Соңғы кездері оңтүстікте білім саласына қатысты шу ұлғайып кетті. Қаржылық мониторинг агенттігінің мектептерді жаппай тексеру барысында анықтаған деректері адам шошырлық екені бүгінде республика көлеміне белгілі болды.
Санаға соққан суық жел
фото: Aikyn газеті
1,586
оқылды

Түркістан облысындағы айналдырған екі аудандағы білім бөлімінің есепшілері (Бәйдібек, Мақтаарал) 1,8 млрд теңге жымқырған. Одан кейін Жетісай ауданы білім саласының есепшілері 530 миллион теңгені жоқ еткен деген күдікке ілінді. 

Осылайша, облыстағы білім беру ұйымының барлық қаржы­лан­дыру саласы толықтай тексеруден өтіп жатыр. Елді шулатқан осындай деректерден соң Түркіс­тан облысының білім мекемелеріндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша кеңейтілген мәжілісі де өтті. 

– Соңғы уақытта білім қыз­мет­керлерінің заңбұзушылыққа баруы қалыпты жағдайға айналып бара жатқандай. Білім саласы қызметкерлері қоғамдағы негізгі зиялылықты қалыптастыратын мамандар болуға тиіс еді. Алайда қоғам күткен сенім үдесінен шық­пай тұр. Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының тапсырмасымен 2022 жылдан бері балабақ­шаларда қаржы жымқыру, мемлекет қаржысын заңсыз иелену, мақсатсыз пайдалану, талан-таражға салу фактілерінің жолы кесілуде. Біз бұл бағытта мониторинг және тазалау жұмыстарын тоқтатпаймыз. Заң бәріне ортақ. Білім саласына бөлінген қаржыға қол салғандар заң алдында жауап береді. Осы тексеріс пен талаптан соң облыстағы білім ұйымдары­н қаржыландыру жаңа бағытта дамуы тиіс, – деген-ді облыс әкі­мі­нің орынбасары Бейсен Тәжі­баев.

Өңірде жүрілген аудиторлық іс-шара барысында білім мекемелерінде 2020-2023 жылдар ара­лы­ғында бекітілген тарифтен артық еңбекақы есептеу және белгісіз тұлғаларға айлық жалақы­ларды аудару фактілері тіркелген. Атап айт­қанда, Сайрам, Жетісай, Мақ­таарал, Келес, Шардара, Сары­ағаш, Созақ және Бәйдібек аудан­дық білім бөлімдеріне қарасты мекемелерде қаржыға байланысты заңбұзушылықтар анық­тал­­ған. Мемлекет қазына­сына айтар­лықтай шығын келтірген. 

Бұл қаржы жымқыруға қа­тысты деректер болса, өткен аптада өңірдегі білім саласы мекемелеріндегі құрылыс жайы да қоғам назарын аударды. Әлеуметтік нысан құрылысына арналған жиында көптеген олқылықтың беті ашылды. Түркістан облысында осыдан екі жыл бұрын салынып, әлі пайдалануға берілмеген мектептер мен білім ошақтары бар екені белгілі болды. Мәселен, былтыр Жетісай қаласындағы №2 Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің оқушылары жаңа ғимаратқа көшуі керек болған. Алайда жаңа оқу орны әлі бос тұр, есесіне балалар көрші ауылдағы мектепке қатынайды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуы­мен өткен жиында аудандық білім бөлімі бұл жағдайдың себебін құ­рылыс-монтаж жұмыстары аяқ­тал­­ғаннан кейін олқылықтар­дың анықталғанын, оларды жоюға біраз уақыт кеткенін айтты. Көк­темнің алғашқы күнінде балалар жаңа мектепте оқитын болады деп сендірді. Сонымен қатар Жетісай ауданындағы Құрбан ата ауылында орналасқан Н.Оңдасы­нов атын­дағы және «әл-Фараби» жал­пы орта білім беру мектебінде де осындай жағдай қалыптасқан. 

Облыстық білім басқармасы мектеп жұмысының кешеуілдеуін «мектеп әкімшілігінің санитар­лық-эпидемиологиялық сараптама қорытындысына өтінішті дер кезінде бермеуімен» түсіндірді. Көптен бері дайын тұрған, бірақ бос тұрған тағы бір мектеп Сайрам ауданында орналасқан. М.Сапарбаев атындағы №14 орта мектеп 400 оқушыға есептелген. 60 жылға жуық уақыт бұрын салынған ғимарат апатты жағдайда. Едендері шіріп, қабырғалары опырылып түскен. Жаңадан салынған қосымша оқу корпусының жертөлесін жиі су басып, салдарынан электр қуаты істен шық­қан. Осындай кемшіліктерді жою­ға біраз уақыт кетіпті. Мер­ді­гер­­лердің жұмысты сапасыз ат­қаруы да осыған  себеп болып отыр.  Облыс әкімі  Сайрам ауда­нындағы 2022 жылы салынған мектептің әлі күнге дейін пайда­лану­ға берілмегеніне ашуланып, аудан басшысына қатаң түрде ес­керту жасады. «Мұны кім бас­қара­ды? Оларға шұғыл қоңырау шалыңыз! Біз мұнда үнемдеп, бюджетті көбей­туді сұрап жатырмыз, бірақ сіз ақша бөлінген мектептерді пай­далануға бермейсіз! Бұлай жалғаса беретін болса, көп ұзамай мектеп қауіпті болып, ол жерде ешкім оқи алмайды», – деді Түркістан облы­сының әкімі Дархан Амангелдіұлы. Шұғыл түрде жағдайды тексеруді тапсырды. Одан бөлек, Құрылыс басқар­ма­сының басшысы да өз жұмы­сына немқұрайды қарағаны үшін сын садағына ілінді. 

Иә, өңірде апатты жағдайда тұрған тағы 4 мектеп бар. Осы мәселелердің түйіні тарқатылмай тұрғанда аталған жайттар қосым­ша проблема болып тұр. Айналып келгенде, бұл да жемқорлықтың салдары. Құрылысшылар  «қу кетті, іс бітті» дегенімен  артында таудай проблема қалған. 

Қалай болғанда да Түркістан облысындағы білім саласы жақтан соғып жатқан  жел басылар емес... 

 

P.S.

Айтқандай, Түркістан облысымен қойы қоралас жатқан Шымкент қаласының білім саласында да жақында шу шықты. Бірқатар мектеп мұғалімі, яғни педагогтер Білім басқармасы ғимаратына барып, басқарма басшысы Н.Шам­шиеваны жерден алып, жерге салды. Бейнетаспасы әлеуметтік желіге тарап кеткен осынау жағдайда мәселеден гөрі балаларға білім беріп отырған педогог қыз-келін­шектердің бейә­деп әрекеттері, өрескел сөздері көпшіліктің нара­зылығын туғызды. «Біз балаларымызды кімге сеніп тапсырып отырмыз?» деп налыды жұрт.  Біз де бұл оқи­ғаға «бетті бастық, қатты састық». Әттеген-ай!

Айжұлдыз ТЫНЫШТЫҚ