Жарысқа 4 пен 15 жас аралығындағы 300-ден астам жас спортшы қатысты.
Алматыда ауқымды Sagadat batyr Open турнирі өтті
827
оқылды

Алматыда нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне арналған жыл сайынғы грэпплинг AIGA және бразилиялық джиу-джитсу бойынша Sagadat batyr Open халықаралық ашық турнирі өтті.

Турнирді «Алатау жастары» Жастар бірлестігі, Алматы облысы мәслихатының және Ішкі істер министрлігінің қолдауымен Сағадат Нұрмағамбетов атындағы спорт клубы ұйымдастырды. Турнирдің басты мақсаты – спорттың атаулы түрін насихаттап, салауатты өмір салтын ұстауға шақыру.

Іс-шара барысында Сағадат Нұрмағамбетов атындағы спорт клубының президенті Ерболат Тұрымбетов құттықтау сөз сөйледі. Ол жастарды спортпен шұғылдануға тартуға арналған жыл сайынғы турнирді өткізудің маңызы туралы айтты.

ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов өз сөзінде елімізде нашақорлыққа қарсы күрес бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын, ал балаларды дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға тарту жаман әдеттермен күресте маңызды рөл атқаратынын айтты. Ол сондай-ақ Ішкі істер министрі мен Туризм және спорт министрінің атынан құттықтауларды жеткізді. Министрлік өкілдерінің айтуынша, мұндай іс-шаралар азаматтарымыздың физикалық және рухани дамуына ықпал етіп қана қоймай, өскелең ұрпақ үшін салауатты өмір салтының үлгісі болып табылады.

«Турнир өте жоғары деңгейде өтті. Біздің жігіттердің өнеріне өте ризамын. Алғашқы екі орынды Самат Рамазанов атындағы академия мен Сағадат Нұрмағамбетов атындағы клубтың тәрбиеленуші-спортшылары жеңіп алды. Мен мұны мақтан тұта отырып, әрқашан өз дағдыларым мен тәжірибеммен бөлісуге дайын екенімді айтқым келеді. Көптеген жарыстарда менің оқушыларым жоғары нәтижелер көрсетіп, әлемдік аренада еліміздің намысын лайықты қорғайды. Жүлделі орын ала алмаған барлық джитсерлер мен грэпплерлерге үміттеріңізді үзбеңіздер дегім келеді. Сіздерде барлығы алда. Бүгінгі турнирге қатысуларыңыз – өзіндік құрметке лайық. Өздеріңізге сеніп, мақсаттарыңызға қарай ұмтылыңыздар», – деді «Алатау жастары» Жастар ұйымының төрағасы және бас ұйымдастырушы Нұрсұлтан Орынбасаров.

Ол сондай-ақ «AMANAT» партиясының, «Жастар рухы» Жастар қанатының, облыстық және аудандық әкімдіктердің өкілдеріне, серіктестерге, ІІМ ардагерлеріне, облыстық және аудандық мәслихат депутаттарына, блогерлерге және барлық қолдаушы ата-аналарға белсенді қатысқаны үшін жеке алғысын білдірді.

«AMANAT» партиясы «Жастар рухы» Жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова:

«Бүгін өтіп жатқан үлкен спорттық шарамен шын жүректен құттықтаймын. Ұйымдастырушыларға есірткісіз қоғам құруда және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауда жасап жатқан жұмыстары үшін алғыс айтамын. «AMANAT» партиясы мен «Жастар рухы» да осындай бастамаларға әрдайым қолдау көрсетеді. Жастарымыз халықаралық ареналарда да туымызды желбіретіп жүре берсін»!

Іс-шараға депутаттар, спортшылар, жастар ұйымдарының, облыстық және аудандық әкімдіктердің өкілдері, ІІМ ардагерлері қонақ ретінде қатысты. Жарысқа 4 пен 15 жас аралығындағы 300-ден астам жас спортшы қатысып, еліміздің әр өңірлерінен, сондай-ақ көрші мемлекеттерден келген командаларды құрады. Олардың арасында Алматы облыстық №1 балалар үйінің тәрбиеленушілері де болды.

Жүлделі орындарды жеңіп алған қатысушылар мен командаларға серіктестерден алғыс хаттар, арнайы медальдар, ақшалай және бағалы сыйлықтар табысталды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.