Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында «AMANAT» партиясы журналистер арасындағы дәстүрлі «AMANAT МЕДИА СЫЙЛЫҒЫ» республикалық байқауын қорытындылады. Биыл 10 номинация бойынша 12 жеңімпаз анықталды.
«AMANAT»: жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандар
858
оқылды

«AMANAT» партиясы журналистер арасындағы республикалық байқауды осымен 15 жыл қатарынан өткізіп келеді. Биыл байқауға 200-ге жуық адам­нан 1500-ге жуық жұмыс келіп түсті. Олардың басым көпшілігі – ай­мақтар­дағы БАҚ қызметкерлері. Айта кетейік, биыл келіп түскен барлық жұмыстың шамамен 30%-ы «Біз бір­геміз» – су тасқынымен күрес туралы үздік мате­риал» номинациясына жол­данды.

Мәжіліс Спикері, «AMANAT» пар­тия­сының Төрағасы Ерлан Қошанов сыйлық иегерлері мен барша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін алдағы кәсіби мерекелерімен құттықтады.

«Журналистер – мемлекет пен қо­ғам­ның арасындағы алтын көпір. Сіз­дер елдің даму бағдарын, Мемлекет басшы­сының реформаларын, оң өзге­рістерді халыққа жеткізуде шешуші роль атқарып келесіздер. Президент айт­қандай, тек мықты, кәсіби және дербес масс-медиа ғана шынайы идео­логиялық егемен­дігімізді қамтамасыз ете алады. Күні ке­ше оның тапсырмасы бойынша әзір­ленген «Масс-медиа туралы» заңға қол қойылды. Бұл құжат журналистер құқы­ғының қорғалуын күшейтіп, отан­дық медиа саланы дамытуға тың мүм­кінді­к­тер береді», – деді ол.

Өз кезегінде, «Аймақ туралы ең үз­дік материал» но­ми­нациясының жеңім­пазы  Мөлдір Сапарова байқау­дан алған әсерімен бөлісті.

«Біз өңірдің 80 жылдығына орай, арнайы репортаж дайындадық. Қазылар алқасы бұл жұмысты жүлдеге лайық деп танығаны қуантады. Бұл тек менің ғана жеке жетістігім емес, Jetisý телеарнасы ұжымының ортақ жеңісі», – деді ол.

Өз кезегінде, «Жастар туралы үздік материал» номина­ция­сының жеңім­пазы Алтынбек Мерсадық өскелең ұрпақ жөнінде жазудың журналистер қауымы үшін қаншалықты маңызды еке­ніне тоқталды.

«Баянды болашақ – жалынды жас­тардың қолында. Олар жаңа қа­дамдарға бастамашы болып қана қоймай, әркез әлеуметтік өз­герістердің қозғаушы кү­шіне айналып жатады. Ал журналистика болса, осы жастар қауы­мының қызығу­шылығы мен қажеттілігін баяндай оты­рып, олар­дың өмірде оң бағыт-бағдар таңдауына ықпал етеді», – деді ол.

 

ОСЫЛАЙША, КОНКУРСТЫҚ КОМИССИЯНЫҢ ШЕШІМІМЕН КЕЛЕСІ АЗАМАТТАР «AMANAT МЕДИА СЫЙЛЫҒЫНЫҢ» ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АТАНДЫ:

«Еліміздегі реформалар туралы үздік материал» номинациясында – Qazaqstan телеарнасындағы «Апта» бағдарламасының жетекшісі әрі жүргізушісі Жайна Сламбек;

«Адал азамат» туралы үздік материал»  номинациясында – 24 KZ телеарнасындағы «Арнайы жоба» бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі Айғаным Достанбай;

«Жастар туралы үздік материал» номинациясында –  Aikyn.kz сайтының редактор-журналисі Алтынбек Мерсадық;

«Аймақ туралы ең үздік материал» номинациясында – «Индустриальная Караганда» газеті директорының орынбасары-бас редактор Оксана Мягких және Jetisý телеарнасының журналисі Мөлдір Сапаров

«AMANAT» партиясының жұмысы туралы үздік материал» номинациясында – «Литер» газетінің тілшісі Мергуль Джилкишинова;

«Алаш» қозғалысы туралы үздік материал» номинациясында – Caspian News телеарнасындағы тақырыптық бағдарламалар бөлімінің шеф-редакторы Айдос Қарабала;

«Біз біргеміз» – су тасқынымен күрес туралы үздік материал» номинациясында – «Қазақ радиолары» ақпараттық-сараптау қызметінің редакторы Азамат Тілепов және Egemen Qazaqstan газетінің Атырау облысы бойынша меншікті тілшісі Жолдасбек Шөпеғұл.

