Біздің ел үнемі халықаралық қатынастарда көпжақтылықты жақ­тап, өзара диалог пен бір­лес­кен іс-қимыл үшін жаңа алаң­дар іздеу саясатын ұстанады.
Келісім мен бітім жолы
648
оқылды

Әрі Қа­­­зақстан тәрізді мүмкіндігі күн са­нап артып келе жатқан ор­та дер­жавалар өз аймақтарында жә­не одан тыс өңірлерде тұрақ­ты­лық­ты, бейбітшілік пен да­му­ды қам­та­масыз етуде шешуші күш­терге айнала бастады. Бұл – Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Euronews сайтында жарық көрген мақаласында айтылған ой­лардың бірқатары ғана.

Президент «Euroviews. Middle powers have the power to save multilateralism» – «Еурокөзқарас. Орта державалар муль­ти­латерализмді сақтауға қабілетті» деп аталатын мақаласында геосаяси турбу­ленттіліктің құшағына енген, бітпейтін қақтығыстарға толы жаһанда көпжақты шешімдерге бұрын-соңды болмаған деңгейде мұқтаждық туғанын жазды. Мемлекет басшысының мақаласындағы «мультилатерализм» дегеннің өзі елдер­дің көпжақты келісімдерге негізделген қарым-қатынасын сипаттайтын ұғым. Мұнда әркімге серіктестермен қарым-қатынаста артықшылықтарды пайда­лануға мүмкіндік беретін көпжақты келісімдер механизмі ескеріледі. 

Қазақстан басшысы мақаласында көпжақты байланыстардың маңызына тоқтала келе, дүниежүзіндегі күрделі мәселелерді орта державалар тізе қоса отырып шешуге тырысуы керек екенін атап өтті.

«Геосаяси тұрақсыздық пен қақты­ғыс­тарға толы қазіргі әлемде көпжақты шешімге деген қажеттілік бұрын-соңды болмаған деңгейде өткір тұр. Еуро­падағы, Таяу Шығыс пен Африкадағы соғыстар мыңдаған адамның өмірін қиып жатса, климаттың өзгеруі мил­лион­дарды аш қалдырып, олардың жүдеп-жадап, қоныс аударуына алып келді. Бұл шиеленістер шешілмейтіндей әрі үміт оты сөніп бара жатқандай бо­лып көріне бастады. Жаһандық келіс­пеушілік аясында ірі державалар – әлемнің экономикалық һәм саяси алыптары тізе қоса әрекет ету қабілеті­нен ажырап барады», – деген Қ.Тоқаев Украинадағы конфликт дипломатиялық тығырыққа тірегенін, Газа секторын­дағы жағдай ауқымды гуманитарлық апатқа айналғанын, Үнді-Тынық мұ­хиты аймағындағы шиеленіс конструк­тивті өзара іс-қимылға кесірін тигізетін конфронтация қатерін төндіре баста­ғанын айтты. Сонымен қатар Президент жаһандағы дау-дамайды шешіп, халық­аралық консенсус қалып­тас­тыру­ға тиіс БҰҰ қатарлы ұйымдар ты­ғы­рыққа ті­ре­ліп, сал адамның күйін кешіп отыр­ғанын айтты. 

Президент БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі­нің вето қою құқы бар тұрақты мүшелері жаһандық дағдарыстарға қарсы батыл шешім қабылдауға кедергі келтіріп, көп жағдайда тығырыққа тірей­тінін атады. Өз кезегінде бұл жағ­дай көптің көңілі­нен шығатын әдістен гөрі оңаша, бір­жақты шешім қабылдауға алып келеді. Әрі мұндай сценарий қайталана береді. Осылайша, көпжақты қатынастарды шайқалтып, халық­ара­лық инсти­тут­тарға деген сенімді тө­мендетіп келеді. 

Сонымен қатар мақалада middle powers немесе «Орта державалардың» халықаралық қатынастарда шешуші һәм икемді ойыншылар екені де айтыл­ған. Президент Қазақстан және мүм­кіндігі артып келе жатқан бірқатар мем­лекеттер орта державалар қатарын­да өз аймақтарында және одан тыс өңірлерде тұрақтылықты, бейбітшілік пен дамуды қамтамасыз етуде шешуші рөлге ие екенін атады. 

