Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайын Қытайдың Хайнань провинциясында өтетін Боао Азия форумының (БАФ) пле­нарлық сессиясының ашылу рәсіміне қатысты. Биылғы 23-ші форум «Азия және әлем: ортақ сын-қатерлер, ортақ жауапкершілік» деген тақырыпта өтті.
Азия елдерінің әлемдік нарықтағы орны айқындала түсті
930
оқылды

Қазақстан Президенті аталған форумда құрметті қонақ ретінде сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы жиын қатысу­шы­ларына ілтипат білдіре отырып, құбыл­малы геосаяси ахуал мен экономикалық қиыншылықтың салдарынан туындаған жаһандық тұрақсыздық жағдайында бұл платформа диалог пен халықаралық ын­тымақтастық орталығы ретінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

– Осы онжылдықтың ортасына қарай жаһандық жалпы ішкі өнімнің өсу қарқы­ны соңғы 30 жылда ең төменгі деңгейге түсетіні айқындала бастады. Сонымен қатар жетекші елдер арасындағы сауда қатынастарының шиеленісуі – әлі де әлемдік экономиканың алдында тұрған негізгі сын-қатерлердің бірі. Протек­ционизм саясаты мен сауда дауларының ушығуы жаһандық жеткізу тізбегін бұзып, экономикалық өсімді тежейді, сондай-ақ инвесторлардың сеніміне селкеу түсіреді. Жаһандық экономикаға дамудың жаңа парадигмасы керек екені анық. Бұл мә­селені шеше алмасақ, таяу онжылдықтағы мүмкіндіктер қолымыздан сусып кетуі әбден ықтимал, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы орнықты даму­дың жаңа дәуіріне қадам басар тұста Азия елдері көш бастап тұрғанына назар ау­дарды.

– Биыл Азия елдері әлемдік жалпы ішкі өнімнің 60 пайыз өсіміне қол жет­кізеді деген болжам жасалып отыр. Дү­ние­жүзілік сауданың 53 пайызы осы құр­лықтың үлесіне тиесілі. Мұнда әлемнің ірі және қарқынды дамып келе жатқан экономикалары орналасқан. Соңғы жылдары Азияға тартылған тікелей ше­телдік инвестиция көлемі едәуір ұлғайды. Сондай-ақ бұл аймақта патенттік әзірле­ме­­лердің 70 пайызына иелік ететін әлем­нің жетекші технологиялық орталықтары бар. Құрлық айтарлықтай адами ресурсқа ие. Әлемдегі ірі 30 қаланың 21-і Азия құр­лы­ғында орналасқан. 2030 жылға қарай орта таптың тұтыну көлемінің өсімі 30 трил­лион доллар болмақ. Болжам бойын­ша, оның 1 триллион доллары ғана батыс экономикасына тиесілі. Осы факторлар­дың барлығы мұның «Азия ренессансы» екенін көрсетеді, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, бү­гінде Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасы тиім­ді серіктестіктің үлгісі саналады. Еліміз Қы­тайдың Орталық Азиядағы негізгі сауда-эко­номикалық серіктесіне айналды.

– Қытайдың аймақтағы сауда-саттығы мен салған инвестициясының тең жартысы Қа­зақстанның үлесіне тиесілі. Былтыр Қа­зақстан мен Қытай арасындағы тауар ай­­­­налымы 41 миллиард АҚШ долларын құра­ды. Бұл – тарихи рекордтық көрсеткіш. 2023 жылы елдеріміз арасындағы жүк та­сы­ма­лының көлемі 22 пайызға артып, ша­ма­мен 30 миллион тоннаға жетті. Осыдан он жыл­дан астам уақыт бұрын ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға жасаған сапары ке­зінде «Бір белдеу, бір жол» ауқымды ме­га­жобасын таныстырған болатын. Аталған жоба Шығыс пен Батыс арасындағы негізгі кө­пір қызметін атқарады, ал Қытайдан Еуро­паға құрлық жолымен тасымалданатын жүк­тің 80 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өте­ді. Бұл маңызды артықшылықты біз то­лыққанды пайдалануға тиіспіз. Біздің өз ин­вестициямыз да «Бір белдеу, бір жол» бас­тамасымен стратегиялық тұрғыдан сабақтас әрі заманауи, мультимодальды, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз және орнықты инфрақұры­лым құруға бағытталған, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде елі­міздің жаңа экономикалық бағытына ай­рық­ша назар аударды.

