Қабылдауда топ алдына келіп, өтініш білдірген тұрғындар бүтін бір ауылдың өзекті мәселелерін сөз етті.
«AMANAT»: Қоғамдық қабылдауда қоғамды алаңдатқан мәселелер қаралды
984
оқылды

«AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының мобильді қабылдау тобы ел арасына барып, халықты толғандырған мәселелерді назарға алып келеді. Бұл жолы өңірдегі Жаңақорған ауданына қарасты Сунақата, Қожамберді  елді мекендерінде болып, жергілікті тұрғындардың базынасын тыңдады.

Кезекті қабылдауда топ алдына келіп, өтініш білдірген тұрғындар бүтін бір ауылдың өзекті мәселелерін сөз етті. Соның ішінде Сунақата ауылдық округінде өткен қабылдауда ауылдың инфрақұрылымына қатысты өтініштер, газдандыру, жаңа балабақша ғимаратын салу, Еңбек елді мекеніндегі 9 жылдық №242 мектепті 11 жылдық мектепке ауыстыру мәселелері өзекті болып отыр. Сондай-ақ, бірқатар тұрғындар жеке денсаулық сақтау, жұмыспен қамту тақырыптарында өтініштерін айтса, заңгерлік көмек сұраған азаматтар да болды. 

Сол сияқты Қожамберді ауылында жалғасқан қабылдауда ауыл азаматтарынан мемлекеттік-жекешелік-әріптестік жобасы аясында салынып жатқан спорт кешені, электр желілері мен бағаналарын, трансформаторларды жаңалау, көгілдір отынмен қамтамасыз ету және жаңа ауылдық клуб үйін салу мәселелері бойынша өтініштер түсті. 

«Мобильді қабылдаудың негізгі мақсаты – шалғай орналасқан елді мекендердегі тұрғындардың өзекті мәселелеріне құлақ түріп, тиісті деңгейде шешілуіне атсалысу, бағыт-бағдар мен кеңес беру», – деді ауыл тұрғындарымен кездесу барысында партияның облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова.

Партия филиалының Атқарушы хатшысының айтуынша, «AMANAT» партиясы 5 жылға жоспарланған өңірлік Сайлауалды бағдарламасында ауылдың инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жоспарланса, оның ішінде азаматтар тарапынан көтерілген газдандыру, электр желілерін жаңғыру мәселелері де бар.  Бұл жұмыстар жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асатын болады.  

Жалпы бұл күні айтылған өтініштер бойынша мобильді топ өкілдері тарапынан заңнамалық тұрғыда түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, партиялық бақылауға алынды.

Атап өтейік, қос ауылда өткен мобильді қабылдау барысында тұрғындардан 24 өтініш түсіп, олардың 3-і оң шешілді. Өзге де өтініштер бойынша заңнамалық кеңестер беріліп, назарға алынды.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.