 

АРНАЙЫ СЫЙЛЫҚ ИЕГЕРЛЕРІ:

Шерхан Мұртаза және Камал Смайылов атындағы «Телевизия үздігі» сыйлығын – журналист әрі тележүргізуші Айгүл Мүкей;

«Белсенді азаматтық ұстанымы үшін» сыйлығын – Mangystau телеарнасының редакторы әрі жүргізуші Шынар Жұмасат;

Қаныш Сәтбаев атындағы «Ғылым әлемі» сыйлығын – Qazaqstan телеарнасының арнайы тілшісі Азамат Нұғыманов иеленді.

 

Азамат ТІЛЕПОВ,

«ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» 

ЖШС Ақпараттық-сараптау қызметінің редакторы:

Бұл – қазақ журналистикасына берілген марапат

– Мен «Қазақ радиосында» 11 жылдан аса еңбек етіп келе жатырмын. Бұл байқауға осыған дейін де бірнеше рет қатысқан болатынмын. Биыл өткен «AMANAT МЕДИА СЫЙЛЫҒЫ» байқауында бағымыз шауып отыр. Өзіңіз білетіндей көктемнің соңғы айларында еліміздің біршама өңірлерінде қарғын су алып, көптеген елді мекендегі азаматтарымыз баспанасыз қалып жатты. Сол уақытта арнайы эфирлер ұйымдастырып, су тасқыны болған аймақтағы волонтерлермен тікелей байланыс орнатып ақпарат бердік. 

«AMANAT» партиясы жанындағы Жастар Рухы жастар қанаты қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ақерке Ескендірова ханымды эфирге шақырған едік. Өңірлердегі ахуалды көзімен көріп келген соң, «AMANAT» партиясы атынан көрсетіліп жатқан көмек және Жастар Рухы қоғамдық бірлестігінің еріктілері атқарған жұмыстарды насихаттау мақсатында эфир ұйымдастырылған еді. Сол бағдарламаны «AMANAT медиа – 2024» байқауына ұсындық. Жиында партия Төрағасы Ерлан Жақанұлы да айтып өткендей, байқауға келіп түскен 252 жұмыстың 30 пайызы осы «Біз біргеміз» номинациясына үміткер болған екен. Бүгінгі әріптестерімізді марапаттарымен құттықтағым келіп отыр. Қазір медиа саласының мамандарына мемлекет тарапынан да, қоғамдық ұйымдар тарапынан да жақсы көңіл бөлінуде деп есептеймін. Мемлекет басшысы да осыдан бірнеше жыл бұрын арнайы бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнін атап өтуді ұсынған еді. Соның негізінде Үкіметтің арнайы қаулысы шығып, бүгін міне бесінші жыл қатарынан 28 маусымда төл мерекемізді тойлап келе жатырмыз. Жыл сайын осы мереке қарсаңында осындай шаралар ұйымдастырылып, бәріміз бір марқайып қаламыз. Сондықтан бүгін жүлделі болған әріптестеріме құтты болсын айтып, қуанышымен бөлісеміз. Ақпарат билейтін қазіргідей кезеңде еліміз өркендей берсін!

Алтынбек МЕРСАДЫҚ, 

Aikyn.kz сайтының редактор-журналисі:

Жас таланттарды жиі насихаттағым келеді

– Бұл байқауға «Жастар туралы үздік материал» номинациясы бойынша қатыстым. Ұсынған жұмысым – жас ғалым, робототехник  Айгерім Нұр­баева­дан алған сұхбат. Мұнда сарапшы елдегі робото­техниканың жай-күйі, ғылымдағы әйелдердің рөлі, қазақ тілінің ғылым тіліне айналуы секілді маңызды мәселелерді сөз етеді. Өз басым осындай жастардың барына әрі олардың қазақтың ғылым-білімін көркейтуге үлес қосып жатқаны үшін қуанамын. Жалпы, журна­листиканың қоғамдағы түйіткілді мәселелерді ашық жеткізуінен бөлек, тағы бір маңызды миссиясы бар. Ол – ағартушылық. Менің де осы қатардан көрініп, біздің қоғам әлі танып үлгермеген жас ғалым­дарды, жас таланттарды өз салам арқылы жиі насихаттағым келеді.