Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысы өтті.
Азаматтарға барлық көмек көрсетіледі
838
оқылды

– Биылғы қарғын су ауқымы жағы­нан соңғы 30 жылдағы ең ірі су тасқыны саналған 2012 және 2017 жылдардағы деңгейден асып кетті. Бұл нені біл­діреді? Болжам жұмыстары мүлдем бол­маған. Жағдай салалық мамандар­дың тапшылығынан туындап отыр. Егер әкімдіктер жыл сайын су тасқы­нына қарсы жоспарланған барлық іс-шараны тиісті деңгейде жүзеге асыр­ғанда, ауа райы жағдайын ескергеннің өзінде, апаттың салдары мен ауқымы мұншалықты болмас еді. Соған қара­ғанда, әкімдіктер бұл жұмыстармен айналыспаған. Қазір су тасқынынан төнетін қауіп сейілді деуге келмейді. Сондықтан Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық ұланның, Қарулы күштердің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің барлық күші мен құралын, оның ішінде кадр­лық және техникалық ресурсын ба­рынша жұмылдыру қажет. Сонымен қатар еріктілерді, жәрдем бергісі ке­летін азаматтарды тарту керек. Алайда ең бастысы – мемлекеттік органдар. Ахуал кез келген сәтте ушығып кетуі мүм­кін. Қазіргі басты міндет – адам шы­ғынына жол бермеу. Бұл орайда жібе­ріл­ген қателіктер мен олқылықтар­ды ескеруіміз қажет, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке, құзырлы мемлекеттік органдарға және облыстардың әкімдеріне бірқатар тап­сырма берді.

– Су тасқынынан зардап шеккен адамдарға тиісті барлық көмек көрсе­тілсін. Бұл мақсатқа Үкіметтің және әкімдіктердің резервін ғана емес, «Қа­зақстан халқына» қорының қаржысын да пайдалану қажет. Осындай жауапты сәтте еліміздегі бизнес өкілдерін халық­қа қол ұшын созуға шақырамын. Апат­тан зардап шеккен азаматтарға және аймақтарға барынша қолдау көр­сету керек. Бұл – дәл қазіргі кезеңде бар­шаға ортақ міндет. Қарғын судан қатты шығынға ұшыраған батыс ай­мақтарда ірі кәсіпорын көп. «Самұрық-Қазына» қорына қарасты компаниялар, жер қой­науын игерушілер бар. Олар ха­лыққа жәрдем беріп, бүлінген инф­ра­құрылымды қалпына келтіруге атса­лысады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы. 

Президент су басқан аймақтарда әлеуметтік маңызы бар қызметтер мен азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу мәселесіне Үкімет назарын аударды.

– Су тасқыны мен өртке қатысты жағ­­дай жыл сайын қайталанады. Жауап­­­ты органдар мен салалық қыз­мет­тер­дің (Қазсушар, Қазгидромет) жобалау, сараптама жасау жұмыстары нашар ұйымдастырылған. Тиісті шара­лар, негізінен, жағдай орын алғаннан кейін немесе толыққанды болжам жа­сал­май қабылданады. Сондықтан бізге дағдарыс жағдайларын болжаудың нақты тетігі өте қажет. Цифрлық даму министрлігі Экология, Су ресурстары және Төтенше жағдайлар министр­ліктерімен бірлесіп жыл соңына дейін барлық ықтимал төтенше жағдайларды (су тасқыны, өрт және тағы басқа) мо­дельдеуге, тиісті болжамдар, ұсынымдар мен іс-қимыл жоспарын жасауға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе әзірлеуге тиіс. Айт­пақшы, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар, ең алдымен, облыстардың әкім­дері жазғы маусымға да дайын бо­луы қажет. Өрт немесе басқа да табиғи апаттардың болуы әбден мүмкін. Қазір­гідей қамсыз отырмай, алдын ала әрекет ету керек. Су тасқынын көргенде, көктен түскен­дей абдырап қалдыңыздар. Осы ретте еліміздің шығыс өңірлеріндегі су тас­қынын модельдеу жөніндегі ТЖМ мен «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық ком­паниясының бірлескен жұмыс тә­жіри­бесін қолдануға болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қарғын суды ауыл шаруа­шылығы қажетіне жарату үшін жоспар әзірлеу және пәрменді шаралар қабыл­дауды тапсырды. Оның айтуынша, әкімдіктер еріген қар суын елді мекен­дерден өзен арналарына немесе тоған­дарға бұру жұмыстарын жүргізуі керек.

