Бұл адам «Vision Zero» деп аталатын жол қауіпсіздігінің жаңа тұжырымдамасын ұсынған. Нәтижесінде Швецияда жол апатынан қайтыс болатындар саны 0-ге жақындап келеді. Ал Қазақстанда өсіп жатыр.
Әлемде 1,2 миллион адам жыл сайын жол апатынан көз жұмады. Қазақстанда 3000 адам (видео)
Қазақстанда жыл сайын жол апатынан 3000 адам өмірімен қоштасады. Бұл Швециямен салыстырғанда 13 есе көп! Фото drive2.ru сайтынан алынды
1,445
оқылды

BBC News жол қауіпсіздігіне әсер ететін басты факторларды Швеция үлгісінде көрсеткен мақала жариялады. Қазақстан үшін де үлкен проблема саналатын жол апатын азайту жолдарын британдық басылымға сүйенген Aikyn.kz талдайды.

Швеция 30 жыл бұрын жол апаттарымен күресу тәсілін өзгертті. Нәтижесін бүкіл әлем мойындады. Фото monlib.ru сайтынан алынды

«Vision Zero постулаттарының бірі – барлық адамдар қателеседі және сыртқы қатыгездікке тез бейімделіп шыдайды. Сондықтан адамдарды қазіргі жүйеге бейімдемей, адамдарға арналған жүйе құру керек», – дейді Швеция көлік әкімшілігінің көлік қауіпсіздігі жөніндегі стратегі Матс-Оке Белин.

1995 жылдан Швеция көлік әкімшілігін басқарған профессор Клаас Тингвалл алғашқы күннен бастап Vision Zero (нөлдік қауіпсіздік жүйесі) әзірлеумен айналысты. Адам өмірін жол апатынан сақтау күресі Швецияда 30 жыл бұрын басталды. Революциялық идея Еуропаның жол апаттарымен күресу тәсілін өзгертті. Бұл әлем бойынша миллиондаған адамның өмірін сақтап қала алады, бірақ көптеген елдердің саяси билігі оны әлі толық қабылдаған жоқ.

1995 жылы Швецияның Стокгольм маңындағы E4 автожолында ауыр жол апаты болды. Бес жас жеткіншек хэтчбекпен келе жатып, Ikea кешенінен шыға берісінде көліктері аударылып, жол жиегіндегі көше жарығы орнатылған бетон бағанаға  соғылып қаза табады.

Клаас Тингвалл 30 жыл бұрынғы оқиға туралы: «Мен олардың жылдамдықты арттырғанына сенімдімін және жол ылғал болғандықтан, көлік сырғанап кеткен болуы мүмкін. Бұл қызыл түсті үш есікті Peugeot 205 GTI болды», – деп есіне түсіреді. Фото BBC News сайтынан алынды. Авторлығы: Alamy

Сол жылы швед жолдарында 500-ден астам адам қайтыс болады, бірақ 5 адам қайтыс болған қайғылы оқиға Тингвалл үшін үлкен бетбұрыс болған. Жыл сайын әлемде жол-көлік оқиғаларының салдарынан 1,2 миллион адам қаза табады, ал миллиондаған адам мүгедек болып қалады. Соңғы 14 жылда қаза болғандар саны аздап төмендегенімен (Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) деректері бойынша дүниежүзінде жол апатынан қаза тапқандар саны 2010 жылмен салыстырғанда 5%-ға төмен), прогресс өте баяу жүруде.

ДДСҰ-дың мақсаты – 2030 жылға қарай жол-көлік оқиғасы салдарынан болатын өлім санын екі есе азайту.

Швеция бүгінде әлемдегі жолдағы өлім-жітім деңгейі ең төмен елдердің бірі болып саналады. 2023 жылы 10,5 млн халқы бар Швеция жолдарындағы апаттардан 230 адам қайтыс болған.

Ал Қазақстанда жол апаты салдарынан 3000 адам өмірімен қоштасты, 20 000 адам жарақат алды, олардың ішінде өмір бойы мүгедек болып қалғандар да бар. Швециямен салыстырғанда өлім саны 13 есеге жоғары!

