«Ырыс алды – ынтымақ» деп та­тулықты ту еткен халқымыз үшін ын­тымақ-берекеден артық байлық жоқ.
Закиржан Кузиев, Сенат депутаты: Бейбіт күннің темірқазығы – бірлік
683
оқылды

Бейбіт елдің ырысын артты­рып, ынтымағын жарастырып отыр­ған да осы қасиетті қағида. Елімізде қалыптасқан бейбітшілік пен бірлік, тату­лық пен тыныштық ұғымда­ры­ның өміршеңдігі жөнінде Сенат де­путаты Закиржан Кузиевпен әңгі­мелескен едік. 

– Сіздіңше бірлік, ынтымақ, татулық ұғымдарының халықты біріктірудегі рөлі қандай?

– Бірлік деген ұғымның мағынасын терең түсінетін әлемде бір халық бар деп қарасақ, ол – біздің халық. Тарихта қай дәуірді алып қарасаң да, бірлік, ынтымақ, татулық біздің ұранымыз болған. Осы бірігудің арқасында қысылтаяң қиын­дық­ты жеңіп шығып, осы күнге жеттік. Ол бүгін де керек және соның арқасында ел болып отырмыз. Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекет дамуының қазіргі жаңа кезеңінде азаматтық бірегейлік пен қазақстандық патриотизмді қалыптас­тыру негізінде этностарды топтастыру мен біріктірудің ерекше құралы боп отыр. Еліміздің егемендігін қорғау, ұлттың патриоттық сезімін тәрбиелеудің негізгі міндеттерін өз қал-қадірінше атқарып келеді. Атап айтқанда, қазақ пен өзге де ұлттар мен ұлыстардың біртұтастығын, бір мүдде, бір мемлекет үшін ұйысуына керек негізгі қасиеттер – тағы да сол бірлік.

Сосын ең бастысы – еңбексүйгіштік, заң мен оны орындайтын адамдарға құрметпен қарау. Азаматтардың барлық қажеттілігін нақты әрі теңдей қылып тиімді жолмен шешу. Еліміздің дамуының жаңа кезеңінде Қазақстан халқы Ассамблеясы азаматтардың санасында Отанымыз – Қазақстан Республикасына деген сүйіспеншілікті, Конституция мен ел Президентін құрметтеуді нығайту және әрбір азаматтың әлеуметтік жауапкер­шілігін тәрбиелеу міндеттерін қолға алды. Соның қайтарымы ретінде әрбір ұлыс, ұлт осы бір ту астына жиналып, татулықты ғана жалау етсе, бір-біріне деген жек көру сезімінен ада болса, қандай қиындық болмасын бірігіп, оны жеңу үшін күреседі. Мұны біз көріп те отырмыз. Кешегі алапат өрт, бүгінгі алай-дүлей су тасқыны кезіндегі жанашырлық, гуманитарлық көмек жинаудағы құлшыныс – осының айғағы. Қазақстан халқы Ассамблеясының елді біріктірудегі рөлі қашанда маңызды боп қала береді. Қандай сын-қатерде де бұл орган тыс қалған жоқ. Оны ел көріп-біліп отыр деп ойлаймын.

– Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында Ассам­блеяға нақты қандай міндеттер жүктеп отыр?

– Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясында Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынының салдарын жою туралы маңызды пікірлерін де ортаға салды. Президент осы төтенше жағдай кезінде «Ел бірлігі мығым, бір тұтас халық екеніміз көрінді» деп бағасын берді. «Әр қиындықтың қайыры бар» дейді хал­қымыз. Тасқын кезінде ел бірлігі нығая түсті. Арқадағы ағайынға, Жайықтағы жұртқа бүкіл Қазақстан халқы көмектесуге ұмтылды. Апат аймағында тұратын адамдар барша отандасымыздың шынайы жанашырлығын сезінгенін айтты. Мем­лекет басшысы осы жолғы тасқыннан соң қайта қалпына келтірілетін ауылдар қайта түрленетіне үлкен үміт артып отыр. «Елді мекендер мүлдем жаңа келбетке ие болады», – деді.

Елдің жағдайын жақсарту үшін ешкім қиындықтың келуін күтіп отырмасы анық. Дегенмен мұндай апаттар біраз шаруаны шұғыл қолға алуға себепкер бо­ла­тынын жақсы тілге тиек етті деп ой­лаймын. Президент тасқын аяқталған соң кейбір ауылдар тың жерге қоныс­танып, жаңадан бой көтеретінін де мәлімдеді. Жол салынады, су тартылады. Ауылдары­мыз мүлде жаңа келбетке ие болады. Жалпы, әлемдегі үлкен дағда­рыстардың қарқынды дамуға жол аша­тыны белгілі. «Сын сағатта жұдырықтай жұмылған жұртымыз осы қалпында өрлеу, жаңғыру кезеңіне қадам басады» деген пікірі қоғамды алға жетелеп, қиын­дықты бірге еңсеруге ынта-жігер береді деп сенемін.

– Ассамблея тасқынан зардап шеккен өңірлерге қандай көмек көрсетті? Ал тасқыннан соң өңірлерді қайта қалпына келтіру жұмыстарына қалай көмектесуді жоспарлап отыр?

