Чемпионатқа Қазақстанның намысын қорғауға Алматы қаласынан «Sana team» командасы аттанған болатын.
Алматылық оқушылар робототехникадан халықаралық чемпионатта жеңімпаз атанды
1,978
оқылды

Бүгін Никосияда (Кипр) өткен робототехникадан «FIRST Tech Challenge Cyprus 2024» халықаралық чемпионатының қорытындысы белгілі болды. Турнирге 25 команда қатысты. Оның он сегізі жергілікті және жетеуі әлемнің түкпір-түкпірінен келген.

Чемпионатқа Қазақстанның намысын қорғауға Алматы қаласынан «Sana team» командасы аттанған болатын. 10-11 сынып оқушыларынан құралған бұл командалардың құрамында Білім Инновация лицейінен  Әділ Тұрсынғали, Арнар Даулетқұл, Осман Акипбек, Алдияр Дәулетұлы, Дарын Смайл, Аббас Пахридин, Асылхан Ыбрай, Илияс Аширалин және М.Базарбаев атындағы №138 гимназиясынан Шолпан Аманкелді бар.

Жарыс қорытындысы бойынша Алматылық оқушылар 2 номинация бойынша үздік атанды:

1 орын - «THINK AWARD»;

1 орын - «Winning Alliance AWARD»;

«Оқушылар ойында кәсібилік танытып, инженерлік дайындық сапасымен ғана емес, сонымен қатар тамаша коммуникативті дағдыларымен және басқа командалармен өзара әрекеттесуімен де төрешілерді таңғалдырды. Біздің балалар 25 команданың ішінде жарқыраған киімдерімен, жалындаған көздерімен ғана емес, матч кезіндегі көшбасшылық ұстанымымен де көзге түсті. Біз фавориттердің қатарында болдық», - дейді Алматы қаласы Білім басқармасына қарасты «Алматы дарыны» орталығының директоры Гүлнұр Кәрімғажы.

Кипрде өткен сайысқа жолдаманы Қазақстаннан барған оқушылар осы жылдың қаңтар айында USTEM Foundation қоғамдық қоры ұйымдастырған Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен өткен «Daryn FIRST Championship» республикалық турнирінде олжалады.