Әрбір уәкілетті органның қызметіне тиісті құқықтық баға берілетін болады.
Су тасқыны: Бас прокуратура үш облыста сотқа дейінгі тергеуді бастады
Фото: el.kz
2,214
оқылды

Су тасқынына байланысты бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуы, су тасқынының алдын алу жөніндегі жоспарлардың уақытылығы мен толықтығы зерттелуде. Осыған байланысты Бас прокуратура еліміздің үш өңірінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бүгінгі күні жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі жарияланған 10 облыста уәкілетті мемлекеттік органдар салдарларды жою және азайту, жаңа аумақтарды су басуға жол бермеу жөнінде шаралар қабылдап жатыр. 

Авариялық-құтқару жұмыстарына ТЖМ, ІІМ, әкімдіктер мен басқа да қызметтердің 10 мыңнан астам қызметкері жұмылдырылды. Ең күрделі жағдай Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай және Атырау облыстарында қалыптасып отыр.  

Прокуратура органдары нақты елді мекендерді су басу, жолдардың, көпірлердің, гидротехникалық және басқа да объектілердің қирау себептерін белгілейді. Атап айтқанда, бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуы, су тасқынының алдын алу жөніндегі жоспарлардың уақтылығы мен толықтығы зерттеліп жатыр. Қорытындысы бойынша әрбір уәкілетті органның қызметіне тиісті құқықтық баға берілетін болады. 

Бүгінгі таңда прокурорлар Ақтөбе, Алматы және Атырау облыстарында сотқа дейінгі 4 тергеп-тексеруді бастады.  Жергілікті жерлердегі прокурорлар құқық қорғау органдарының заңдылық пен құқықтық тәртіп режимін қамтамасыз ету жөніндегі қызметін үйлестіреді.   

«Проблемалық учаскелерді қоршау және патрульдеу, азаматтардың мүлкін қорғау қамтамасыз етілген.  Осы қиын кезеңде азаматтарды дүрбелеңге түспеуге шақырамыз. Әрбір зардап шеккен отбасына қолданыстағы заңнамаға сәйкес толық көлемде көмек көрсетіледі.        Бұл мәселе прокуратура органдарының тұрақты бақылауында.   Өтемақы алу алгоритмі Үкіметтің қаулысымен бекітілген арнайы ережелермен нақты реттелгенін түсіндіреміз. Жергілікті атқарушы органдар біржолғы материалдық көмек төлеуге кірісті», - делінген Бас прокуратура хабарламасында.   

Жалпы, барлық уәкілетті мемлекеттік органдар мен құқықтық тәртіп органдары еріктілердің қолдауымен күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.  Су тасқынын оқшаулау және қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. 

«Қалыптасқан жағдай аясында халық пен БАҚ-ты жалған ақпарат таратудан бас тартуға және тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз.   Жалған ақпаратты орналастыру, тарату әкімшілік және қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады. Құқықтық сипаттағы барлық мәселелер бойынша, оның ішінде залалды өтеу бөлігінде Сіз тұрғылықты жері бойынша прокуратура органдарына жүгіне аласыз», - деді Бас прокуратурадан.