Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп Үкімет басшысының ауысуына байланысты пікірін айтты.
Нұртөре Жүсіп: Халыққа жаны ашитын команда жасақтаса жөн болар еді
Фото: senate.parlam.kz
881
оқылды

Мемлекет басшысы жаңа Үкімет тізгінін 44 жастағы Олжас Бектеновке ұстатты. Бұл шешімді Мәжіліс қолдады.

Әлихан Смайылов басқарған Үкімет екі жылда қолынан келгенін істеп бақты. Көрсеткіш қуалап кеткендей әсер қалдырғаны рас.

Олжас Бектенов туралы айтар болсақ, біріншіден, қырықтың қырқасында қылшылдап тұрған жас адам. Бұған дейін Ақордада аппарат басшысы, оған дейін Антикорда қызмет атқарды. Өңірде де жұмыс істеді. Бір сөзбен айтқанда, шаруаның жайын да, халықтың жағдайын да жақсы біледі. Екіншіден, қай жерде істесе де артынан жаман сөз ермеген кісі. Тазалық пен туралық жолында жаман аты шықпаған.

Үшіншіден, Мемлекет басшысы алдағы уақытта Қазақстан экономикасының табысын 2 есе арттыру міндетін қойды. Бұл – оңай міндет емес. Бұған жігерлі, табанды, бір сөзді батыл адам қажет. Олжас Абайұлының бойында бұл қасиеттер бар. Президент те өз сөзінде осы қасиеттерін атап өтті.

Төртіншіден, Бектенов  істің адамы секілді, көп сөйлемейді. Сөйлесе турасын айтады. «Адамдарға жақсы баспана мен жолдар керек. Қолжетімді жер мен ішетін су керек. Сапалы білім мен медицина қажет. Әділ сот пен өмір сүруге қауіпсіз орта керек. Ал біз ештеңе естімегендей сыңай танытамыз және «әдемі» статистикаға  құрылған жұмысты жалғастырамыз», – деген сөзі бар.

Бесіншіден, қоғамдағы тазалық! Президент ылғи айтып келе жатқан «Әділетті Қазақстан» қағидаты орнығуы үшін Үкімет басшысының жеке азаматтық ұстанымы да маңызды. Бұл ретте Олжас Абайұлының «Непрозрачность процессов, бюрократизм аппарата, предьявление излишних требований, сложность открытия и ведения бизнеса, несовершенство законодательства – все это является благодатной почвой для незаконного решения вопросов и различных коррупционных схем», – деп айтқаны бар еді.

Жемқорлықтың жолын кессе, өзі айтқан «схемаларды» құртса дұрыс болар еді!

Бұл үшін Салық кодексі мен мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаларды жедел ретке келтіру өте маңызды. Сосын Үкіметке аймақтарда әбден ысылған, тәжірибе жинақтаған, адал, арлы азаматтарды тарту арқылы халыққа жаны ашитын, елге жақын команда жасақтаса жөн болар еді!