Бір жылда жолдағы апаттардан тұтас бір ауданның адамдары еңбекке жарамсыз болса, үлкен бір ауылды жоғалтып отырмыз, оның 200-ге жуығы сәбилер мен мектеп жасындағы балалар. Сондықтан біз швециялық модельді мұқият зерттеп, өзімізде Vision Zero нөлдік қауіпсіздік жүйесін енгізуге міндеттіміз.

Клаас Тингвалл апаттан қаза тапқан адамдардың санын азайту үшін жолдар мен көліктердің дизайнын жақсартуға отыз жылға жуық уақытын арнаған. Фото BBC News сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images

Швецияда жол апатын азайту үшін қандай шаралар қабылданған? Бұл шаралар тізімінде көліктердің қауіпсіздігі мен жүргізушілердің қателігінен басқа жолдың адамға қауіпсіз болуына байланысты кешенді бағдарламалар қабылданған.

Олар алдымен жол қауіпсіздігінің концепциясын өзгертті, адамдардың көлікке, жолға қатысты қауіпсіздік көзқарастарын өзгертті.

Біріншіден, шведтік жол әкімшілігі көліктегі қауіпсіздік белбеуі мен жастықтары, оның жылдамдығы мен жүргізушінің ережені сақтауы барлық мәселені шеше алмайтынын түсінді. Өйткені ғылыми зерттеулер жолдағы адам өліміне көліктің қауіпсіздік шегінен шығып кетуі басты рөл атқаратынын көрсеткен.

Vision Zero бағдарламасы бойынша тұтастай көшелер тек жаяу жүргіншілерге арналған.  Фото dw.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / AFP /F. Sandberg

Клаас Тингвалл апаттан қаза тапқан адамдардың санын азайту үшін жолдар мен көліктердің дизайнын жақсарту үшін отыз жылға жуық уақыт бойы күресіп келеді. Алдымен Тингвалл жолдың бойындағы бетон бағаналарды, көлік соқтығысқанда адамдардың өмірін қиятын кедергілерді алып тастауға шақырды. Қала шенеуніктеріне бұның дұрыстығын түсіндіруге бірнеше жылдар кеткен.

Жол қауіпсіздігін күшейтудегі тағы бір нәтижелі идеяны мынадай ұранмен беруге болады: адамдарды машина өлтірмейді, адамдар өлтіреді.

Кезінде Швецияның инфрақұрылым министрінің:

«Швеция жолдарында қанша адамның өлімі ең төмен шек болады?» деген сұрағына Тингвалл «нөл» деп жауап берген.

Дәл осы сұрақ пен жауап Vision Zero (Нөлдік көзқарас) деп аталып кеткен жол қауіпсіздігінің жаңа көзқарасының бастамасы болған.

Қиылыстар сияқты шеңбер түріндегі айналма жолдарда да көліктер жиі соқтығысады. Бірақ айналма жолда өлім әлдеқайда аз, өйткені шеңбер бойымен көліктер баяу және бір бағытта қозғалады. Фото BBC News сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images

Швецияда екі жолдың қиылысынан гөрі шеңбер тәрізді айналма жолдарда жол апатынан өлім әлдеқайда аз болатындықтан елді мекендерде айналма жолдарды көп сала бастайды. Бағдаршам орнатылған көше қиылыстарында жол апатынан болатын өлім саны көп болады. Өйткені қызыл түске өтіп бара жатқан көліктің жылдамдығы жоғары болғандықтан онымен соқтығысқан көліктің ішіндегі адамдар ауыр жарақаттар алады, көз жұмады.

Айналма жолда көлік міндетті түрде жылдамдығын азайтады, баяу және бір бағытта қозғалады. Бұнда да көліктер бір-бірімен соқтығысады, бірақ ауыр жарақат алған, көз жұмған адамдар саны өте аз болады. 

