Апат аймағындағы мектеп оқушы­лары мен түлектерінің алдағы уа­қытта тапсыратын емтихан ереже­леріне бірқатар өзгерістер енгізілді.
Тасқын аймағындағы түлектер мәселесі шешілді
587
оқылды

Мемлекеттік білім беру грантына қатысты қабылданған шешімдер туралы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Аралбайұлы айтып берді.  

«Су басқан аймақтарда болып, елмен жүздесіп қайтқандағы көтерген бірінші мәселем – оқушыларға білім беруге қатысты дүние. Сол аймақтарда баланың барлығы онлайн оқуы мүмкін емес екенін айттым. Оқушы­ларға тиісті жағдай жасал­маған, үлкені де, кішісі де, бір жер­де жатыр. Сон­дықтан 9-сынып оқушы­ларын мемлекеттік емтиханнан босату керек деген ұсыныс айттық», – дейді ол.

Мәжіліс депутатының сөзінше, алда болатын емтихан сұрағы, талабы бәріне бірдей болғанымен, апат аймағындағы балалардың оқу бағдарламасын меңгеру деңгейі әртүрлі. Осыған орай, халық қа­лаулылары көтерген мәселе ескеріліп, Премьер-Министр О.Бектенов Оқу-ағарту министрлігіне тиісті тапсырма берген. 

«Біздің ресми хатымыздан кейін су астында қалған өңірлердегі барлық мек­тептен емтихандар алынып тасталды. Екіншіден, Оралға барғанда балаларды эвакуациялық пункттерге жатқызбай, мүмкіндік болса лагерьлерге орналастыру керек екенін айттық. Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан балабақша мен мек­тепалды даярлық сыныптарын қосқан­дағы 3 000-дай оқушы мен 600-дей мұғалім эва­куациялық аймақта қалғанын хабар­лады. Осы балаларды «Балдаурен» сияқты лагерьге орналастырып, психологиялық көмек көрсетіп, денсаулығына қарау керек. Сол талабымыз да ескерілді. Бірақ «Бал­дауренге» баланың барлығы сый­майды. Сондықтан қазір бүкіл аймақтағы лагерьлер­дің барлығы сол балаларды қамтып, жатқызу мәселесімен айналысып жатыр», – деді Н.Сәрсенғалиев. 

«AMANAT» фракциясының мүшелері бастамашы болған үшінші мәселе –волонтер-студенттердің талабы. Орал қала­сында тасқын зардабын жоюға көмек­тесіп жүрген ерікті жастар практика­лары­ның тоқтап тұрғанын жеткізген. «Олар ертең баға қойылмай қала ма?» деген қаупін айтты. Дереу Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұловқа хабар­ласқанымда Оралға ұшып келді. Екінші күні студенттермен кездесіп, нәтижесінде талап ескерілді. Студенттер апат жағдайын­да қанша күн волонтерлік қызметте болса, сонша күн практикадан өтті деп есептелетін болды. Төртіншіден, онлайн оқуға көшкен балалар тиісті білім ала алмай жатыр, диплом алатын жастарда дұрыс дайындық жоқ. Оқушылардың оқу бағдарламасын жүйелі меңгеруі үшін волон­терлердің орны ауысып отыратын болды. Сол кездегі есеп бойынша, 18-24 сәуір аралығында су келеді деген болжам болды. Соған сәйкес, 4-курс студенттерінің дипломын қорғау жұмысын екі аптаға шегерту туралы шешім қабыл­данды», – дейді депутат. Сондай-ақ арнайы емтихан тапсырған кезде берілетін әлеу­меттік балл волонтерлердің барлығына қосымша берілетін болып шешілген. Осылайша, студенттердің жоғары балл алуына мүм­кіндік жасалды. 

Депутат айтқан бесінші мәселе – Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қа­зақстан мемлекеттік университеті студент­терінің онлайн оқуға көшуі. «Бұл – тарихқа бай университет. Бірақ Жайықтың жаға­сында орналасқандықтан, су астына қалып кету қаупі бар. Қашанғы салдарымен күресеміз, себептеріне де алдын ала дайын­далуымыз керек қой. Осы талабым­нан кейін БҚМУ су келмей жатып, түгел­дей онлайн оқуға ауыстырылды. Одан кейін тағы бір шешілген мәселе апат ай­мағы болып жатқан өңірлердегі ұстаз­дарды аттестаттауға шақырып жатыр екен. Бар үйінен айырылып жүрген ұстаздарды қалай шақырады? Міндеттеп ақысыз демалысқа кетіріп жатыр деген фактілер де келді. Ұс­таз­дар ақысыз демалысқа кет­кен­де жа­ла­қы­сы жүрмейді деген сөз айтылып қал­ды. Әрине, сағат толмайды, бірақ ол ұстаз­дың сабақ бергісі келмегеннен емес қой, бүкіл ауыл, бүкіл мектепті су алып кетсе, ұстаздың не кінәсі бар? Сон­дықтан осы мәселелер бір­жақты реттеліп жатыр», – деді Н.Аралбайұлы.

