Қазақстан ашық теңізге Ауғанстан арқылы да шығатын жолды көздейді. 2024 жылғы 24 сәуірде аталған елге барған қазақстандық делегация бірлескен көлік мүмкіндіктерін кеңейту мәселесін жан-жақты қарастырды.
Теңізге жеткізер тура жол
666
оқылды

Қазақстан және Ауғанстан Премьер-Министрлерінің орынбасарлары Серік Жұ­манғарин мен Абдулании Барадардың кез­десуінде тараптар Орталық және Оң­түс­тік Азияны интеграциялау жоба­ларын­дағы ынтымақтастықты дамытуға өзара мүд­делілік танытты. Атап айтқанда, қа­зақ­­стандық тараптың трансауғандық дә­ліз­ді дамыту жобаларын іске асыруға қа­тысу дайындығы пысықталды. Ол жоба «Тер­мез – Мазари-Шариф – Кабул – Пе­ша­вар» және «Герат – Кандагар – Спин-Бул­дак» теміржолдарын салуды көздейді.   

Түптеп келгенде, трансауған дәлізі жал­­ғыз Қазақстан мен Ауғанстан үшін ға­на емес, тұтас Орталық Азия және Оң­түс­тік Азия елдері арасында жүктерді жет­кізу уақытын 10 есеге қысқартуға мүм­кіндік береді. Нәтижесінде, тауарды та­сы­малдау құны да төмендемек. Қазақстан те­міржолдың жоғарғы құрылысына ар­нал­ған материалдарды, өз өндірісінің шпал­дары мен бекіткіштерін жеткізу ар­қылы трансауған магистралінің құры­лы­сына қатысуға дайын.

Айта кету керек, соңғы үш жылда Қа­зақ­станнан Ауғанстанға экспорттық та­сымалдау көлемі тұрақты түрде өсіп ке­ле­ді. Мәселен, былтыр теміржол арқылы жү­кі тасымалдау көлемі 2,7 млн тоннаны құра­ды, оның 1,5 млн тоннасы – ұн мен ас­тық. Бұл көрсеткіш 2021 жылғы деңгей­мен салыстырғанда 14%-ға көп. Мамандар алдағы жылдары экспорт 40%-ға артады деп болжайды. Тіптен 2030 жылға қарай та­сымал көлемінің 3 есе өсуі күтілуде.

Екі ел үкіметінің мүшелері мен іскер топ­тарының кездесуінде «Қазақстан темір жо­лы» ҰК» АҚ өкілдері экспорттық және транзиттік жобаларды таныстырды. «Бүгінде Қазақстаннан Өзбекстан, Ау­ған­стан, Пәкістан арқылы және одан әрі теңіз арқылы БАӘ-дегі Джебель-Али пор­­тына дейін жаңа мультимодальды экс­порт­тық бағыттарды ұйымдастыру бойын­­ша пилоттық жоба басталды. Жаңа бағыт KTZ Express-тің қатысуымен ұйым­дас­тырылды. Экспорттаушы – қа­зақ­стандық Bio Synergy co, жүктерді жет­кізу бойынша серіктес – пәкістандық National Logistics Cell (NLC). Қазір Пав­л­одар облысында жүк тиеу басталды. Бұл – алюминий силикатты қуыс мик­рос­фера. Алматыда жүк контейнерлерге тие­ліп, пәкістандық серіктес машиналарына ауыс­тырылады. Әрі қарай автокөлікпен Өз­бекстан мен Ауғанстан арқылы Пәкі­стан­ның Карачи портына дейін жеткі­зі­ле­ді. Ол жерден екі контейнер теңіз арқы­лы БАӘ-дегі Джебель-Али портына дейін жөнелтіледі», – деді «ҚТЖ» ҰК» АҚ бас­­­­­қарушы директоры Бауыржан Орын­басаров.

Оның айтуынша, жүктерді межелі жер­ге жеткізудің мерзімі – шамамен 20-25 күн. Пилоттық жобаны сәтті іске асыру ке­зінде жүк ағыны да едәуір артпақ. 

