және ЖЭО жөндеу жұмысының барысымен танысты. Сонымен қатар мәжілісмендер Баянауыл, Успен, Тереңкөл және өзге де аудандардың тұр­ғын­дарымен бірқатар кездесу өткізді.

 

Мектеп құрылысын дер кезінде аяқтау маңызды

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фрак­циясының мүшесі Данабек Исабеков Шымкент қаласының Абай ауданындағы Жаңа Тұрлан ша­ғынауданында болды. Депутат партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатқан 1 200 орындық жаңа мектеп құрылысының барысымен танысты.

Қалада «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 18 мектеп салу жоспарланған. Оның 17 300 орындық 12-сі биыл, қалған 6 мектеп 2025 жылы пайдалануға беріледі. Сайлаушылармен кездесуде депутат Данабек Исабеков құрылысты дер кезінде аяқтап, балалардың білім алуына қолайлы жағдай жасаудың маңызды­лығын атап өтті.

«Біз балаларымыздың білім алуы үшін заманауи және қауіпсіз жағдай жасауға ұмтыламыз. «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынған мектептер соңғы технологиямен жабдықталады. Оның ішінде мобильді трансформациялық үстелдер, заманауи зертханалар және жоғары жылдамдықты интернет бар. Біздің басты міндетіміз – оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасау», – деді Данабек Исабеков.

«Жайлы мектеп» жобасында мектептерді бас­тауыш және орта сыныптарға арналған жеке блок­тармен, әмбебап акт залдарымен, балаларға арналған жеке шкафтармен, оқу-зертханалық жабдықтармен, жоғары жылдамдықты интернетпен жабдықтау көзделген. Сондай-ақ физика, химия және биология, робототехника кабинеттері мен STEM-зертханалары болады. Қауіпсіздік мәсе­лелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Мектеп ғимараттары террористік қауіп­тердің алдын алу үшін бейнебақылау және дыбыстық ескерту жүйелерімен, сондай-ақ есік пен блокты құлыптау функциясымен жабдықталады. Оқу­шылардың спортпен шұғылданып, саламатты өмір салтын ұстануы үшін бастауыш және жоғары сынып оқушыларына спорт залдары мен түрлі ойын алаң­дары салынады. Әр мектепте өз кітапханасы, оқу залы, электронды кітапхана және әр қабатта коуор­кинг алаңдары бар.

Айта кету керек, былтыр «АМАNАТ» партия­сы­ның сайлауалды бағдарламасы аясында Шым­кентте 15 мектеп салынып, 3 мектеп кеңейтілді.

 

Алматы метросының құрылысымен танысты

Мәжіліс депутаттары Айдос Сарым және Сергей Пономарев Алматы қаласындағы «Қалқаман» метро стансасының құрылысымен танысты. Нысан Абай даңғылы бойында Әшімов пен Айбергенов көшелерінің арасында салынып жатыр.

Наурызбай ауданындағы «Қалқаман» метро стансасы 2026 жылы пайдалануға берілуі керек. Құрылыс барысында сол жақ туннельде 936 метр, оң жақ туннельде 559 метр қазылған. Газбен жабдықтау, электр жүйесі, телекоммуникациялар мен су құбы­рының сыртқы желілерін көшіру жұмыстары жоспар бойынша жүргізілуде. Депутаттар жұмысшылармен сөйлесіп, құрылыс жұмыстарының кестесімен танысты.

«Жалпы метро құрылысшыларының сауатты және сапалы жұмысын атап өткім келеді. Сонымен қатар «Қалқаман» стансасына дейінгі желі құрылысы 2,5 жылдан бері жүріп жатыр, ал мегаполис кептелістен көз ашпай отыр. Жұмыс ұзаққа созылып барады, құрылыс үшін жер учаскелерін, жеке үйлерді сатып алу қажет, ал иелері сатқысы келмейді, өтемақы сомасына келіспейді. Адамдар соттасып жатыр, тіпті, кей істер Жоғарғы Сотқа дейін жеткен жағдайлар бар. Осы уақыт ішінде жобаның қымбаттауы, қайта бағалау, мемлекеттік сараптама қажет болады. Өз тарапынан, депутаттар заңнамалық деңгейде қолдау көрсетіп, республикалық бюджеттен қаржы бөлінуіне көмектесетін болады», – деді мәжіліс депутаты Сергей Пономарев.

Айта кету керек, бұл жоба «AMANAT» пар­тия­сының Алматы қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасының «Ыңғайлы көлік жүйесі» бөліміне енгізілген, ол 4 стансаның құрылысын қамтитын метро желісін 7,2 шақырымға ұзартуды көздейді. Бұл жолаушылар ағынын тәулігіне 100 мың адамға дейін арттыруға және қазіргі трафиктегі жүктемені азайтуға мүм­­­кіндік береді. 2030 жылға дейін «Бар­­лық» базарына дейін тағы үш станса салу жос­парлануда, онда Батыс авто­вок­залын қамтитын ірі мульти­­модальды кө­ліктік-ауы­сымдық торап құрылатын болады.

Бұған дейін Мәжіліс депутаттары қаладағы ЖЭО-2-ні жаңғырту жұмыстарымен танысып, газ отынына көшу 2026 жылы аяқталуы тиіс екенін мәлімдеген еді. Сондай-ақ халық қалаулылары бірқатар еңбек ұжымымен кездесіп, азаматтарды қабылдап, әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралады.