Адамдардың ойлауын өзгерту үшін Тингвалл суретші Карл Гилгке Vision Zero презентацияларында қолданылған иллюстрациялар сериясын жасауды тапсырады. Оларда күнделікті қала көшелеріндегі көріністер көрсетіледі, бірақ көлденең кинетикалық энергияны – яғни көлік жылдамдығынан болатын қауіпті – биіктік арқылы көрсетіп жаяу жүргіншілерге жолдағы қауіптің қаншалықты зор екенін көрсетеді.

Төмендегі иллюстрациялар соны көрсетеді:

Суретке мұқият қарасаңыз жаяу адамдардың қасынан жоғары жылдамдықпен өтетін көліктерді тік құзға теңестірген. Тар көпірмен жүріп келетін адам мен жолға қолын созған сәбидің тағдыры қандай қорқынышты! Кез келген сәтте көлік қағып кетуі мүмкін. Фото BBC News сайтынан алынды. Авторлығы: STA

Тингвалл мен оның әріптестері жолдағы қауіпті көрсету үшін жылдамдықты биіктік арқылы көрсететін жолдардың суреттерін пайдаланды. Фото BBC News сайтынан алынды. Авторлығы: STA

Тингвалл мен оның командасы қауіпсіздік үшін күресін күшейте берді. Мысалы, Гавле қаласының солтүстігінде соңғы 8 жылда 21 адам қайтыс болған E4 тас жолының атышулы бөлігі болған. Оған рөлде ұйықтап қалу немесе көлік басқаруды жоғалту сияқты қателіктерден көліктер қарсы бетке шығып кетіп бетпе-бет соқтығысуы себеп болады.

Тингвалл бұл аймақты кабельдік медиандық кедергіні сынау үшін пайдалануды ұсынды. Екі бағыттың ортасына Астана-Бурабай ақылы жолындағы сияқты қарама-қарсы бағыттарды бөліп тұратын арнайы бағаналар қойылады. Бірақ шведтік жол жасаушылар екі жолдың ортасын металл кабельдерден жасалған сымарқандармен (тростар) бөлген.

Алғашында Тингвалға адамдар: «Сен ақымақсың ба? Көліктер мен адамдар осы кедергіге соғылып зардап шегеді» деп қарсы шығады.

Бірақ инженерлердің ойынша, қарсы жолға шығып кеткен көліктер осы сымарқанның бойымен сырғанап, жылдамдығын бір қалыпты баяулатады. Көлік аударылмайды, кенет тоқтамайды, ішіндегі жүргізуші мен жолаушылар ешқандай зардап шекпейді. Сымарқан көліктің сыртында орнатылған қосымша қауіпсіздік белдіктері сияқты рөл атқарады.

Қарсы бағытқа шығып кетуі мүмкін көлік сымарқанның бойымен сырғанап барып баяу  тоқтайды. Бұл көліктің сыртындағы қосымша қауіпсіздік белдіктері сияқты, көлік аударылмайды, кенет тоқтамайды, ішіндегі жүргізуші мен жолаушылар ешқандай зардап шекпейді. Фото currenttime.tv сайтынан алынды

Бұл сынақ өзінің жақсы нәтижелерін береді. Алты айдан кейін Швецияның көлік әкімшілігі швед халқының көпшілігі өз жолдарында медиандық кедергілерді қалайтынын мәлімдейді.

Бүгінде Лондон, Брюссель және Севилья сияқты қалаларда кездесетін арнайы веложолдар мен қозғалысы аз аудандардағы жолдардың функцияларын жіктеуден басталатын қала дизайнына голландиялық көзқарас әсер етуде. Бұндай қауіпсіздік моделі Vision Zero бағдарламасымен бірге әзірленеді және уақыт өте келе екі тәсіл бір-бірін толықтырмақшы.

Швеция жолдарында бәрі ойластырылған: түрлі түсті ірі жол белгілері мен жазулар алыстан көрінеді, жолақтар кең. Фото BBC News сайтынан алынды. Авторлығы: Karol Serewis / SOPA Images / LightRocket via Getty Images

Vision Zero концепциясын қолданудың бес жаһандық мысалы мынадай:

– 2016-2019 жылдары Колумбияның Богота қаласында жылдамдықты төмендету, қауіпсіз мектептерді енгізу арқылы жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітім 14%-ға төмендеді.

