Астанада Жастар саясаты мәселелері басқармасының және Алматы ауданы әкімдігінің қолдауымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында «Сәтті сәрсенбі» экологиялық акциясы өтті.
Еңбек пен тазалық – егіз ұғым
760
оқылды

Іс-шараға «Республикалық студенттік құрылыс және жастар жасақтары қозғалысы» қоғамдық қоры және «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары мүшелері қатысты. Олар Алматы ауданындағы «Қар полигоны» аумағын күл-қоқыстан тазартып, айналаны абаттандыруға атсалысты.

«Республикалық студенттік құ­ры­лыс және жастар жасақтары қозғалысы» қоғамдық қорының жетекшісі Марат Мұхамеджановтың айтуынша, тазалық акция­сына «Жасыл ел» жасақтарының 110-нан астам жастары қатысты.

– Қар полигоны аумағында 200-ге жуық қапшық қоқыс жиналды. Алдағы уақытта да осындай санитарлық тазалық жұмыстарын жал­ғастыратын боламыз. «Жасыл ел» бағдарламасын іске асыру – мемлекеттік жастар саясатының негізгі басым бағыттарының бірі. Ол жас­тардың күшімен елімізді көгалдандыру, абаттандыру арқылы студент жастарды еңбекпен қамтамасыз ету, жастар арасында экологиялық тәрбиені насихаттау және достық қарым-қатынасты нығайту, жастардың табиғатқа қамқорлықпен қарап, өзінің жеріне, еліне деген сүйіс­пеншілігін қалыптастыру мақ­сатында ұйымдастырылып келеді. Біз қоғамда экологиялық сана мен мәдениетті қалыптастыруымыз керек. Оны әркім өзінен бастағаны жөн, – деді Марат Мұхамеджанов.

Ал Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы Ерлан Айдардың айтуынша, акция аясында «Таза дүйсенбі», «Сәтті сәрсенбі» атты экологиялық тазалық жұмыстары тұрақты өткізілетін болады. Бұған дейін де жоба аясында қала маңындағы көп­теген аумақтарда тазалық жұмыстары жүргізілген. Акция әлі де жалғасады. Әр апта сайын жастар Еңбек кодексіне сәйкес 4 сағаттан аспайтын уақыт аралығында жұмыс іс­теп, қала аумағын, мектеп маңын, қа­ладағы гүлзарлар мен өзен-көлдер, су арналарының айналасын тазалаумен айналысады. 

– «Астана – тазалық пен тәртіп­тің үлгісі» атты экология акциясы аясында өткен іс-шарада жастар қоқыс тазалаумен қатар қала аумағын таза ұстау жұмыстарын жүргізді. Іс-шараның мақсаты – қоршаған ортаны өздері тұрып жатқан қаланы, айналасын таза ұстауға үйрету, жастар арасында экология­­лық мәдениет қалыптастыру. Биыл «Жасыл ел» жобасының 20 жыл­­дығын атап өтіп жатырмыз. Жоба аясында 14 пен 35 жас арасындағы жастарымызды, яғни мемлекет тарапынан аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға қолдау ретінде оқушылар мен студенттерді жұ­мысқа қабылдаймыз. Бір жас бір рет қатысуға мүмкіндігі бар. Олар жалақы алады, – деді Астанадағы Жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы Ерлан Айдар.

Атап айтар болсақ, «Жасыл ел» еңбек жасақтары бойынша биыл 4 200-ден астам жас азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету көзделген-ді. 

– Қазақта «Еңбектің наны тәтті» деген тәмсіл бар. Сондықтан жастарымыз өз еңбектерінің арқасында жазғы еңбек маусымында жұмыс істеп, өздеріне аз да болса материал­дық жәрдем жасауына болады. 2005 жылы құрылған көшбасшы ұйымның мақсаты – белсенді жас­тарды біріктіріп, өскелең ұрпақты еңбекке баулуға, тәртіпке үйретуге, патротизмді қалыптастыруға үлес қосу. 

Сондықтан «Жалқаудың жаны тәтті» деп жатып алмай еңбек етіп, еліміздің экологиясының таза болуына, қаланың, қала маңы аумақ­тарының көркеюіне үлес қосып жат­қаны үшін алғысымызды айтамыз, – деді Ерлан Айдар.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