Сенатта TikTok-қа тыйым салатын даулы заң жобасы мақұлданды. Президент заң жобасына қол қоятынын айтты.
Президент TikTok-қа тыйым салатын заң жобасына қол қоятынын айтты
ByteDance TikTok-ты 9 айда басқа компанияға сатуға міндеттелді. Иллюстрация calltouch.ru сайтынан алынды
652
оқылды

BBC News қытайлық TikTok платформасына ел аумағында тыйым салатын заң жобасын америкалық Сенат мақұлдағанын жариялады. Британдық медиа корпорацияның хабарламасына сүйенген Aikyn.kz бұл даулы заң жобасының қабылдануынан туындайтын салдарларын талдайды.

АҚШ президенті Джо Байден заң жобасы жұмыс үстеліне жеткенде қол қоятынын мәлімдеді. Фото Official White House сайтынан алынды. Авторы: Cameron Smith

Қабылданған заңға сәйкес қытайлық TikTok-тың иесі ByteDance-ке әлеуметтік желіні сатуға тоғыз ай уақыт беріледі. Егер осы уақыт ішінде қытайлық компания TikTok-тағы үлесін басқа елдің компаниясына сатпаса, онда қолданба АҚШ-та бұғатталатын болды. Заң жобасы АҚШ президенті Джо Байденге жіберілді, ол заң жобасы жұмыс үстеліне жеткенде оған қол қоятынын мәлімдеді.

ByteDance өздерінің заңды құқықтарын қалай қорғайтындарын әлі жариялаған жоқ. Қытайлық компания бұған дейін TikTok-ты сатуға мәжбүрлеу әрекеттеріне қарсы тұратынын айтқан.

Егер АҚШ ByteDance-ті TikTok-ты сатуға мәжбүрлегеннің өзінде бұл мәміле Қытай шенеуніктерінің мақұлдауын талап етеді дейді сарапшылар. Бұған дейін Бейжің америкалық биліктің мұндай қадамына қарсы тұруға уәде берген еді. Сарапшылар пікірінше, бұл процесс жылдарға созылуы мүмкін.

Жаңа заң қытайлық иесінен қолданбаны сатуды талап етеді. Фото nikvesti.com сайтынан алынды

Бұл шара Украина, Израиль, Тайвань және Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы АҚШ-тың басқа серіктестеріне әскери көмекті қамтитын төрт заң жобасының бір бөлігі ретінде қабылданды. Ол заң шығарушылардың кең қолдауына ие болды: 79 сенатор заң жобасын қолдап, 18 сенатор қарсы дауыс берген.

«Бірнеше жылдар бойы біз Қытай Коммунистік партиясына Америкадағы ең танымал қолданбалардың бірін басқаруға рұқсат бердік, ол қауіпті еді. Жаңа заң қытайлық иесінен қолданбаны сатуды талап етеді. Бұл Америка үшін жақсы қадам», – дейді Сенаттың Барлау комитетіндегі республикалық жетекші сенатор Марко Рубио.

Aikyn.kz наурызда АҚШ Конгресіндегі осы заң жобасының қабылдану себептері мен талқылану барысы туралы жазған.

TikTok бас директоры Шоу Цзи Чу платформаны заңдық негізде қорғайтынын айтады. Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Tom Williams

Өткен аптада әлеуметтік медиа компания заң жобасы «170 миллион америкалықтың сөз бостандығы құқығын таптайды, 7 миллион бизнесті қиратады және АҚШ экономикасына жыл сайын 24 миллиард доллар үлес қосатын платформаны жауып тастайды» деген мәлімдеме таратқан. Америкалық қоғамның бұған қандай көзқараста екені жақын айларда белгілі болады.

Ал TikTok бас директоры Шоу Цзи Чу өткен айда компания платформаны қорғау үшін өзінің «заңды құқықтарын» пайдалануды қоса алғанда, қолдан келгеннің бәрін жасауды жалғастыратынын айтқан.

Ричмонд университетінің заң профессоры Карл Тобиас BBC-ге «шамамен екі жылға созылатын» ұзақ сот шайқасы болуы мүмкін екенін жеткізген. Ол сондай-ақ егер тоғыз ай ішінде ByteDance үлесін сатып алушы табылмаса, ол АҚШ-тағы TikTok-қа қарсы кез келген әрекеттер тағы да созылып кетуі мүмкін екенін айтқан.Миллиондаған америкалықтардың жеке деректері Қытайдың қолына түсуі мүмкін деген қорқыныш Конгресте TikTok-ты Бейжіңнің ықпалынан ажыратуға арналған заңның қабылдануына алып келді.

TikTok болса «ByteDance компаниясы Қытайдың немесе басқа елдің агенті емес» деп мәлімдеуде. ByteDance бұл қытайлық компания емес екенін айтып, оның акцияларының 60% жаһандық инвестициялық топтар иеленетін көрсетуде.

Конгресс қабылдаған заңды 6 айдан кейін өтетін АҚШ Президентінің сайлауының алдындағы екі алпауыт мемлекеттің әлемдік көшбасшылыққа таласқан бәсекесінің жаңа бір тармағы деп қабылдаған жөн.