Сондай-ақ тараптар екі мемлекет ара­сындағы әуе қатынасын қалпына келтіру мүм­кіндіктерін талқылады. Қазақстан мен Ауғанстанның авиациялық билігі ара­сындағы өзара түсіністік туралы ме­мо­ран­дум шеңберінде Тараптардың авиа­та­сымалдаушылары аптасына 3 тұрақты жо­лаушылар жүк рейстерін орындауға құқылы. Қазақстандық тарап бұл мәселені Ауған авиакомпанияларынан өтінімдер түскен кезде қарауға дайын екенін жет­кізді.

Ауқымы кең нарық

Ең алдымен, біздің ел үшін Ауғанстан – ауқымды нарық. 2023 жылы атал­ған елдегі халық саны 42 079 578 адам болса, биылғы жылдың басындағы көрсеткіш – 43 349 960 адам. Ауғанстанда табиғи өсім жоғары. Мәселен, 1991 жылы ха­лық саны 12 859 307 болған. Одан бергі 33 жылдың ішінде үш еседен астам кө­бей­ген. БҰҰ Ауғанстандағы халық саны 2035 жыл­ға қарай 50 млн-нан асады деп бол­жап отыр. Ол аз десеңіз, Ауғанстан арғы жа­ғында 232 833 249 адамы бар Пәкі­стан­мен шектеседі. Демек, Қазақстанға ауған же­рі арқылы өнімін Оңтүстік Азияға ө­т­кізу­ге мүмкіндік ашылады. Теңізге шығар төте жолдың бірі де осы. 2021 жылы Қа­зақ­станның Пәкістанға экспорты 65,9 млн долларға жеткен болатын, бұл тұрғыда өнім түрлерін көбейтудің мүмкіндігі әлі де көп. Былтыр екі елдің арасындағы тауа­р ай­налымы 38,7 млн долларды құрады.

Қазақстанның әзірге ең басты өнімі – ұн. Жыл сайын қазақстандық ұнның  60-70% Ауғанстан нарығына шығарылады. Был­тырғы қыркүйек айындағы ресми дерек­ке қарасақ, Ауғанстанға 258,8 млн дол­лардың ұны сатылыпты. 

Ал 2022 жылы Қазақстан мен Ауған­стан арасындағы тауар айналымы 987,9 млн долларды құрап рекордты көр­се­­т­кіш­ке жетті, бұл 2021 жылғы көрсеткіштен (474,3 млн доллар) 2 есе артық. Ауған­стан­нан біздің елге минералды және газдалған сусын­дар, жүзім, кептірілген жемістер, жеміс шырынын импортталады. 

Қазақстан вице-премьері Серік Жұ­ман­ғарин Ауғанстан премьер-министрінің орынбасары Абдул Гани Барадармен кез­десуі барысында астық пен ұн жеткізу кө­­лемін арттыру үшін Бейнеу терми­на­лының қуатын қарастыруды ұсынды.

«Бүгінде Қазақстан Ауғанстанның не­гізгі сауда серіктестерінің ондығына кіре­ді. Сіздердің елдеріңіз қазақстандық ас­тық пен ұнды дәстүрлі түрде импорттап ке­ле­ді. Қазақстан бұл тауарларды Ауған на­рығына сенімді жеткізуші болды және бо­лып қала береді», – деді Серік Жұман­ғарин.

Бейнеу терминалы Маңғыстау облы­сының аумағында орналасқан, Қазақ­стан–Түрікменcтан шекарасына тікелей шы­ғ­а алады. Терминалда барлық қа­жетті өндірістік инфрақұрылым бар. Ол өнім­ді экспортқа одан әрі тасымалдау үшін құр­лық­тағы ауыстырып тиеу тер­миналы-жи­нақтағыш міндетін орындай алады. Оған қоса, терминалдың қуатты­лы­ғы айына 100 мың тоннаға дейін астық, 12 мың тон­на ұн және 3 мың тоннаға дейін құра­ма жем жөнелтуге мүмкіндік береді.

Транзиттік әлеуеттің тағы бір қыры

Сонымен қатар Қазақстанның Оң­түстік Азия бағытына қарай қытай жүк­терін транзиттен өткізу мүмкіндігі бар. Яғни, ол Қытайдан Қазақстан бағытында жү­ретін барлық контейнерлік пойыз­дар­дың 40%-ын біріктіретін Сиандағы (ҚХР) Құрғақ порт аумағындағы меншікті тер­минал. Бұл аз десеңіз, Ляньюньган пор­тында күн сайын Қазақстан бағытына екі контейнерлік пойыз түзетін Қазақстан–Қы­тай терминалы жұмыс істеп тұр. Осы­лайша, егер трансауған теміржолдары са­лы­натын болса, онда жүктер Қытайдан Қа­зақстан арқылы тек батысқа ғана емес, Ауғанстан арқылы Пәкістан, Үндістанға да өтеді.

