ЕҰУ-да битум құрамын анықтайтын, бұзылмайтын бақылауға және сынақтардың толық циклі үшін ең заманауи құрылғы орнатылған.
ЕҰУ ғалымдарының өнертабыстары Жапонияда таныстырылды
1,313
оқылды

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғалымдары жапондық әріптестерімен бірлесе Қазақстанның жол құрылысы тәжірибесінде төзімділігі мен берікті жақсартылған промерлі асфальтбетонды қолдануды апробациялау жұмыстарын жүргізуге ниетті. Суперасфальт жасаудың инновациялық технологиялары  ENU-Lab  ғылыми-өндірістік орталығында сынақтан өтеді.

ЕҰУ ғалымдары Жапонияда өздерінің ғылыми әзірлемелерін таныстырды. Ұлттық университет зерттеушілері жаңа наноұнтақты базальт қалдықтарынан жасаған және асфальтқа минералды қоспа ретінде қолдану үшін шығарған. Шетелдіктер назарына топырақ тұрақтандырғыш, шуды оқшаулауға арналған жасыл экоқұрылыс материалдары, 100% сабан қалдықтарынан әзірлеген OSB панельдері де ұсынылды. ЕҰУ ғалымдары жапондық әріптестерінің назарын өз жобаларының экологиялық құрамдас бөлігіне аударды.

Жапонияның жетекші зерттеу университеттерінің өкілдерімен кездесу барысында асфальт және асфальт-полимер материалдары үшін микро және нанодисперсті қоспаларды қолдану технологиясын бейімдеу бойынша бірлескен зерттеулер жүргізу туралы келісімге қол жеткізді.

ЕҰУ, Нихон университеті және  Nichireki  компаниясының зерттеушілері Қазақстандағы жол құрылысы тәжірибесінде төзімділігі мен беріктігі жоғары промерлі асфальтбетонды қолдануды сынақтан өткізу бойынша бірлескен жұмыстарды жоспарлады.

Профессор Иваки мен Nichireki директоры  ENU-Lab  аккредиттелген құрылыс және жол зертханаларымен ынтымақтастық және сынақ жүргізу үшін ЕҰУ-мен келісімге қол қоюға қызығушылық білдірді.  ENU-Lab  базасында жапондық әріптестермен бірлескен жұмыс суперасфальт технологиясының сапасы бойынша үздік нәтижелерге қол жеткізуде тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

Бүгінде ЕҰУ-да битум құрамын анықтайтын, бұзылмайтын бақылауға және сынақтардың толық циклі үшін ең заманауи құрылғы орнатылған. Ол Super Pave стандарттарына толық сәйкес келеді. Жаңа құрылғы Мемлекет басшысының университет ғылымын қолдау жөніндегі тапсырмасына сәйкес, технопарктерді құруға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің мегагранттары аясында өткен жылы сатып алынды.

 Сондай-ақ  ЕҰУ ғалымдары шетелдік әріптестерімен бірге Жапонияда енгізілген жаңа технологияларды талқылады.

Күншығыс елінде климаттық ерекшеліктерге сәйкес ауа температурасы -20 градусқа дейін төмендейтін аймақтар бар. Осыған байланысты  ENU-lab аккредиттелген құрылыс және жол зертханаларының директоры Марат Коңканов жол трафигі салдарынан жолдағы шұңқырлар мен жарықтар, температураның құбылуынан жолдардың бұзылуы мәселелерін шешу үшін күш-жігерді біріктіруді ұсынды.

Токио университетінің инженерлік факультетінің деканы Ишида Тетсуиамен кездесу барысында ЕҰУ ғылым, коммерцияландыру және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Жанна Құрманғалиева 3D конструкциялық материалдар мен геополимерлер бойынша зерттеулерді қоса алғанда, инновациялық құрылыс материалдарының технологияларын жасау бағытында ынтымақтастықтың болашағын қарастырды.

Тараптар зерттеу нәтижелерін рецензияланатын жоғары рейтингті журналдарда бірлесе жариялау және жаңа зерттеу жобаларына екіжақты қатысу мүмкіндігі туралы өзара келісті.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.