«Іс жүзінде біздің ел сияқты мемле­кеттердің әлемдік супердержавалар тәрізді жаһандық ықпалы жоқ. Бірақ біздің экономикалық күшіміз, әскери потенциалымыз бар. Бәлкім одан да маңыздысы – азық-түлік және энер­гетика­лық қауіпсіздік, «жасыл» және ақпараттық технологиядан бастап тасы­малдың тұрақты тізбегін қалып­тас­­тыруға дейін әлемдік сахнада сан түрлі мәселеге әжептәуір ықпал етуге қажет саяси ерік-жігер мен дипломатия­лық алғырлығымыз да бар. Супердер­жавалар саясатының ауыр жүгін арқа­ламаған біздің икемділігіміз күрделі дипло­матиялық жағдайларда бағыты­мыз­ды айқындауға және келісім мен бітім жолын салуға мүмкіндік береді», – деп жазды Қ.Тоқаев. Яғни, түрлі шиеленіс­терді шешуде орта державалар­дың рөлі зор екенін меңзеді. 

Euronews сайтында жарияланған мақалада Қазақстанның бірқатар шие­леністерді шешудегі рөлі де мысал ретінде айтылған. Мұндағы ойлар Пре­зиденттің Сингапурдағы дәрісінің жал­ғасы іспетті көрінді. Яғни, жаһанда бей­бітшілік орнауы үшін алдымен ай­мақ­тар тынышталуы қажет дегенге сая­тын ұстаным. Әрі Қазақстанның бұл бағытта біршама тәжірибесі де бар. Әсі­ресе, Оңтүстік Кавказдағы шиеленісті шешуге қатысты ұстанымы алғашқы нәтижелерін бере бастады. Алматыда Әзербайжан мен Армения Сыртқы істер министрлерінің кездесіп, бірқатар келісімге келуі аймақтық мәселені сол өңір елдері өздері шешуі қажет екенін көрсетті. Үшінші күштер немесе супер­державалар «ақыл айтпаған» келіс­сөз­дер тиімді бола бастады. Бұл дегеніңіз, аймақтық мәселелерде супердержавалар орта держава елдерінің ұстанымын ескеруі керек екенін көрсетеді. 

Қазақстан Президенті орта держава­лар көпжақты көзқарас идеясына берік екенін алға тартады. Қазақстан үнемі халықаралық диалог пен бірлескен іс-қимыл үшін жаңа платформалар құру бастамасын көтеріп келеді. Ядролық қаруды таратпауға, қарусыздануға, жаһандық ауқымда биоқауіпсіздікке бағытталған жаңа көпжақты ведомство жасақтауға, климат өзгерісінің сал­дарын жеңілдетуге бағытталған қадам­дар жасап келеді. Президент Қазақстан Франциямен бірге су тапшылығы мен шөлейттену проблемаларына тап бол­ған әлем елдері мен қауымдастықтың басын қосқан бірінші «бір су» самми­тінің тең төрағасы болғанын атап өтті.

Президент мақаласында: «Барлы­ғымыз өз әлемімізге жаңа тыныс беру үшін бірге жұмыс істеуіміз керек. Де­ген­­мен ірі державалардың бұл үдеріске сенім артуға дайындығы барған сайын азайғанын және шағын елдердің жет­кілікті ықпалының жоқтығын ескер­сек, бұл қозғалысты басқару – орта дер­жава­лардың міндеті», – деді.

Бір сөзбен айтқанда, Президент орта державалардың көпжақты қарым-қаты­нас ұстанымының мән-маңызына үңіл­ді әрі дәл осы қатарда тұрған мемле­кеттерді бұл бастаманы жақтауға ша­қырды. 

Мақаланың толық нұсқасы ағыл­шын тілінде Euronews арнасының сай­тында жарияланды.

А.ҚҰРМЕТ