– Былтыр еліміздің экономикалық өсі­мі 5,1 пайызды құрады. Бұл әлемдік эко­но­миканың болжамды даму қарқынынан ша­­­­мамен екі есе көп. Біз ортамерзімді перс­пек­тивада экономиканың өсімін кемінде 6 пайыз деңгейінде ұстап тұруды және 2029 жылға қарай оның көлемін екі есе ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін мен жаңа экономикалық ба­ғытты жарияладым. Бұл бастама күшті әрі қарқынды дамыған мемлекет құруға ба­ғытталған құрылымдық реформаларды жү­зеге асыруды көздейді. Қазақстандағы ашық есік саясаты, мол ресурстар және ли­бе­ралды нарықтық реформалар көптеген шет­елдік, соның ішінде қытайлық компа­ния­лардың да назарын аударды. Осы орай­­­да біз азиялық серіктестерімізді эко­но­микамызға инвестиция құюға, өзара тиім­ді ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын қарастыруға шақырамыз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Азия елде­рі арасындағы көлік-транзит ынтымақ­тас­тығын нығайтудың стратегиялық мәні зор екеніне назар аударды.

– Қолданыстағы және жаңа көлік ба­ғыттарын дамыту үшін барынша күш-жі­гер жұмсау аса маңызды. Транскаспий ха­лықаралық көлік бағыты немесе «Орта дә­ліз» осы санатқа жатады. Аталған көлік бағ­дары Азия мен Еуропа арасындағы жет­кізу тізбегінің қауіпсіздігін әлдеқайда тиім­ді қамтамасыз етеді. Былтыр осы ба­ғыт­­тағы жүк тасымалы екі есе артып, 3 мил­лион тоннаға жетті. Алдағы жылдары бұл көрсеткіш 10 миллион тоннаға жетеді де­ген болжам жасап отырмыз. Сондай-ақ Қа­зақ­стан «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін да­мытуда көрші елдермен ынтымақтастық ор­натуға дайын, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті жаһандық эко­но­ми­каның орнықты өсімін қамтамасыз ету үшін технологиялық ынтымақтастықты, әсіресе жасанды интеллект саласындағы ық­­палдастықты нығайту маңызды екенін жет­кізді. Бұл орайда Қ.Тоқаев Қытайдың «Жа­санды интеллектіні басқару жөніндегі жаһан­дық бастамасын» қолдады. Сондай-ақ Қазақстан бірлескен инновациялық IT-жобаларды жүзеге асыру мақсатында Азия­ның жетекші технологиялық алпауыт­тарымен серіктестік орнатуға мүдделі екенін мәлімдеді.

Мемлекет басшысының айтуынша, ши­­­­кізаттың аса маңызды түрлерін өндіру ынтымақтастықтың тағы бір перспективті ба­ғыты саналады.

– Сирек кездесетін металдар көптеген тех­нология үшін аса маңызды компонентке ай­налды. Олар өнеркәсіп, цифрлық тех­но­логиялар, ғарыш және қорғаныс сияқты стратегиялық салаларда мүлдем қалдық болмайтын деңгейге жету үшін қажет. Біз уран, литий, титан және басқа да сирек кез­десетін элементтердің ірі кен орындарын иге­рудің ең тиімді тәсілдерін қолдану мақ­сатында халықаралық серіктестермен бір­лесе жұмыс істеуді жалғастыра береміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сөзін қорытын­ды­лай келе, Азия өзінің экономикалық, тех­но­ло­гиялық және мәдени артықшылықтарын пай­далану арқылы әлемнің келешек даму бағытын айқындауда шешуші рөл ат­­­­қара алатынына сенім білдірді. Бұл рет­те Президент Боао Азия форумы және Аста­на халықаралық форумы (AIF) сияқты маңыз­ды халықаралық диалог алаңдарының прак­тикалық перспективасы зор екенін атап өтті. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев БАФ қонақтарын 2024 жылдың маусым айында өтетін Астана халықаралық форумына шақырды.

Мемлекет басшысы осы сапарында БҰҰ-ның 8-ші Бас хатшысы, Боао Азия фо­румының төрағасы, Жаһандық жасыл даму институты (GGGI) Ассамблеясының Президенті Пан Ги Мунмен кездесу өткізді.

Қазақстан Президенті Боао форумына қа­тысуға шақырғаны үшін Пан Ги Мунға ри­зашылығын білдіріп, оның БҰҰ Бас хат­­­­шысы қызметін атқарған кезде әлемдік қауым­дастыққа елеулі еңбек сіңіргенін атап өтті.