Мәжіліс депутатының сөзінше, өңірде тасқын судың салдарынан сәт сайын ахуал ауырлай түскен. Апат салдарынан Батыс Қазақстан облысы бойынша 1 220 үй, Орал қаласында 14 мың үй су астында қалған. Сонымен қатар депутат оқушыларды жазғы мектепте оқыту ұсынысына әу баста қарсы болғанын айтады. Өйткені бірінші жылы мектеп дайын емес, ұстаздар жұмыс істеуі керек. Ал оларға қосымша ақысы төленуі керек. Оның үстіне, жазғы уақытта оқушының бірі демалыста болса, бірі оқып жатады. Мысалы, емтиханды басқалар ма­мырда тапсырса, кейбірі шілдеде тапсыруға тура келеді. Бұл баланы стреске алып келуі әбден мүмкін. 

«Саяжай тұрғындарына өтемақыны төлеуде де мәселелер туындайтыны анық. Ол жерде 70 мыңдай адам тұрса, 20 мыңы – тұрақты халық. Сол тұрақты халықтың тең жартысына жуығы студент, оқушылар шығар. Жаңа оқу жылының басына дейін үйлерін реттеп, өтемақысын бермесек, білім сапасы қандай болады? Олар үйсіз, күйсіз қаңғырып жүргенде қалай оқу оқиды? Ертеңгі күні елді басқаратын, білім саласын дамытатын сол жастар ғой. Қазір оларға жағдай жасап бере алмасақ, біздің құнымыз қанша? Сондықтан осы мәселе­лерді дереу қолға алып жатырмыз», – дейді депутат. 

Сондай-ақ Нартай Сәрсенғалиев Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша қойыл­ған тиісті талаптар қазір қаралып жатқанын айтты. ҰБТ-ға қатысты айтылған мәселенің ішінде екі талап ескеріліп жатыр.

«Ұлттық бірыңғай тестілеуден апат аймағындағы оқушылардың бәрін босату керек екенін айттым. Ол дегенім – бүкіл Батыс Қазақстан емес, су астында қалған бірқатар аудандар, аймақтар. Сол өңірдегі оқушыларға мемлекеттік грант берейік деген ұсыныс келтірдім. Неге? Өйткені елімізде әр жылы мыңдаған грант игеріл­мей қалады. Бұл – бір. Екіншіден, Маң­ғыс­тау, Атырау облыстарына нысаналы грант­тар бар. Олар да игерілмей қалып жа­тады. Ғылым және жоғары білім ми­нистр­лігі апат аймақтарға келген кезде осындай нысаналы гранттарды Түркістан сияқты халқы тығыз орналасқан аймақ­тарға қосымша бөлу туралы мәселе ай­тылды. Оралдан келгеннен кейін дереу осы мәселені көтердім. Игеріл­мей жатқан гранттарды апат аймағындағы балаларға үлестіріп беру керек. Неге? Өйт­кені мау­сымда мемлекеттік білім гранты ойнаты­лады. Ал қазір түлектер Жоғары оқу орын­да­рына ақылы оқуға түсу үшін ҰБТ тап­сырып жатыр. Оны тапсыруға эвакуа­ция­­лық пункттердегі балалардың мүмкін­дігі, әрине жоқ. Не дәптері, не кітабы жоқ. Табиғи апат нысандарына жауапты ше­неуніктердің жауапсыздығы салдарынан халық жапа шегіп отыр. Бұл – осы салаға жауап­ты азаматтардың салақтығынан бол­ған апат. Биліктің басты міндеті – елге, халыққа болысу. Қазір ақылы оқуға түсу үшін ҰБТ-ға қатысу мүмкіндігінен айы­рылып отырған түлектерге біз көмектесуіміз керек және ақысыз оқыту керек. Мыңдаған бала далада қалып, қаңғырып жүр, ондайда оқу мүмкіндігі жоқ. Қара шаңырағынан айырылған баланы қандай сынаққа сала­мыз? Осы талапты айттым, осы нақтылы екі талап Үкіметте қарастырылып жатыр. Әлі мамыр айы келген жоқ, тағы бірқатар шешімдер қабылдануы керек деп санай­мын», – деп ойын түйді Мәжіліс депутаты Н.Аралбайұлы.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