Бүкіл әлем елдері жасанды интеллект миы – графикалық процессорларға таласып жатыр. Оларды шығаратын бірнеше компанияның өнімі барлығына бірдей жетпейді. Сондықтан чиптердің бағасы жылдам өсуде. Қазақ елі де XXI ғасырда құмды күрекпен, трактормен қазып арзанға сатқанша, чип шығаратын зауыт салғаны әлдеқайда табысты.
Қазақстан Nvidia-мен бірлесіп чип шығаратын зауыт салып, ондаған миллиард доллар табыс табады
Алтыннан да қымбат Blackwell чипі осындай. Фото habr.com сайтынан алынды
2,265
оқылды

Жасанды интеллект жарысы графикалық процессор мен чиптер шығаратын компанияларды аз уақытта миллиард долларлық табысқа алып келді. Aikyn.kz бұл нарықтың Қазақстан үшін де қызықты екенін және біз ірі компаниялармен серіктестік орнатып пайда таба алатынымызды талдайды.  

Nvidia өнімдері видео ойындар индустриясында, өнімділігі жоғары есептеулерде, жасанды интеллект жүйелерінде қолданылады. Фото nvidia.com сайтынан алынды

Nvidia графикалық процессорлар мен чиптер шығаратын әлемдегі көшбасшы компания. Жасанды интеллект жүйелерінің жылдам дамуы компанияның өніміне деген сұранысты аспандатып жіберді, нарықтағы Nvidia акциялары рекордтық деңгейге көтерілді.

Nvidia – америкалық технологиялық компания, чиптердегі графикалық өңдеу блоктары мен жүйелерін жасаушы. Компанияның өнімдері видео ойындар индустриясында, кәсіби видеода, өнімділігі жоғары есептеулерде, оның ішінде жасанды интеллект жүйелерінде қолданылады. Nvidia пилотсыз автомобильдердің борттық компьютерлері үшін чиптер шығарады. 

Жасанды интеллект жүйелерінің жылдам дамуы Nvidia акцияларының құнын рекордтық деңгейге көтерді. Фото Shutterstock сайтынан алынды

Даму жолы аңызға айналған компания 1993 жылы құрылған. 31 жыл бұрын компанияның негізін қалаған Дженсен Хуанг, Крис Малаховски және Кертис Прэм әлемдегі ең қымбат технологиялық компанияның үштігінде болатынын ойлаған да жоқ еді. Бірақ 2018 жылдың төртінші тоқсанында Nvidia 81,2% үлесімен дербес компьютерлермен үйлесімді дискретті графиканың әлемдегі ең ірі өндірушісі болды. 2020 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша компанияда 14 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Штаб-пәтері Калифорния штатының Санта-Клара қаласында орналасқан. Бас директоры Тайванда туған америкалық кәсіпкер Дженсен Хуанг. 

Nvidia-ның 2019 жылдан бергі акцияларының өсу динамикасы. 2024 жыл 14 мамырдағы жағдай. Мәліметтер Nasdaq биржасының ресми сайтынан алынды

2023 жылдың мамырында Nvidia құны 1 триллион доллардан асты, ал 2024 жылдың ақпанында компания 2 триллион доллар межеден өтті. Бұл 274 млрд долларға бағаланатын Қазақстанның Жалпы ішкі өнімінен 7 есе көп қаржылық көрсеткіш. Nvidia Уолл-стрит тарихында акцияларының құны бір күнде $277 млрд долларға өскен жалғыз компания. 2019 жылы компанияның акциялары Nasdaq биржасында 39 доллар болса, кеше биржалық саудада акциялар 905,71 долларға сатылған. Бес жылда акциялар құны 23 есе өскен!!!

Бүгінде Nvidia-ның бәсекелестері де тым жылдам дамуда. Себебі бүкіл әлемдік жасанды интеллект жарысы чиптерге деген сұранысты күшейтті.

Nvidia-ның негізгі бәсекелесі Қытайдың Huawei компаниясы да графикалық өңдеу блоктары (GPU), орталық процессорлар (CPU) мен желілік чиптер сияқты жасанды интеллектке арналған жабдықтар жасайды. Huawei-ден басқа, Nvidia бәсекелестеріне Intel, Advanced Micro Devices, Broadcom және Qualcomm кіреді. Amazon.com және Microsoft сияқты бірнеше бұлттық есептеуіш компаниялар да бәсекелестер қатарында аталады.

Nvidia-ның графикалық процессорлары TSMC және Samsung зауыттарында шығарылады. Фото ixbt.com сайтынан алынды

Әлемдегі ықпалы зор, технологиялық бағыт жасаушы мемлекеттер мен IT-алпауыттар жасанды интеллект жүйелері үшін керек чиптер мен энергия көздерін жанталасып іздеуде.

Жылдың басында Aikyn.kz сайтында OpenAI-дің бас директоры Сэм Альтман Біріккен Араб Әмірліктеріндегі шенеуніктермен кездесіп, бірнеше жаңа чип зауыттарын салу жоспарын таныстырғанын жаздық. Жобаның жалпы құны 5-7 триллион доллар көлемінде болады деп болжанған. Бұл зерттеу мақаласын мына сілтемеден оқуға болады:  «ChatGPT-ді жасаушы 7 триллион доллар жинағысы келеді: бұл АҚШ-тың бір жылдық бюджеті (ВИДЕО)»

Жапония Тайванмен бірлесіп жаңа зауыт ашты. Оның ашылуына Жапон премьер-министрі Фумио Кисида қатысып, чиптер өндірісіне мемлекет қолдау көрсететінін айтып, 7 млрд доллардан астам қаржы бөлуге уәде берді.

