Парламент Сенатның депутаты Ғалиасқар Сарыбаев Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Абайұлына депутаттық сауал жолдап, мектеп түлектеріне грант тағайындалуын ұсынды.
Ғалиасқар Сарыбаев: "Ректорлар жастарға қамқорлық ретінде грант тағайындағаны дұрыс"
1,225
оқылды

Оның айтуынша, 1 сәуірден бастап елімізде 3 миллионнан астам оқушыға 2023-2024 оқу жылының төртінші тоқсаны басталды. 

үгінгі күні, төтенше жағдай жарияланған 12 облыстың 38 ауданының 41 елді мекенінен 117 617 адам қауіпсіз жерлерге көшірілді, оның ішінде  43 887 - і балалар, 18 651 азамат өз елді мекендеріне қайтып барды. Ал, 92 034 адам туған - туыстарының үйінде, уақытша орналастыру пункттерінде 6 932 адам, оның ішінде 3 143 - і балалар. Өкінішке орай, 8 білім объектісі су астында қалды.

Су тасқынына байланысты мемлекетіміздің 11 облысында мектеп оқушылары 1 сәуірден бастап қашықтықтан оқытуға көшті. Оқыту процессі су басу қаупі бар 56 мектепте, сондай-ақ уақытша қабылдау пункттерінде орналасқан 32 оқу орнында ұйымдастырылған. Бұдан басқа, алдын - алу шарасы ретінде колледждерде оқыту онлайн-форматқа ауыстырылды.

Эвакуациялық пункттердегі балаларға қажетті психологиялық қызметтер берілуде. Балалар киіммен, мектеп және техникалық құралдармен қамтамасыз етілген. 1-4 сыныптардың оқушыларын тамақпен қамтамасыз ету мәселесі пысықталған. Оқу-тәрбие процессі мемлекеттік жалпы білім беру стандартына сәйкес ұйымдастырылған.

Алайда, туындаған төтенше жағдай ағымдағы жылдың мамыр-маусым айларында өтетін мемлекеттік білім гранттарын алу конкурсына қатысу үшін талапкерлердің, 11-12 сынып оқушыларының ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалуына кері әсерін беруде.

Қалыптасқан қолайсыз жағдайға байланысты мектеп түлектері тестілеуге сапалы дайындалу мүмкіндігінен айырылды.

Былтыр желтоқсан айында 6 Сенатор депутаттық сауалында түлектерді ҰБТ-ға дайындау проблемасын көтерген болатын. Онда мемлекеттік білім беру жүйесінде жүргізілген реформаларда, мектепте мемлекеттік емтихан түрінде 11(12) сынып түлектері үшін қорытынды аттестаттауды енгізу, мұғалімдерді ҰБТ-ға оқушыларды даярлаудан босатып, оны жоғары оқу орындарына қабылдау емтиханы ретінде айқындалғанын айтқан болатынбыз.

 Қайталап айтуға тура келеді, балаларды ҰБТ-ға дайындау саласындағы реттеуді мемлекеттік органдардың бірде - біреуі жүзеге асырмайды, өйткені бұл функциялар Оқу-ағарту министрлігінде де, Ғылым және жоғары білім министрлігінде де көзделмеген. Бір ведомство үшін талапкерлер оқушылар емес, екіншісі үшін - әлі студенттер емес. Су тасқыны аяқталғанан кейін біз бұл мәселеге ораламыз. Себебі бізді уәкілетті органдардың жалпылама берген жауабы қанағаттандырмайды.

Осыған байланысты біз зардап шеккен аймақтардағы түлектердің тағдырына алаңдаймыз. Апатты табиғи жағдайға байланысты бұл балалардың Ұлттық бірыңғай тестілеуде төмен нәтиже алып, мемлекеттік білім беру гранттарына қол жеткізе алмай қалу қауіпі өте жоғары.

2010 жылы Қызылағаш трагедиясында апатты аймақтан 500-ден астам бала, оның ішінде 20 жоғары сынып оқушылары эвакуацияланды. Олардың ҰБТ-ға толыққанды дайындығын қамтамасыз ету үшін балалар мектеп-интернатқа орналастырылды, бірыңғай ұлттық тестілеуге дайындық ұйымдастырылды, нәтижесінжде түлектердің көбісі мемлекеттік білім гранттарының иегерлері атанды.

Ол кезде орта және жоғары білім беру мәселелері бір министрліктің қарауында болды және бұл мәселелер шешімін тапты.

Биылғы жағдайға байланысты біз балаларды шетте қалдыра алмаймыз және оларға жоғары білім алу құқықтарын іске асыру мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндеттіміз.

Сіздерден осы көтерілген мәселелерге ерекше назар аударып, оны бақылауға алуларыңызды сұраймыз.

Бірінші. Тәжірибе көрсеткендей, төтенше жағдайда әдетте құжаттардың, соның ішінде оқу процессіне қатысты іс-қағаздардың, жеке басын куәландыратын құжаттардың жоғалуына әкеледі.

Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім, Ішкі істер, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері, «Азаматтарға арналған үкімет» комерциялық емес акционерлік қоғамы түлектердің құжаттарын тезірек қалпына келтіруге жәрдемдесуі қажет. Себебі бүгінгі күні оқудың бітуіне 38 күн қалды. Ал, төтенше жағдайда қалған қанша бала оқуды бітіретіні, қанша бала оқуға баруды армандап жүргені әлі анықталмаған.

Екінші. Су басқан аймақтарда ұлттық бірыңғай тест өткізу пункттері де зардап шеккен болуы мүмкін. Ол да, әлі қарастырылмаған. Тестілеудің екінші кезеңінде олардың қызметін қалпына келтіру жөнінде шаралар қабылдау қажет болады.

 Үшінші. Екі бейінді министрлік – Оқу-ағарту мен Ғылым және жоғары білім министрлігі қалыптасқан жағдайды назарға ала отырып, түлектерді ҰБТ-ға даярлауға және олардың жоғары оқу орындарына түсуіне жәрдемдесу қажет.

 

Меншік иелігіне қарамастан әрбір жоғары оқу орындарының басшылары жастарға деген қамқорлық ретінде ректор гранттарын тағайындаса абзал болар еді.

Төртінші. Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларында табиғи зілзала немесе өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне залал келтірілген жағдайда азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін негіздеме белгіленген.

Осыған орай, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы жұмысқа белсене араласып, жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында білім алушыларға әлеуметтік қолдау көрсету бағдарламалары шеңберінде алдын - ала қаражат қарастырып, халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан талапкерлерге қолдау көрсеткені жөн.

Бесінші. Уақытша қабылдау пункттерінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың денсаулығы мен өмірін сақтауға бағытталған шаралар қарастырылуда" дейді Парламент Сенатның депутаты Ғалиасқар Сарыбаев.