– Менің пікірімше, Сіз Біріккен Ұлт­тар Ұйымы тарихындағы ең үздік бас хат­шы­лардың бірі ретінде қызмет еттіңіз. Екі жа­рым жыл Сіздің жетекшілігіңізбен жұмыс іс­теу мен үшін керемет кезең әрі зор мәртебе бол­ды, – деді Президент.

Өз кезегінде Пан Ги Мун Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық ынтымақтастықты дамытуға елеулі үлес қосқанын айтты.

– Сіз Қазақстан Президенті ретінде өңір­дегі бейбітшілік пен келісімді сақтауға, адам­зат пен БҰҰ-ның мүмкіндіктерін кеңейтуге бел­сенді атсалысып келесіз. Менің ойымша, Қа­зақстан Шығыс пен Батыс арасындағы аса маңызды көпір рөлін атқарып отыр. Сіз Шығыс пен Батыстың ахуалын жақсы тү­сінесіз. Бұл ретте тәжірибеңіз мол, – деді Корея дипломаты.

Кездесуде халықаралық күн тәртібіндегі өзек­ті мәселелер, оның ішінде БҰҰ-ның жаһандық сын-қатерлерді тиімді еңсерудегі рөлі талқыланды.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Қазақ­стан­ның халықаралық бастамаларына да тоқталды. Бас Ассамблеяның 79-шы сес­сия­сы аясында Қазақстан Франциямен бір­­лесіп, One Water саммитін өткізуді жос­парлап отыр. Сонымен қатар Астанада 2026 жылы Өңірлік климаттық саммит ұйымдастырылады.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Пан Ги Мунды алдағы Астана халықаралық форумына бас спикерлердің бірі ретінде қатысуға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Боаоға жұмыс са­пары аясында Бүкілқытайлық халық өкіл­дері жиналысы Тұрақты комитетінің төра­ғасы Чжао Лэцзимен кездесу өткізді.

– Боао форумына қатысқаныма қуаныш­ты­мын. Бұл өте маңызды әрі қолдауға лайық­ты шара деп санаймын. Сондықтан мен ар­найы келіп, форумда сөз сөйлеуге шешім қа­былдадым. Осы мүмкіндікті пайдалана оты­рып, Төраға Си Цзиньпинге жылы ле­бі­зімді жолдағым келеді. Оның шілде айының басында Қазақстанға жасайтын мем­лекеттік сапарын асыға күтеміз. Төраға Си Цзиньпиннің дана басшылығымен қолға алынған маңызды бастамалардың бәрі то­лық­тай жүзеге асатынына сенімдіміз. Си Цзи­ньпин мырзаның елдеріміз арасындағы тату көршілік, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан достық қатынастарды және мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестікті ны­ғайтуға қосқан жеке үлесін жоғары баға­лай­мыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Чжао Лэцзи Қасым-Жомарт Тоқаевқа ілтипат білдіріп, қазақ-қытай қа­ты­настары қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

– Құрметті Президент Тоқаев мыр­за, Сізбен кезекті рет кездескеніме өте қуа­ныш­тымын. Былтыр Төраға Си Цзи­нь­пин­мен Сианьда және Бейжіңде екі рет кез­дестіңіз. Екіжақты қарым-қатынасты да­м­ыту жөніндегі жаңа әрі ауқымды жоспар айқындалды. Қытай тарапы мемлекеттер басшылары қол жеткізген маңызды уағ­да­ластықтарды іске асыру, саяси сенімді нығайту және стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу жолындағы өзара ынтымақтастықты тереңдету үшін қазақстандық әріптестерімен бірлесіп жұмыс істеуге дайын, – деді Чжао Лэцзи.

Боао Азия форумының аясында Мем­­­­лекет басшысы Экономикалық ынты­мақ­тас­тық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Бас хат­шысы Матиас Корманнмен кездесу өт­кізді.

Қазақстан Президенті Бас хатшыға ілти­пат білдіре отырып, оның Боао форумына қа­тысуы ЭЫДҰ-ның Азияға айрықша назар аударатынын дәлелдейді деп атап өтті.

