Сапар бағдарламасының бірінші нысаны «Қалқаман» метро стансасы құрылысының барысымен танысу болды.
«AMANAT» партиясы Алматыдағы маңызды нысандардың құрылысына мониторинг жүргізді
1,001
оқылды

Бүгін «AMANAT» партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы Станислав Канкуров, қалалық мәслихат депутаттары Садир Хамраев пен Бақытбек Жұмабаев партияның Алматы қаласы бойынша 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында салынып жатқан нысандарға мониторинг жүргізді.

Сапар бағдарламасының бірінші нысаны «Қалқаман» метро стансасы құрылысының барысымен танысу болды. Жоба 4 стансаның құрылысымен бірге метро желісін 7,2 шақырымға кеңейтуді көздейтін сайлауалды бағдарламаның «Ыңғайлы көлік жүйесі» бөліміне енгізілген. Бұл жолаушылар санын тәулігіне 20 мың адамға ұлғайтуға мүмкіндік береді. «Қалқаман» стансасы құрылысын аяқтаудың жоспарланған мерзімі – 2026 жылдың басы.

Станса құрылысы аясында сол жақ тоннель бойынша 936 м, оң жақ тоннель бойынша 559 м жүріп өтті. Сыртқы газбен жабдықтау, электр желілерін, телекоммуникациялар мен су құбыры желілерін шығару жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде.

Сонымен қатар сапар барысында депутаттар Наурызбай ауданындағы Полицияның сервистік орталығымен танысты. Сервистік орталықтарда полиция қызметінің 55 түрі көрсетіледі. Мұның бәрі тегін. Полиция тарапынан көші-қон, әкімшілік заңнама және құқықбұзушылықтың алдын алу саласындағы мамандар жұмыс істейді.

Станислав Канкуров атап өткендей, бұл жоба Мемлекет басшысының «Полиция қадамдық қолжетімділікте» қағидаты бойынша жұмысты ұйымдастыру туралы Жолдауына сәйкес іске асырылуда. Мұндай орталықтар қаланың әр ауданында жоспарлануда. Сервистік орталықтардың негізгі мақсаты -?жұртшылықпен ашық диалог орнату және халықтың қажеттіліктеріне жедел ден қою, қала тұрғындары мен қонақтарына кәсіби, білікті, консультациялық көмек көрсету.

Сонымен қатар орталықтарда әйелдердің құқықтарын зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімі қызметкерлерінің жеке кабинеті әзірленген.

Онда тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар адамдармен жеке профилактикалық қызмет жүргізіледі, қатігез қарым-қатынастың болуын бағалау критерийлеріне сәйкес анықтама жұмыстары атқарылады.

Сапардың соңғы нысаны – Саялы-2 шағынауданында 550 орындық мектеп құрылысының мониторингі болды. Қазіргі уақытта мектептің ішкі әрлеуі 80%-ға, ал сыртқы әрлеу жұмыстары 70%-ға аяқталған. Сонымен қатар мектепте кабинеттерді ақтау және әрлеу жұмыстары аяқталды, линолеум төселді, екінші және үшінші қабаттарда плинтустар орнатылды. Спорт алаңында, акт залында жұмыстар, сондай-ақ стадионды жарықтандыру мен тротуарларды қоса алғанда, сыртқы жұмыстар жалғасуда.

«AMANAT» партиясы Алматы қаласының негізгі инфрақұрылымдық жобаларын іске асыруды қамтамасыз ете отырып, құрылыс барысын белсенді қадағалауды жалғастырып, сайлауалды бағдарлама аясында барлық нысандарды уақытылы аяқтауға бар күш-жігерін салуда.