Мемлекет басшысы Үкімет бекіткен Су ресурстарын басқару жүйесін дамы­тудың 2030 жылға дейінгі тұжырым­дамасын сынға алды. Оның пікірінше, тұжырымдаманы жүзеге асыру жөнін­дегі іс-қимыл жоспары декларативтік си­патқа ие. Құжат су тасқыны сал­дарынан болатын шығынның алдын алу және азайту мәселесін кешенді түрде шешуге мүмкіндік бермейді. Сон­дықтан тұжы­рымдаманы қайта қарау жөнінде міндет жүктелді.

– Құзырлы мекемелер, яғни әкім­діктер, Төтенше жағдайлар министрлігі, Су ресурстары министрлігі бірлесіп жұмыс істемейді. Жауапкершілік алу­дан қашады. Жұмысты бір-біріне сіл­теп отырады. Жағдай осылай жалғасатын болса, тиісті қызметкерлерді лауазымы­нан босату қажет. Ең басты критерий – мем­лекеттік қызметшілердің тиім­ділігі. Мемлекеттік органдар және әкім­діктер арасында нақты әрі тұрақты байланыс ал­горитмі жоқ. Тиісті минис­трлік еліміз­дің табиғи апаттарға дайын­дығын қада­ғалап отыруы қажет. Бұл – министрліктің негізгі мақсаты. Осы мә­селеге баса назар аудару керек. Ми­нистрлік гидро­техника­лық және басқа да маңызды ны­сандардың жағдайын тек­серіп, шы­найы мәлімет беріп отыру­ға тиіс, – деді Президент. 

Мемлекет басшысы су тасқыны мә­селесі бойынша халықаралық тәжіри­бені, өзге елдердің қарғын суды қалай игеретінін мұқият зерттеу қажет екенін айтты.

Жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде су ресурстары, ирри­гация салалары бойынша техникалық маман­дардың тапшылығына назар ау­дарды. Осыған қатысты Үкіметке шұ­ғыл түрде шешім қабылдауды тапсырды.

– Тағы да қайталап айтамын. Тас­қын­­ның алдын алу ісіне әрбір лауазым иесі тікелей жауап беруге тиіс. Сіздердің жұмыстарыңызды немқұрайды және кәсіби міндетке сай келмейді деп баға­ладым. Соның салдарынан азамат­тары­мыз үлкен материалдық шығынға ұшы­­­рады. Олар денсаулығы мен әл-ау­қа­тына зиян келтіретін тұрмыстық қолай­сыздықтарға тап болды. Әрине, мемлекет шығынды өтеу үшін шаралар қабылдайды. Азаматтарға айтарым, алаң­дамаңыздар. Мемлекет, сондай-ақ кәсіпкерлер барлық шығынды өтеп бе­реді. Бірақ қаржылық және саяси шы­ғын­дар орасан зор. Оны да ескеру керек. Сондықтан Үкіметке жүктелер жұмыс көп. Қысқасы, талап қатаң болады, – деді Президент.

Отырыс барысында Премьер-Ми­нистр Олжас Бектенов, Төтенше жағ­дайлар министрі Шыңғыс Әрінов, Ақ­­төбе облысының әкімі Асхат Шаха­ров, Батыс Қазақстан облысының әкімі На­ри­­ман Төреғалиев, Қостанай облы­сы­ның әкімі Құмар Ақсақалов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұханбетов, Ұлытау облысы­ның әкімі Берік Әбдіғалиұлы және Абай облысының әкімі Нұрлан Ұран­хаев баян­дама жасады.