«TikTok сатылмайды» дейді әлеуметтік желінің қытайлық қожайыны ByteDance компаниясы. Танымал желіні сату туралы ақпараттың өтірік екені жарияланды.
TikTok-қа тыйым салса айдаһар АҚШ-ты «тістеп ала» ма?
TikTok тыйымы «АҚШ-тың өзін тістейді». Фото youtube.com/@CheAlisa каналынан алынды
1,895
оқылды

TikTok-тың қытайлық бас компаниясы ByteDance пен АҚШ ресми билігі арасындағы тартыстың жаңа кезеңі басталғанын BBC News сайты жазды. Британдық басылымға сілтеме жасаған Aikyn.kz әлеуметтік желінің америкалық заңдарға қалай қарсы тұратынын түсіндіреді.

TikTok Америка «Конституциясына қайшы» заңға қарсы құқықтық жолдармен күресетінін, сотқа шағымданатынын айтты. Иллюстрация BBC News сайтынан алынды. Авторлығы: Reuters  

«ByteDance TikTok-ты сатуды жоспарлап отырған жоқ», – деп жазды компания Toutiao әлеуметтік желісіндегі ресми аккаунтында. Танымал видео қолданбаны сатуға немесе Америкада тыйым салуға мәжбүрлейтін заң қабылданғаннан кейін компания бұл бизнесін сатуға ниеті жоқ екенін айтуда. Ал АҚШ Президенті Джо Байден өзінің уәдесінде тұрып, сәрсенбіде (24 сәуір) заңға қол қойды.

Аптаның басында TikTok Америка «Конституциясына қайшы» заңға қарсы құқықтық жолдармен күресетінін, сотқа шағымданатынын айтты.

ByteDance мәлімдемесі The Information технологиялық индустрия веб-сайтындағы мақалаға жауап ретінде жазылды. Онда ByteDance АҚШ-та TikTok-ты әлеуметтік желінің алгоритмінсіз сатуды қарастыруда деген хабарлама тараған еді.

«Шетелдік БАҚ-та ByteDance-тің TikTok-ты сату туралы таралған ақпарат шындыққа жанаспайды», – делінген компанияның хабарламасында. Және өздерінің жазбасын «жалған қауесеттер» дегенді білдіретін қытай иероглифтерімен бірге берген.  

ByteDance TikTok-ты сатпайды, өзінің жазбасын «жалған қауесеттер» деген қытай иероглифтерімен берген. Иллюстрация BBC News сайтынан алынды. Авторлығы: ByteDance аккаунты

Бейжіңнің жеке технологиялық компанияларға бақылауды күшейтуі Америка Құрама Штаттарында және басқа батыс елдерінде Қытай Коммунистік партиясының ByteDance-ті «бақылауын қатайтты» деген алаңдаушылық туғызуда. TikTok болса Қытай үкіметі ByteDance-ті бақылайды деген мәлімдемелерді бірнеше рет жоққа шығарды.

«Біз сенімдіміз және соттарда қолданушының құқықтары үшін күресуді жалғастырамыз. Фактілер мен Конституция біз жақта... сенімді болыңыз, біз ешқайда кетпейміз», – делінген TikTok басшысы Шу Цзи Чудың осы аптада платформада жариялаған видео үндеуінде.

Қытай үкіметі әлеуметтік желі мен АҚШ саяси билігінің арасындағы тартысты қашықтан бақылап отыр. Сурет ixbt.com сайтынан алынды. Авторлығы: China Daily/SongChen

TikTok мәліметтері бойынша, әлеуметтік желінің негізін қалаушы қытайлық ByteDance-тің әлеуметтік желінің 20% акциясына иелік етеді.

TikTok-тың қалған акцияларының 60%-ға жуығы институционалдық инвесторларға тиесілі, оның ішінде Carlyle Group, General Atlantic және Susquehanna International Group сияқты ірі америкалық инвестициялық компаниялар бар.

Акциялардың қалған 20%-ы бүкіл әлем бойынша ByteDance қызметкерлеріне тиесілі. Сонымен бірге, ByteDance-тің Директорлар Кеңесінің бес мүшесінің үшеуі америкалықтар.

Қытай үкіметі болса әлеуметтік желі мен АҚШ саяси билігінің арасындағы тартысты қашықтан бақылап отыр. Қытайлық билік мағынасыз, негізі жоқ алаңдаушылықтарды жоққа шығаруда, және TikTok тыйымы «АҚШ-ты тістеп алу үшін өзіне қайтады» деп ескертті. Дегенмен АҚШ-та қабылданған заң TikTok-қа бірден тыйым сала алмайды.

Жаңа заң ByteDance-ке бизнесті сатуға тоғыз ай және ықтимал тыйым күшіне енгенге дейін қосымша үш айлық жеңілдік кезеңін береді.

Осы 12 ай өткен соң ғана АҚШ билігі заңды орындай бастайды. Оған дейін 2024 жылдың қарашасына жоспарланған президенттік сайлаудың жеңімпазы анықталып, TikTok-қа қарсы қабылданған заң қайта қаралуы мүмкін. Сәуірдің 20-сында Конгрестің Өкілдер палатасы қабылданған заң пакеті қазіргі Ақ үй қожайынының сайлау алдында имиджін көтеруге, қайта сайлануға көмектесуге арналғанын көпшілік түсініп отыр. Сондықтан бұл заң пакеті таза саяси технологиялық құрал ретінде бағалануда.