– 2023 жылы Нью-Йорк қаласы бір жылдың ішінде 300 миль қорғалған веложолдарды орнату арқылы рекорд орнатты.

– Лондонда салмағы 12 тоннадан асатын жүк көліктерін жүргізушілер қалаға кірер алдында жолдың биік кабинадан жақсы көрінетінін растайтын қауіпсіздік рұқсаты болуы керек.

– Vision Zero бағдарламасына АҚШ-тың 50-ден астам қаласы қосылған.

Мамандар «Vision Zero-ны қолдайтыныңызды айту өте оңай, ең қиыны – Vision Zero-ны мағыналы ететін өзгерістер мен әрекеттерді қабылдау» дейді.

Бүгінде Vision Zero өзінің жемісін көптеген елдерде беруде: 2019 жылы Хельсинки мен Ослода жаяу жүргіншілер өлімі нөлге тең болған; сол жылы Норвегия астанасында бір ғана жүргізуші қайтыс болды.

Олардың қолданған тәсілі – қалалардағы автомобиль санын қысқарту арқылы жол апатынан болатын өлім санын азайту. Мысалды, Ослода көлік жүргізуді, оны қала көшелерінде қолдануды қиындату үшін 1000-нан астам тұрақ орындарын алып тастаған; Хельсинкиде жолдар тарылып, тротуарлар кеңейтілген.

Ослода да көлік жүргізуді, оны қала көшелерінде қолдануды қиындату үшін 1000-нан астам тұрақ орындарын алып тастаған; Хельсинкиде жолдар тарылып, велосипед жолақтары мен тротуарлар кеңейтілген. Бұл да Vision Zero концепциясы. Фото currenttime.tv сайтынан алынды

Сонымен бірге жолдардағы жылдамдықты шектейтін технологиялар адам өмірін сақтайтын орасан зор күшке ие екені дәлелденуде. ЕуроОдақта сатылатын барлық жаңа көліктерде стандарт ретінде Intelligent Speed Assist (ISA) жүйесі орнатылған. Көліктер жолдың бойында көрсетілген жылдамдық шегін анықтайды және көлік осы шекті жылдамдықтан асып кетсе, қозғалтқыш қуатын өшіреді немесе дыбыстық ескерту береді.

Жүргізуші бұл функцияны уақытша немесе мүлдем өшіре алады, бірақ олардың әрекеттері «қара жәшік» құрылғысында жазылады.

Уақыт өте келе қалалар барлық моторлы қозғалыстың жылдамдығын бәсеңдету үшін мектептер сияқты сезімтал аймақтар «геоаймақтар» мүмкіндігіне ие болады. Бұл жылдамдықты шектеу технологиясымен жабдықталған Лондон автобустарында тиімділігін көрсеткен жүйе. Осындай шешімдер көлік әкімшіліктерінің жол қауіпсіздігіне қаншалықты жауапкершілікпен қарайтынын көрсететін мысал болмақ.

Мына видеоны әрбір ата-ана балаларымен бірге талдауы керек:

Тингвалл Vision Zero бағдарламасын жүзеге асыру мен жол қауіпсіздігін климаттың өзгеруімен салыстырады: ғылыми дәлелдерді жоққа шығаруға болады, бірақ нақты жол апатына байланысты цифрлар билікке деген сенімді жоғалтады.

Бұл жерде билік өз саясатын ғылымға сүйеніп, адам құқықтарын ескеріп, қоғамдық пікірге құлақ асып іске асыруға міндетті.

Жол қауіпсіздігіне жауапты қазақстандық органдар да Vision Zero бағдарламасын біледі, оның кейбір элементтерін өз қызметінде негізге алады. Бірақ нәтиже жоқ. Бір жылда 3000 адамның құрбан болуы (оның 200-ге жуығының сәбилер мен балалар), 20 000 адамның жарақат алып, бірнеше жүз адамның мүгедек болып қалуы өте нашар нәтиже.

Қазаққа өзінің Клаас Тингваллы қажет. Сіз қалай ойлайсыз?

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.