– Ассамблея, Ассамблея жастары мен түрлі кәсіпкер ел басына күн туғанда аянып қалған күні болған жоқ. Су тас­қыны басталғаннан бері зардап шеккен өңірлерге көмек және қолдау көрсету бойынша жұмыс жүргізді. ҚХА-ның «Жүректен жүрекке» атты арнайы жобасы ұйымдастырылып, оның шеңберінде гуманитарлық жүктерді жөнелту жүріп жатыр. Барлық өңірдегі Достық үйлерінде еріктілер орталықтары мен гуманитарлық көмек қабылдау пункттері ұйымдас­ты­рылған. Өңірлерге гуманитарлық көмек көрсету бойынша ҚХА-ның республи­калық және өңірлік штабтары құрылды. Штаб құрамында ҚХА атынан Парламент Сенатының депутаттары, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері «Ассамблея жастары», волонтерлер мен қайырымдылық жасау­шылар бар. Қызметін республикалық штаб үй­лес­тіретін өңірлік штабтар мен еріктілер орталықтары Достық үйлері жанында жұмыс істейді. 

Төтенше жағдайға республика бо­йынша 12 мыңнан астам ҚХА еріктілері жұмылдырылды. Өңірлік ЭМБ өкілдері 1 500 мың тоннаға жуық азық-түлік және алғашқы уақытта қажет болатын заттар жіберді. Қазір тасқын қаупі әлі де сейіл­меген өңірлерге қолдау көрсету мақ­сатында гуманитарлық көмек белсенді түрде жиналуда.

– Президенттің Ассамблея құрылым­дары басшыларының бірінші орынбасар­ларын жастардан тағайындау туралы тапсырмасына көзқарасыңыз қандай?

– Әрбір сессияда әртүрлі жаңалық, тың шешімдер айтылатыны заңдылық. Бұл жолғы отырыста Президент біздің көкейімізде жүрген бірнеше ұсынысты алға тартты. Президент биылғы жиында Ассамблеяға қатысты екі мәселеге ерекше назар аударды. Өзім осы құрылымда ұзақ жылдан бері жұмыс істегендіктен, бұл бастамалардың қолға алынғанын қуат­таймын. Біріншіден, Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен аймақ басшылары екі айда бір рет Ассамблея өкілдерімен кеңес өткізетін болады. Әкімдерге осындай тапсырма берілді. Енді әкімдер жұмысты орынбасарларына ысыра салмай, өздері бас-көз болады.

Екіншіден, Мемлекет басшысы Ассамблея құрылымдары басшыларының бір орынбасарын жастардан тағайын­дауды ұсынды. Бұл да біздің көкейде жүр­ген, пісіп жетілген ұсыныс. Жастар Ассамблея қызметіне тың серпін әкеледі. «Орталық және жергілікті органдар Ассамблеяның жастарға, әсіресе волон­терлерге қатысты жобаларына жан-жақ­ты қолдау көрсетуі керек. Мұндай жоба­лар­­дың тізімін жасаған жөн», – деді Мемлекет басшысы. Бұл өз өміршеңдігін көрсетеді және ұрпақтар сабақтастығына жол ашатын бастама болды деген ойдамын.

– Президенттің ішкі-сыртқы фак­торларды ескере отырып, «Азаматтардың мәдени, тілдік, этникалық немесе діни белгілері бойынша кемсіту әрекеттерге ұрынбауы» туралы стратегиялық ұстам­дылық және толеранттылық сақтау қағидаларына сәйкес нәтижелі жұмыс істеудің шарттары қандай болмақ?

– Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысымен Парламент Сенатының 5 депутатын тағайындайды. 2023 жылдың маусым айында «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобы құрылды. Олардың негізгі миссия­сы – біздің бірлігімізді заңнамалық деңгейде нығайту. «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобының құрамына Қазақстан Республикасы Парламентінің 30 депу­таты, оның ішінде Сенаттан – 10 депутат, Мәжілістен – 20 депутат кірді. Өңірлерде бірлескен қызмет туралы меморандум негізінде көптеген жаңа қоғамдық жұмыс іске асырылуда.

Республикада 1 000-нан астам этно­мәдени бірлестік жұмыс істейді. Өңір­лерде ҚХА жұмысын үйлестіретін және қамтамасыз ететін 34 Достық үйі бар. Бұл Ассамблеяның көпфункционалды ресурс­тық орталықтары (интеграция, медиация және волонтерлік) және Ассамблеяның бірқатар республикалық және халықаралық жобасын іске асы­рушы алаңы. Дәстүрлер мен мәдениетті, интеграцияны, мәдениетаралық байла­нысты сақтауда Ассамблеяның қоғамдық құрылымдарының жұмысы үлкен рөл атқарады. Ассамблеяның біріктіруші әлеуеті солар арқылы жүзеге асырылады.

Елімізде ұзақ тарихи жолдан өткен ұлыстар мен ұлттар өмір сүреді. Олардың өз салт-санасы мен діні, ділі және тілі қа­лыптасып, оның ажырамас бір құн­дылығы ретінде бірге жасап келеді. Ол заңдылық. Мұны сыйлау, құрметпен қарап, төзімділік таныту маңызды. Ішкі-сыртқы факторларды ескере отырып, ортақ Отанымыз Қазақстанда қалып­тасқан береке-бірлікті сақтаудың маңыз­дылығы туралы әрі қарай да нәтижелі жұмыс істеудің шарттары күрделі болып көрінуі мүмкін. Бірақ ол қолдан келетін шаруа. Ылғи айтып жүрген экономикалық өсім, кедейлікті жою, жемқорлықтан ада болу, ақпараттық технологияны игеріп, ғылымды дамыту, мәдениетімізді сақтап қалу, міне осы шарттар орындалса бізді сырттан жау алмайды. 

Рас, тонның ішкі бауындай тату-тәтті өміріміз бен бірлігіміз қалыптасты. Ол кешегі, бүгінгі, алда болуы мүмкін қауіп-қатерлерде, сын-сағаттарда сыр бермесе екен деп тілеймін. Қазақ халқының «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген қанатты сөзі татулық пен бауырластықтың берік қазығы десек қателеспейміз. Біз де осы қағидамен өмір сүреміз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