Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымы (ДМҰ) климаттың өзгеруінің салдарлары туралы ескерту жариялады. Біздің елдегі су тасқыны да әлемдік климаттың өзгеруімен байланысты деп айтуға болады.
Азия аймағы аптап ыстық пен су тасқынынан зардап шегуде
Климаттың өзгеруінен аптап ыстық пен су тасқыны жиіледі. Фото thelcn.com сайтынан алынды
1,567
оқылды

Азия елдеріндегі су тасқыны туралы Financial Times жариялаған мақалада болашақта бұл аймақта аптап ыстық пен су тасқыны жиі қайталануы мүмкін екенін жазды. Климаттың өзгеруінің әсері тағы қандай қиындықтар әкелуі мүмкін екенін Aikyn.kz британдық басылымның материалына сілтеме жасап түсіндіреді.

Гуандун провинциясындағы 4 миллион тұрғыны бар Цинюань қаласының көшелерін су басқан. Фото Financial Times сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images

Қытай мен Пәкістанның бірнеше провинциясында  су тасқыны болса, аптап ыстықтан Үндістан мен Бангладештегі мектептер жабылып, Таиланд пен Филиппинде тұрғындарға ескертулер жарияланды. Қытайдың өзінде су тасқынының салдарынан 100 мыңнан астам адам эвакуацияланған, Гуандун провинциясындағы 4 миллион тұрғыны бар Цинюань қаласында қатты жаңбырдан көшелерді су басқан.

Биыл Азияның көптеген аймақтары аптап ыстық пен су тасқынынан зардап шегуде. Үндістан, Таиланд және Бангладештегі аптап ыстық толқындары қоршаса, Қытай мен Пәкістандағы су тасқыны ауыр зардаптар туғызуы мүмкін деген ескертулер жасалуда. 

Үндістанның бірнеше аймағында температура қазірдің өзінде 40°C-тан асады, ал Бангладеш, Таиланд, Лаос, Филиппин, Мьянма және Индонезияда одан да жоғары температура тіркелген. Бұл елдердегі жоғары ылғалдылық аптап ыстықпен қосылып, адам ағзасына үлкен қауіп төндіруде.

Азия елдері аптап ыстықтан, су тасқынынан қиындық көруде. Фото business-standard.com сайтынан алынды. Авторлығы: Reuters

Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның есебінде сәуір айының аптап ыстығы көптеген Азия елдерінде 2023 жылғы рекордтық ыстық жаздан кейін болғаны айтылған.

Климаттың өзгеруі мен Тынық мұхитын жылытатын табиғи Эль-Ниньо құбылысы бірігіп, температураны көтерген. Азия елдері өткен жылы құрғақшылық пен аптап ыстықтан бастап, су тасқыны мен дауылға дейінгі төтенше жағдайларға ұшырады.

«Климаттың өзгеруі мұндай оқиғалардың жиілігі мен ауырлығын арттырды, бұл қоғамдарға, экономикаларға және ең бастысы, адамдардың өмірі мен біз өмір сүріп жатқан қоршаған ортаға қатты әсер етті», – дей ДМҰ Бас хатшысы Селесте Сауло.

Бангладеш үкіметі осы аптада елді шарпыған «қатты аптап ыстыққа» байланысты кейбір мектептерді жабуды бұйырды. Ал Үндістанның кейбір аудандарында аптап ыстыққа және температураның 45 градусқа дейін көтерілуіне байланысты мектеп демалыстары кейінге шегерілді.

Өткен жылы ауа райы, климат және суға байланысты апаттардан Азия елдері ең көп зардап шекті. Фото news.sky.com сайтынан алынды. Авторлығы: AP

Бангкоктағы туристер сейсенбі күні (23 сәуір) қатты ыстықты бастан кешірді. Таиланд билігі «ауа температурасы 44°C дейін жететінін хабарлап», елдің барлық аймақтарына ескерту жасады. Филиппиндік атмосфералық, геофизикалық және астрономиялық қызметтер басқармасы елдегі ыстық және құрғақ маусымда температура 52°C-қа жетуі мүмкін деген болжамдар жасаған.

ДМҰ мәліметтері бойынша, өткен жылы ауа райы, климат және суға байланысты апаттардан Азия ең көп зардап шеккен аймақ болды. Барлығы 79 табиғи апат 2 000-нан астам адамның өмірін қиды және тағы 9 миллион адам су тасқыны мен дауылдың салдарынан зардап шекті.

ДМҰ есебінде 2023 жылы Азиядағы орташа жылдық температуралар рекордтық деңгейге жететіні айтылады, әсіресе Батыс Сібірден Орталық Азияға және Шығыс Қытайдан Жапонияға дейін аймақтарда температура айтарлықтай жоғары болады.

2023 жылы Азиядағы орташа жылдық температуралар рекордтық деңгейге жеткен. Фото Financial Times Reuters сайтынан алынды. Авторлығы: Shutterstock / Narong Sangnak 

Нью-Делиде тұратын климат белсендісі Харджет Сингх Азия елдерінің экономикалары жаңа жағдайға бейімделу үшін және климаттың өзгеруінен болатын салдарлармен күресу үшін қаржыландыруға өте мұқтаж екенін айтады.

«Азиядағы дамушы елдер болжамды апаттармен және климаттық өзгерістердің нашарлауымен күресу үшін тиісті құралдарсыз климатқа байланысты қиындықтарды бастан кешіруге мәжбүр», – дейді ол.

Жақында Дубайдағы толассыз нөсер жаңбыр да климаттық өзгерістермен байланысты. Мына видеодан көріңіз:

ДМҰ есебінде Азияның көптеген бөліктерінде теңіздер дүниежүзілік теңіз бетінің орташа температурасымен салыстырғанда 3 есе жылдам жылынып жатқаны да айтылған.

Биылғы су тасқыны Қазақстанның да 10 облысында тіркелді, мыңдаған үйді су басты, бірнеше мың тұрғын басқа жерлерге уақытша көшірілді. Үкімет пен тұтастай қоғам төтенше жағдаймен күреске жұмылып жұмыс істеуде. Әлемдік климаттың өзгеруінен болатын, жылда қайталануы мүмкін мұндай қауіптерге кешенді түрде, су тасқынының зиянын азайтуға арналған бағдарламаны Қазақстан Үкіметі қабылдайды деп ойлаймыз.