Сондай-ақ Қазақстан тарапынан Қы­тай–Қазақстан (Ақтауға дейін) – Түр­кі­мен­стан – Ауғанстан (Тургунди/Анхой) ба­ғы­ты бойынша Қытай өнімдерін Қазақ­стан аумағы арқылы Ауғанстанға жеткізуді әртараптандыру туралы ұсыныс айтылды. Жүктерді біріктіру үшін Сиань қаласын­да­ғы (ҚХР) терминалды пайдалану ұсы­нылды. Қазақстандық мамандардың есебі бойынша Сиань/Үрімжі қалаларынан Ауған­станға (Тургунди/Анхой) ұйым­дас­тырылған контейнерлік пойыздармен тауар­лар жеткізу уақыты шамамен 10-12 күн.

Вице-премьер Серік Жұманғарин бас­таған қазақстандық делегацияның Ау­ған­станға ресми сапары аясында, «элек­трон­ды үкімет» бойынша отандық әзір­ле­ме­лер­дің ең үздік шешімдері таныстырылды. Өз кезегінде «Ұлттық ақпараттық тех­но­ло­гиялар» АҚ өкілдері Data Lake, Smart Bridge және Gov.kz сияқты үздік қазақ­стан­дық шешімдерді енгізудің мүмкін­дік­тері мен экономикалық тиімділігін көр­сет­ті. «Бүгінде Қазақстан мемлекеттік қыз­­­­меттерді онлайн форматқа көшіру бойынша әлемде алғашқылардың қата­рын­да. Тәжірибемізді бөлісуге және ауған се­ріктестерімізге үздік тәжірибелерді бе­ру­ге дайынбыз. Біз үшін тағы бір басым ба­ғыт – мектептерге интернет қосу. Бар­лық оқушылардың білім алуға қолжетім­ділі­гін қамтамасыз ету үшін қажетті қол­дау­ды көрсетуге әзірміз», – деп мәлімдеді С.Жұманғарин. 

Атап айта кетерлігі, бүгінде Қазақстан он­лайн қызметтерді дамыту деңгейі бойын­ша БҰҰ рейтингінде 8-орында тұр. Ал жалпы рейтингте «электронды үкі­мет­ті» дамыту индексі бойынша 28-орын­да­мыз. Бұл орайда, мемлекеттік қызметтер­дің 94% автоматтандырылып, электронды форматқа көшірілген. Былтыр ІТ-өнімдер мен қызметтер экспорты 5 есеге артып, 500 млн долларға жетті. Сондай-ақ қазақ­стан­дық делегацияның ресми сапары барысында тараптар «Қазақтелеком» АҚ мен «Ауғантелекомның» коммерциялық ын­тымақтастығы аясында Ауғанстанға интернет трафигін 60-тан 100 Гбит/с-қа дейін кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.

Бизнеске берілген жаңа мүмкіндік

Біздің делегацияның Ауғанстанға рес­ми сапары барысында қазақстандық 35 ко­м­п­ания Кабулда өткен Қазақстан–Ау­ған­стан бизнес-форумы мен көрмесінде өз өнімдері мен қызметтерін ұсынды. Қа­­­­зақстанның іскер топтарының құра­мын­да серіктестіктің жаңа бағыттарын құру үшін QarMet компаниясының, Doscar Group дилерлік орталығының (KIA, Chevrolet брендтері), Кентау трансфор­ма­тор зауытының, Kaspy Group компаниялар тобының (металл конструкцияларын дайын­дау, ауыл шаруашылығы техни­ка­сын өндіру) өкілдері, зертханалық сынақ­тар­ды, медициналық дәрі-дәрмек, май өнімдері, кондитерлік өнімдер, тоқыма және басқа да тауар өндіруші кәсіпкерлер барған-ды. Бизнес-форумның ашылуында Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин Ауғанстан делегациясының Қазақстанға сапары қорытындысына сәй­кес екіжақты тауар айналымын 3 млрд дол­ларға дейін арттыру міндеті қойыл­ға­нын еске салды. «Біз химия өнеркәсібін­дегі, тау-кен металлургия кешеніндегі өн­дірісті бірлесіп дамытуды, Ауғанстан аумағында қатты пайдалы қазбаларды геологиялық барлау, ИТ-технологияр са­ласында, өндіру және өңдеу бойынша бір­лескен жобаларды іске асыру жөніндегі өзара іс-қимылды қарастыруды ұсынамыз. Қазақстан тарапы Ауғанстанда авто­кө­ліктерге қызмет көрсететін дилерлік орта­лық­тардың орналасу орнын кейіннен анық­тай отырып, отандық өндірістің ав­томобильдерін жеткізуге мүдделі», – де­ді С.Жұманғарин.

