Мәжілістегі «AMANAT» фракциясы партияның сайлауалды бағдарламасының орындалуы бойынша Үкімет есебін тыңдады.
Үкімет есебі тыңдалды
612
оқылды

Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының кеңей­тіл­ген жиынында депутаттар Үкімет мүшелерімен бірге партияның сайлауалды бағдарламасының жүзеге асырылу барысын талқылады. Мәселен, былтыр елімізде 17 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға бе­ріл­ді, 165 мектеп пен 611 балабақша ашылды, 470 мыңнан астам жас азамат жұмысқа орналас­тырылды.

Сөз басында Мәжіліс Спикері, «AMANAT» пар­тия­­сының Төрағасы Ерлан Қошанов «AMANAT» парламенттік көпшілік партия ретінде Мемлекет басшысына Премьер-Министрдің кандидатурасын ұсынғанын және Үкімет құрамын жасақтауға тікелей атсалысқанын еске салды. Сондықтан «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасының сапалы орын­­далуы – партияның, депутаттық корпустың және Үкі­меттің ортақ жауапкершілігі.

«Сайлауалды бағдарлама – біздің басты құжатымыз. Бұл – ел дамуына дауыс берген миллиондаған отан­дасымыздың сенімі. Сондықтан халықтың үмітін ақ­тап, осы уәделерді орындау – біздің ортақ жауап­кершілігіміз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға қарай ел экономикасын екі есе арттыру міндетін қойды. Мұның бәрі партияның сайлауалды бағдар­ламасында және бекітілген Жол картасында көзделген. Үкіметпен де келісілген. Бұған салалық министрліктер мен фракция мүшелері тікелей жауап береді», – деді Ерлан Жақанұлы.

Сонымен қатар партия Төрағасы партияның сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша Жол картасын жүзеге асырудағы оң динамикаға назар аударды. Мәселен, тұрғын үй қолжетімділігін арттыру үшін 2023 жылы 17 млн шаршы метр баспана салынды. Ал Жол картасы бойынша 15,5 млн шаршы метр тұр­­­ғын үй салу көзделген болатын. «Жер аманаты» жоба­­сы аясында 10 млн гектардан астам ауыл шаруашы­лығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды.

Өз кезегінде Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Үкіметтің атқарған жұмысы туралы баян­дады. Ол экономиканы дамыту, бизнесті, ауыл шаруа­шы­лығын, өндірісті қолдау, азаматтардың табысын арттыру, әлеуметтік саясатты жақсарту, жұмыспен қамту мәселелерін шешу, өңірлердің инфрақұры­лымдық дамуы және өзге де маңызды бағыттар бо­йынша қабылданған шараларға егжей-тегжейлі тоқ­талды.

«Үкімет өзінің барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындауда. Бұл мақсаттарға республикалық бюджеттің 40%-дан астам қаражаты бөлінеді. Мәселен, был­тырдан бастап атаулы әлеуметтік көмек шеңберінде 1 жастан 6 жасқа дейінгі әрбір балаға 1,5 АЕК мөл­ше­рінде қосымша төлем белгіленді. 2023 жылы бұл тө­лемді 186,8 мың бала алды. Бұған қоса, биыл базалық зей­нетақының ең төменгі мөлшері 65%-ға, ал ең жоғары мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 105%-ы­на дейін ұлғайтылды. Айта кетейік, бүгінде Қазақстан ТМД елдері арасында ең жоғары орташа зейнетақы мөлшеріне ие», – деді ол.

Сонымен қатар түрлі санаттағы азаматтардың: әскери қызметшілердің жалақысы – 50%-ға, төтенше жағдайлар қызметкерлерінің жалақысы – 40%-ға, дәрігерлердің еңбекақысы – 30%-ға, ме­дицина қыз­меткерлерінің жалақысы – 20%-ға, мәдениет және архив ісі қызметкерлерінің ең­бек­ақы­сы 20%-ға өсті. Сондай-ақ былтыр 67 мың орын­дық 611 мектепке дейінгі мекеме және 137,8 мың орындық 165 мектеп ашылды. 473 мың жас азамат жұмысқа орна­лас­ты­рылды. Премьер-Министр­дің орынбасары тұрғын үймен қамтамасыз ету шара­ларына жеке тоқталды.

«Жыл соңына дейін 18 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда. Биыл жалға берілетін тұрғын үй құрылысына «Самұрық-Қазынадан» алғаш рет 272 млрд теңге бөлінді, оның 40%-ы аудандық дең­гейдегі тұрғын үй құрылысына арналған. Сондай-ақ биыл «Отбасы банк» желісі бойынша 20 мың отбасына 7-9% жеңілдікпен несие беру жоспар­лануда», – деді Н.Бай­базаров.

Премьер-Министрдің орынбасары 2023 жылы шикізаттық емес тауарлар мен қызметтердің жалпы экс­пор­ты 35,6 млрд АҚШ долларын құрағанын айтты. Ол сондай-ақ депутаттарды ауыл шаруашылығын мемле­кет­­­­тік қолдаудың жүйелі шаралары туралы хабардар етті. Бү­гін­де «Ауыл аманаты» жобасы ая­сында 89,9 млрд теңге сома­­сы­на 14,2 мың шағын несие берілді. Бұл қадам 15,7 мың­нан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді.

«AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жыл­қыбаев жергілікті жердегі партиялықтар жауапты мем­лекеттік органдармен бірге сайлауалды уәделердің жү­зеге асырылуына тұрақты мониторинг жүргізуді жал­ғастырып жатқанын атап өтті.

«Бүгінде салынып жатқан нысандарда 600-ден астам партиялық бақылау бекеттері орналастырылды. Оған 12 мыңнан астам партия мүшесі жұмылдырылды. Мәслихаттардағы партия фракцияларының жиын­дарында жергілікті атқарушы органдардың есебі тың­далды. Сондай-ақ Партиялық бақылау комитеті ат­қар­ған жұмыс нәтижесінде, сайлауалды бағдар­ламаны орындамағаны немесе тиісті деңгейде жүзеге асыр­мағаны үшін 36 партия мүшесі партиялық жауап­кершілікке тартылды», – деді партия Хатшысы.

Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың кейбір пункттері бойынша, оның ішінде балабақшалар ашу, ағаш отырғызу, әлеуметтік жағдайы осал топтарға тұрғын үй беру және тағы басқа бағыттар бойынша артта қалушылық бар екеніне Үкімет мүшелерінің назарын аударды.

Жиынды қорытындылай келе, «AMANAT» пар­тия­сы Төраға­сы фракция мүшелері мен министрлер Президенттің сайлауалды бағдарламасының жүйелі жүзеге асы­рылуын бақылауды күшейтуі керек екенін атап өтті.

«Әр депутат өзінің сайлауалды уәделер блогын мұқият талдап, министрліктермен тығыз жұмыс істеуге тиіс. Қажет болған жағдайда бюджетті қарау кезінде ұсыныстар енгізу керек. Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдар­ламасы мен Жол­дауларындағы нақты тапсырма­лары, «AMANAT» партиясының халыққа берген уәделері және Үкіметтің елді дамыту, азаматт­ардың әл-ауқатын жақсарту жөнін­­дегі міндеттемелері», – деді Ерлан Қошанов.