– Бұл аймақты алып экономикалық қауым­дастық деуге болады. Сондай-ақ Қа­зақстан осы кеңістікте, кем дегенде, өңір­лік өлшемде аса маңызды рөл атқарады. Фо­рум­да сөйлеген сөзімде ЭЫДҰ-мен арадағы ын­тымақтастыққа ерекше мән беретініміз жө­нінде айттым. Өкілдеріміз ЭЫДҰ ко­ми­теттерінің отырыстарына тұрақты түрде қа­тысады. Біз ұйымның ұсыныстарын ес­керу­ге тырысамыз. Өздеріңізге мәлім, мен Қа­зақстанның экономикалық саясатын ЭЫДҰ-ның жоғары стандарттарына сәй­кестендіру жөнінде мақсат қойдым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Матиас Корманн ұйымның Азия елдері­мен, соның ішінде Қазақстанмен жан-жақ­ты қарым-қатынасты нығайтуға бейілді еке­нін растады.

– Қазақстан мен ЭЫДҰ арасындағы бай­ланыстар өте жақсы дамып келеді деп ой­лаймын. Болашақта бұл қатынастарды кеңейту және нығайту үшін мол әлеует бар. Қазақстан өз саясатын ЭЫДҰ-ның стан­­­дарттары мен озық тәжірибесіне сәйкестендіруге ниетті екені қуантады. Сіздің реформаларыңыздың бағ­дарламаларына көмектесу және қолдау көрсету үшін бар күш-жігерімізді жұмсауға дайынбыз. Біз бүгінде алдымызда тұрған көп­теген мәселені шешу мақсатында жаһан­дық ынтымақтастық деңгейін көтеруге мүд­деліміз, – деді ЭЫДҰ басшысы.

Боао Азия форумы аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйы­мының Бас хатшысы Чжан Минмен кез­десу өткізді. Кездесу барысында ШЫҰ жұ­мысын дамыту және оны одан әрі жетілдіру мә­селелері жан-жақты қарастырылды. Пре­зидент Ұйымның «Көпжақты диалогты ны­ғайту – орнықты бейбітшілік пен дамуға ұм­тылу» атты Астанада өтетін алдағы сам­митіне Қазақстан тарапы ерекше мән бере­ті­нін жеткізді.

– Бізге тығыз қарым-қатынаста жұмыс іс­теу қажет деп ойлаймын. Өйткені қазіргі гео­саяси ахуалды ескерсек, алдағы Астана саммитінің маңызы өте зор. Саммит бары­сын және оның аясында қабылданатын ше­­шімдер мен келіссөздерді бүкіл әлем ба­­­қылап отырады. Білуімше, Ұйымға мү­ше мемлекеттердің басшылары аталған жиын­ға түгел қатысуға ниет білдіруде. Ұйым­дастырушы тарап ретінде Қазақстан саммиттің табысты өтуі үшін қолдан келген ша­раның бәрін жасайды, – деді Қ.Тоқаев.

Президент ҚХР-ға жұмыс сапарының екін­ші күні State Power Investment Corporation (SPIC) компаниясы Директорлар кеңесінің төрағасы Лю Миншэнмен кездесу өт­кізді. Әңгімелесу барысында энергетика са­ласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, соның ішінде жаңартылатын энер­гия көздеріне негізделген серіктестік перс­пективасы талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа China Power International Holding еншілес компаниясының Қазақстанда белсенді жұмыс істеп жатқаны жө­нінде мәлімет берілді. Соңғы бес жылда Жаңатаста жел энергиясы жобасы жүзеге асы­рылып, Қарағандыда күн электр стан­са­сы салынды.

Қазақстан Президенті Sany Group Co. Ltd Директорлар кеңесінің төрағасы Сян Вэньбоны қабылдады. Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сян Вэньбо «жа­сыл» энергетика саласындағы бірлескен жо­баларды жүзеге асыру мәселелерін тал­қы­лады. Корпорация Қазақстанда жалпы қуа­ты 1ГВт жел электр стансасын салу жоба­сын жүзеге асыруға қатысып жатыр және жаңартылатын энергия көздеріне арналған мұнара, қалақ және гондола құрастыратын зауыт салу мүмкіндігін қарастыруда.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Sany Group Co. Ltd компаниясымен арадағы ық­­­­палдастықты одан әрі нығайтуға мүдделі еке­ніне назар аударды. Атап айтқанда, елі­мізде арнаулы техникалар, сондай-ақ олар­дың қосалқы бөлшектерін шығаратын бір­лескен өндірісті жолға қою перспективті са­налады.

Осы ретте Қытай компаниясына Қазақ­станда аймақтық R&D орталығын ашу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Бұл орталық компанияның ЕАЭО нарығындағы қызметін ілгерілетуге септігін тигізеді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Сян Вэньбоны биыл елімізде өтетін Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды.