Азаматтардың құқықтарын қорғау – «AMANAT» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің басты басымдығы.
Халық пен билік арасындағы көпір
www.istockphoto.com
749
оқылды

«AMANAT» партиясының еліміздегі қоғамдық қабылдау бөлмелері өз жұмысын жалғастыруда. Өткен аптада партияның ел аумағындағы қа­­был­дау алаңдарында министрліктер өкілдерінің, Мәжіліс және мәслихаттар депутаттарының, сон­дай-ақ өзге азаматтардың қатысуымен бірқатар кездесу өтті. Мәселен, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбіл­қасымова өмірдің қиын жағдайына бай­ланысты несиесін уақытылы өтей алмаған қара­ғандылық зейнеткерге көмектесті. Жұбайы мүге­дектігі бар адам болғанына қарамастан, банк оны қайта қаржыландырудан бас тартыпты. Мәдина Әбіл­қасымова сот арқылы банкроттық рәсімдеуді ұсынып, қолданыстағы несиені өтеу үшін қа­рияның зейнетақысын ұстап қалмауды тапсырды.

Ал Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фрак­ция­сының мүшесі Гүлдара Нұрымоваға Ақмола облысы Қосшы қаласының бір топ тұрғыны жүгінді. Осыдан 13 жыл бұрын ондаған отбасы жер учаскелерін сатып алыпты. Алайда үй құры­лысын әлі күнге дейін бастай алмай отыр. Депутат бұл мәселені жер инспекциясымен бірге ерекше бақылауға алды. Сондай-ақ азаматтарды қабылдау барысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровқа қоғам қайраткері Жамилә Садықова жүгініп, темекі және алкоголь өнімдеріне қатысты қолда­ныстағы акциздерді қайта қарауды ұсынды.

Жалпы, өткен аптада «AMANAT» партия­­сының ел аумағындағы қоғамдық қабылдау бөл­мелерінде 2 000-ға жуық азамат қабылданып, 3 000-нан астам өтініш келіп түсті.