«Бұл жоба бүкіл Жапонияға оң әсер етеді деп ойлаймын. Бұл жартылай өткізгіш өнеркәсібі үшін ғана емес, сонымен қатар электр көліктері мен электроника сияқты бизнестің кең ауқымы үшін де маңызды», – деді премьер-министр Фумио Кисида зауытпен танысып шыққан соң.

Кюсю аралындағы жаңа зауыттың 86,5% үлесі Taiwan Semiconductor Manufacturing Co.-ға (TSMC) тиесілі. Бұл жартылай өткізгіш шығаратын тайвандық алпауыттың Жапониядағы алғашқы зауыты.

Жапон премьер-министрі чиптер өндірісіне мемлекет 7 млрд доллар қаржы бөлетінін мәлімдеді. Фото Associated Press агенттігінен алынды

Қытай Тайвань аралын өзінің территориясы деп санайды және ол Бейжіңнің бақылауына өтуі керек дейді. Ұзақ алауыздық АҚШ-Қытай қарым-қатынасындағы шиеленіс нүктесіне айналған.

Микрочиптер нарығы да АҚШ пен Қытай қарым-қатынасындағы стратегиялық ұрыс алаңы. Өйткені Вашингтон қытайлық компанияларға жетілдірілген микрочиптерді сатуды шектейтін экспорттық бақылау енгізді.

Оның себебін мұндай чиптерді әскери қолданбалар үшін, соның ішінде гипер дыбыстық зымырандар мен жасанды интеллект үшін пайдалану мүмкіндігімен түсіндірген. TSMC қазір Америка Құрама Штаттарында екінші зауыт салуда және Еуропада да алғашқы зауыт салу жоспарын жариялады.

Жаңа чиптерді Nvidia бас директоры Дженсен Хуанг қара былғары күртеше киіп қана көрсетеді. Ол жаңа (сол жақта) және ескі H100 чиптерін көрсетіп тұр. Фото BBC News сайтынан алынды

Біздің талдаудан шығатын қорытынды қандай?

Қазақ жерінің қойнауында чип жасауға қажетті кварц шикізаты Ұлытау облысының орталығы Жезқазған қаласынан 130 км жерде орналасқан кен орнында өндіріледі. Бұл кварцтың тазалығы өте жоғары болғандықтан ол жоғары сортты техникалық кремний алу үшін ең тартымды шикізат деп саналады.

Кен орнындағы кварцтың жалпы қоры 4 миллион тоннадан астам. Жоғары маркалы кремний өндіруге қажетті кварц Жетісу облысындағы Сарыкөл кен орнында да бар. Оның барланған қоры 1,7 млн тонна деп бағаланады. 

Чип зауытының құрылысы мен технологиясын Nvidia мен TSMC сияқты ірі компанияларды серіктестікке шақырып, ұтымды инвестициялық ұсыныс жасау арқылы елімізге тартуға болады. Осылайша шикізаттық әлеуетімізді пайдаланып қосылған құны жоғары өнім шығара аламыз. 

Nvidia-ның GeForce RTX 4090 видеокартасы. Фото nvidia.com сайтынан алынды

Чип өндірісін тек бір ғана ел жеке өзі ешуақытта жасай алмайды. Мысалы, қазір кремний Қытайда өндіріліп, Жапонияда құймалардан (бульдан) табақшалар кесіледі. Олар АҚШ-та интегралды схемалары басылған пластинкаларға айналады, пластиналар жартылай фабрикат жасау, оны сынау және қаптау үшін Вьетнамға немесе Малайзияға жіберіледі.

Содан кейін компоненттер планшет, смартфон мен ноутбуктерге орнатылып, бүкіл әлемге таралады. Бұл біздің өте жеңілдетіп көрсеткен чип өндірісінің қарапайым алгоритмі.

Шын мәнінде, графикалық процессорлар мен чиптерді өндіруге шамамен 25 елдің зауыттары қатысады. Өндіруден бастап дайын құрылғыны сатуға дейін кремний мен одан жасалған чиптер 70 рет халықаралық шекараларды кесіп өтеді. Бұл – өте күрделі процесс. 

Қазақстан өзінің шикізаттық әлеуетін және транзиттік мүмкіндіктерін, Қытай мен Үндістан сияқты алып нарықтарға жақын орналасқанын қолданып, осындай тізбектің бір бөлігін өзіне бұра алады.

Құмды күрекпен, трактормен қаза бергенше, чип шығарған әлдеқайда табысты. Қазақ жерінің байлығы – кремний өндіретін кварц құмы осындай карьерлерден қазылады. Фото tks.kz сайтынан алынды

Бір жылдық табысы 61 млрд доллардан асатын (бұл көрсеткіш жыл сайын өсуде) америкалық компаниямен қазақ жерінің байлығын бірлесіп игеру арқылы:

бірінші, мемлекет өте жоғары дәрежедегі технологиялық өндірісті елге алып келеді; екінші, ұлттық мамандар дайындалады, ғылым мен өндірістің кооперациясынан отандық ғылым ұтады;

үшінші, жас ғалымдар жаңа өндірістің ішкі процестерін көріп үйренеді, өндірісте қазақ инженерлері жұмыс істеп тәжірибе жинайды.

Бұл технологиялық өндірістің тек тура пайдасы, ал әлемде жоғары сұранысқа ие чиптер шығару өндірісінің Қазақстан экономикасына мультипликативтік әсері одан да көп болады.

Бұндай идеяға қызығушылық жаңа тағайындалған Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен Үкімет басшысы Олжас Бектенов тарапынан туындап жатса, оны мемлекет басшысына ұсыну да қиын болмайды деп ойлаймыз.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.