Одан бөлек, екі елдің жоғары білім жә­не ғылым саласындағы ынтымақ­тас­тығы аясында Серік Жұманғарин Ауған­стан азаматтарына Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқуға берілетін грант­тардың жыл сайынғы санын 30-дан 60-қа дейін арттыруды ұсынды. Сондай-ақ вице-премьер Ауғанстаннан келген 30 ба­ланы Қазақстанның жазғы лагерьлерін­де 10 күн демалуға шақырды.

Ауған кәсіпкерлері қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұра­ныс­тың әлі де жоғары екенін байқатты. Биз­нес-форум қорытындысы бойынша 12 млн доллардан астам сомаға күнбағыс майы, дәнді дақылдар мен ұн жіберу тура­лы келісімдерге қол жеткізілді. Ауған ком­паниялары мотор майына үлкен қы­зығушылық танытып, отандық жеткізу­ші­лермен аталған тауарды жеткізуге ал­ғаш­қы келісімшартқа қол қоюды жос­парлап отыр.

Іскерлік кездесу нәтижесінде Герат қа­ласында Қазақстанның сауда үйі ресми түрде ашылып, өз жұмысын бастады, сон­дай-ақ ол Қазақстан–Ауғанстан сауда-экономикалық қарым-қатынастарының жандануына ықпал ететін болады.

Жерасты байлығын бірігіп игермек

Ауғанстан – пайдалы қазбаларға бай мемлекет. Елде мұнайдың, табиғи газдың, тас көмірдің, темір және түсті кеннің, мыс пен алтынның және сирек кездесетін ме­тал­дардың мол қоры бар. Кезінде аталған елдің 30% аумағына зерттеу жүргізген АҚШ-тың Геологиялық қызметі (USGS) рес­публиканың ресурстық мүмкіндігін ша­мамен трлн доллар деп бағалапты.

Қазақстан вице-премьері Серік Жұ­манғарин Ауғанстанның Мұнай және шах­та министрі Шахабуддин Делавармен кез­десуде геологиялық барлау, пайдалы қаз­баларды өндіру саласындағы ынты­мақ­тастық перспективаларын талқылады. Ке­ліссөздерге отандық ERG Exploration және Kazakhmys Barlau өкілдері қатысты.

Қазақстан мұнай мен газдың, қатты пайдалы қазбалардың айтарлықтай қоры­на ие бола отырып, көптеген жыл бойы құ­рылыс-монтаждау жұмыстары, ұңғы­маларды күрделі жөндеу, сараптама, зерт­ханалық зерттеулерде мол тәжірибе жи­нады. Сондай-ақ жобалау, инжиниринг жә­не бұрғылау саласында шетелдік жет­кізу­шілермен еркін бәсекелесе алатын мұнай сервисі және өндіруші компания­лар­дың кәсіби пулын қалыптастырды. 

Бүгінде республикада геологиялық бар­лауға жеке инвестициялардың өсу үр­дісі байқалады. Атап айтқанда, соңғы бес жылда қатты пайдалы қазбаларды бар­лау­ға инвестициялар 2,5 есе өсті (2018 жыл­ғы 33,9 млрд теңгеден 2023 жылы 82 млрд теңгеге дейін). 

Осынау мүмкіндікті зерделей келе тарап­тар бірлескен жобаларды анықтау және оларды іске асыру үшін  екі елдің мамандарынан техникалық комитет құру­ға келісті. Ол үшін Ауғанстан үкіметі Қа­зақстанға перспективалы кен орындары бел­гіленген карталар мен тиісті зерт­теу­лерін беруді мақұлдады.

Бауыржан БАЗАР