Су тасқынынан зардап шеккендермен кездесті

Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Большая Малышка ауылында көктемгі су тасқыны кезінде 300-ден астам үй зардап шеккен болатын. Бүгінде аталған елді мекенде оларды қалпына келтіру жұмысы қарқынды жүргізілуде.

Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Еркебұлан Мәмбетов пен Дмитрий Колода, сондай-ақ Сенат депутаты Әсем Рахметова жүргізіліп жатқан жұмыс барысымен танысып, тұрғындардың сұрақтарына жауап беру үшін ауылға келді.

Большая Малышка ауылында 321 үйдің 66-сы апатты жағдайда деп танылды. Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың бір бөлігі осы аудандағы іргелес ауылдарда және Петропавлда жаңа тұрғын үй алуға тиіс. Ал енді бір бөлігі үй жөндеуге қажет материалдық көмек алды. Павел Вожжовтың үйі бір айға жуық уақыт 1,5 метр су астында қалды. Қазір күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде.

«Үйді қалпына келтіруге 5 млн 700 мың теңге бөлінді. Менің ойымша, бұл жеткілікті. Материалдар сатып алынып, жөндеу жұмыс басталып кетті. Оны мерзімінде аяқтау – аса маңызды. Қазірдің өзінде бөренелер ауыстырылып, еден төселді. Жөндеу жұмысы шілде айының соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Құрылысшылардың атқарып жатқан жұмысына дән ризамын», – деді Павел Вожжов.

Алайда тұрғындардың бәрі бірдей сарапшы-бағалаушылардың пікірімен келісе бермейді. Мәжіліс депутаттары бұл Солтүстік Қазақстан облысы азаматтарын толғандырған ең өзекті мәселенің бірі екенін атап өтті. Су тасқынынан зардап шеккен тұр­ғындар сметаны қайта қарауды, қосалқы құрылыс нысандарын заңдастыруға қол ұшын созуды, сондай-ақ меншік құқығының болмауына байланысты мәселелерді шешуге көмек көрсетуді сұрап отыр. Депутаттар әр жағдайға терең үңіліп, тұрғындарға өтемақы алу тәртібін түсіндіруде.

«Облыста зардап шеккен азаматтардың 90%-ы – Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданының тұр­­ғындары. Бұған дейін біз өтемақы төлеу ережелеріне назар аудардық. Өтемақы тек адам сол тұрғын үйде тіркелген жағдайда ғана төленеді деген норма болды. Мұны дұрыс емес деп санап, депутаттық сауал жолда­дым. Бейінді министрлік бұл тармақты алып тастап жатыр», – деді Мәжіліс депутаты Дмитрий Колода.

Большая Малышка ауылында 900-ге жуық адам тұрады. Бүгінде ауылда жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт салынуда. Нысанды күзде пайдалануға беру жоспарланған болатын. Алайда құрылысшылар су тасқынына байланысты жұмысты мерзімінде аяқтап үлгере алмай жатыр. Бұл мәселені депутаттар ба­қылауға алды. Қызылжар ауданында су тасқынынан барлығы 1 546 үй зардап шекті. Бүгінде аудандағы 60-қа жуық тұрғын жаңа үйлерге қоныстанды.

 

«Атырау Су арнасын» жаңғырту – депутат бақылауында

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов «Атырау Су арнасы» еңбек ұжымымен кездесіп, кәсіпорынның жұмысымен танысты.

Қазір су сорғысы және сүзу стансаларын жаңғырту бойынша екі жоба іске асырылып жатыр, олардың құны 10 млрд теңгені құрайды. Депутат аймақтағы кәріз және тазарту құрылыстарының дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

«Бүгінде Атырау қаласында коммуналдық желі­­­лерді жаңғырту, 33,2 шақырым кәріз жүйесінің күрделі жөндеу жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Сондай-ақ Сәтпаев даңғылы бойынша кәріз коллекторын жөндеу жұмыстары жалғасуда. Қалада және жақын маңдағы елді мекендерде тозығы жеткен 60,1 шақырым кәріз құбырына күрделі жөндеуде. Ең алдымен Құлманов, Сәтбаев, Канцев, Өтемісов және Момышұлы көше­леріндегі жалпы ұзындығы 30,7 шақырымды құрайтын апатты желілер жөнделетін болады.

Қыркүйек айында Мәжіліс депутаттары респуб­ликалық бюджет жобасын қарайды. Сол кезде біз Атырау қаласының су құбырларын жөндеуге қажетті келесі жылғы қаржыландыру мәселесін шешуге ты­ры­самыз. Бұл бірлескен қаржыландыру болады, бір бөлігі – облыс бюджетінен, екіншісі – республикалық бюд­жеттен. №6 сорғы-сүзгі стансасының тозуы 95 па­йызға жетті, бұл 1940 жылы салынған ғимарат. Жо­балау-сметалық құжаттама дайын, қазір мемле­кеттік сараптама кезеңінде тұр», – деді Дүйсенбай Тұрғанов.

Депутат сондай-ақ, жазғы уақытта қала маңындағы тұрғындар суармалы су үшін пайдаланатын судың тапшылығына назар аударды. Оның пікірінше, алдағы 2-3 жылда сумен қамтамасыз ету мәселесі шешілетін болады. 

Айта кету керек, «AMANAT» партиясының Атырау облысы бойынша сайлауалды бағдарламасы аясында 2027 жылға дейін 14 ауылға су құбырларын тартып, 5 ауылда су тазарту блок модульдерін орнату, сондай-ақ Атырау және Құлсары қалаларындағы су тазарту құрылыстарын жаңғырту жоспарланған.