Ғылыми әзірлеме ҚР ҒЖБМ қаржыландыратын гранттық жоба негізінде жүзеге аспақшы.
Абай университетінің жас ғалымы география мұғалімдерін қайта даярлауды ұсынды
3,702
оқылды

Қазақстандағы жетекші педагогикалық оқу орнында «География мұғалімдерін дайындау мен қайта даярлаудағы тұрақты даму мақсаттарын іске асыру» тақырыбы бойынша маңызды зерттеу жұмыстары басталды. Жас ғалым, Абай университетінің постдокторанты Нұржанат Шакированың жетекшілігімен жүргізіліп отырған ғылыми әзірлеме, ҚР ҒЖБМ қаржыландыратын гранттық жоба негізінде жүзеге аспақшы.

Жобаның негізгі мақсаты – оқу үдерісінде тұрақты даму мақсаттарын іске асыру әдістемесін әзірлеу негізінде география мұғалімдерін даярлау және қайта даярлау, оның саясаты мен практикасы бойынша білім беру жүйесін қайта бағдарлау үшін зерттеулер жүргізу. Жоба тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін педагог кадрлардың біліктілігін арттыруды және қайта бағдарлауды қамтамасыз ете отырып, білім беру үдерісінің сапасын жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді. 

Нұржанат Шакированың айтуынша, білім беру арқылы жастарды адамгершілік құндылықтарға баулуға, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға тәрбиелеуге, тұрақты болашақты қамтамасыз ету үшін қажетті мінез-құлық пен өмір салтын қалыптастыруға болады. Тұрақты дамуға арналған білім – бұл ұзақ мерзімді болашақты қамтамасыз ету үшін шешім қабылдауды үйрену процесі. Жобаны іске асыру нәтижесінде география пәні мұғалімдерін дайындау және қайта даярлауда ТДМ-ны іске асыру әдістемесі әзірленетін болады; ТД үшін білім берудің кешенді тәсілді қабылдау, оны білім беру саясатына және география мұғалімдерін даярлау және қайта даярлау үшін білім беру жүйесіне интеграциялау бойынша нақты нұсқаулар беріледі.

Қазіргі уақытта жоба айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Жоба аясында зерттеу тобының мүшелері – профессорлар К.Каймулдинова мен Б.Әбдіманапов, геоэколог Қ.Мұздыбаева және г.ғ.к. А.Белый – тұрақты даму бағытында география мұғалімдерінің білімін оқу-әдістемелік қамтамасыз ету жұмыстарымен айналысады. Әзербайжанның География институтымен, Баку мемлекеттік университетімен, Жапонияның Окаяма университетімен және Қазақстанның басқа да оқу орындарымен байланыс орнатылған. Сонымен қатар, Абай атындағы ҚазҰПУ базасында география мұғалімдеріне оқу үрдісіне барлық 17 ТДМ мазмұнының негіздерін енгізу бағытында өз мамандығы бойынша жұмыс істеу үшін қажетті дағдыларды игеруге көмектесуге арналған «Географиялық білім берудегі тұрақты даму мақсаттары» тақырыбында гибридті форматтағы бес күндік республикалық семинар-тренинг ұйымдастырылды. Семинар-тренингті сәтті аяқтағаны үшін 100-ден астам адам сертификат алды.