Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен кеше Пар­ламент Мәжілісінің кезекті жалпы отырысы өтті. Бұл жолғы қаралған заң жобаларының жаңашылдықтары көп екендігін атай кету керек.
Дәрігерге – 8,5 миллион көтермеақы
1,025
оқылды

Соның бірі – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық ак­тілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы» заң жобасы. Бұл құжат қабылданған жағдайда дәрігер үшін оңтайлы, зардап шеккен науқас үшін қолайлы ахуал туындағалы тұр. Осылайша, «AMANAT» партиясы сайлауалды уәдесін орындады. Десе де, бәрін басынан басталық.  

Сот жүйесінен цифрландыруға дейін...

Күн тәртібінде 6 заң жобасы қаралды. Олар – сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі, мәдениет және білім беру, қаржы нарығын дамыту және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, байланыс, цифрландыру және ақпараттандыру саласының инвестициялық ахуалын арттыру, денсаулық сақтау туралы заң жобалары және Литва мемлекетімен арадағы хаттаманы ратификациялау. Палата депутаттары байланыс, цифрландыру және ақпараттық технологиялар саласындағы инвестициялық ахуалды жақсарту мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Екатерина Смышляева байланыс, цифрландыру және ақпараттандыру саласының инвестициялық ахуалын арттыру мәселелері бойынша түзетулер Мәжіліс депутаттарының бастамасымен әзірленгенін айтты. Заң жобасы – еліміздегі цифрлық дамуды құқықтық қамтамасыз етуге қатысты Мәжілісте жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстардың бір бөлігі. Ол байланыс саласын дамыту, цифрландыруды арттыру және инновацияны қолдауға бағытталған үш блоктан тұрады.

«Заң жобасында радиожиілік спектрін қайта қарау, байланыс инфрақұрылымы үшін орындарды бас жоспарларға енгізу және байланыс қажеттіліктері үшін аумақтарды резервтеу, байланыс желілері мен құрылыстарын орналастыру орын­дарына операторлардың тең қол жет­кізуін заңнамалық бекіту және ұлттық заңнамаға инновацияның тәжірибелік құқықтық режимдерін енгізу және тағы басқа шаралар көзделген. Заң жобасында салалық шешімдерді цифрландыру үшін құқықтық жағдайлар да енгізіледі. Мысалы, жаңа туған нәрестелерге ЖСН тағайындау», – деді Е.Смышляева.

Оның айтуынша, заң жобасы қабыл­данса, байланыс желілерінің құрылысы жеделдеп, қызмет көрсету сапасы артып, қамту аймағы кеңейеді. Бұл ретте, байла­ныс операторлары арасындағы бәсеке­лестік дамиды. Жаңа спутниктік байла­ныстар жұмыс істей бастайды, инвес­тициялық ахуал жақсарып, экономика­дағы инновацияның үлесі артады. Тал­қылау қорытындысы бойынша, депутат­тар заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдау туралы шешім қабылдады. Жобаны одан әрі талқылау жұмыс тобын­да жалғасады.

«Кеңжолақты интернет желісіне қол жеткізу – әлеуметтік саланы дамыту және азаматтарымыздың өмір сүру сапасын арттыру үшін басты шарт. Еліміздегі 7 826 мектептің 7 750-і интер-нет желісіне түрлі технологиялармен қосылғанына қарамастан, тек 5 073 мектепте интернет жылдамдығы меди-циналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) ұсыныстарына сәйкес келеді. 1 043 мек-тепте интернет желісіне қол жеткізу жылдамдығын арттыру үшін техникалық мүмкіндік бар, 1 643 мектепте мұндай мүмкіндік жоқ. Қосымша инфрақұрылым қажет. Осы мақсатта заң жобасында байланыс инфрақұрылымын жақсартуға және сапасын арттыруға, соның ішінде мектептер үшін, бірқатар нормалар ұсынылып отыр», – деді депутат Жұлдыз Сүлейменова.

Жалпы отырыста Мәжіліс, сондай-ақ 1994 жылғы 9 тамыздағы Қазақстан мен Литва арасындағы азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құ­қықтық көмек және құқықтық қаты­нас­тар туралы шартқа өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялады.

«Хаттама құқықтық көмек көрсету кезінде қатынастарды жүзеге асыратын тараптардың құзыретті мекемелерін айқындау жөніндегі өкілеттіктерді ұлттық деңгейге беру бөлігінде шарттың 4-бабын өзгертуді көздейді. Құжатты ратификациялау Қазақстан мен Литва азаматтарының құқықтарын қорғауға бағытталған азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал етеді», – деді Әділет министрі Азамат Есқараев. 

 Депутат Асқар Садықов қосымша баяндамасында ұлттық заңнамаға сәйкес мемлекеттік органдардың құзыреті және олардың атаулары өзгеруіне байланысты бірнеше өзара көмек туралы келісімдерге осыған ұқсас өзгерістер енгізілетінін айтты. 

Осы күні Мәжіліс «ҚР Сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Консти­туция­лық заң жобасы бойынша Парла­мент палаталарының бірлескен комис­сиясының құрамын сайлады. Оған Абзал Құспан, Снежанна Имашева, Үнзила Шапақ енді. Сондай-ақ Мәжіліс коми­теттері мәдениет және білім беру мәсе­лелері бойынша және қаржы нарығын дамыту мен қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша заң жобасын жұмысқа алды.

Сақтандырылсаң, сақтармын деген...

Сонымен, халық қалаулылары Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Үкімет әзірлеген денсаулық сақтау мәселелері бойынша түзетулерді екінші оқылымда қабылдап, Сенаттың қарауына жолдады. Заң жобасымен жұмыс істеу барысында депутаттар оның жекелеген нормаларын нақтылайтын және маз­мұнын жақсартатын бұл түзетулерді өз­дері енгізген болатын. Заң жобасының негізгі ережелері туралы жұмыс тобының жетекшісі Гүлдара Нұрымова баяндады.

«Бұл құжатта негізгі екі бағыт қарас­тырылған. Біріншіден, медицина қызметкерлерінің әлеуметтік кепілдік­терін күшейту және әл-ауқатын арттыру бойынша біршама өте маңызды нормалар бар. Осыдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысы медицина қызмет­кер­лерінің мәртебесін арттыру бойынша өте маңызды тапсырмалар берген болатын. Осы мақсатта мектепке дейінгі балалар ұйымдарында орын бөлу кезінде медицина қызметкерлерінің балаларына басым құқық беру, қызметтік міндеттерін атқару нәтижесінде қаза тапқан немесе мүгедектігі белгіленген медицина қызметкерлерінің балаларына жоғары оқу орындарына мемлекеттік білім беру грантын бере отырып, конкурстан тыс қабылдау, медициналық мамандық бойынша әскери қызмет өткеру құқығын беру немесе әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру жөніндегі нормалар көз­делген. Сондай-ақ уәкілетті органдардың медициналық көмек көрсету стандарт­тарын өзгерту, медицина қызметкерлерін даярлау мен қайта даярлаудың білім беру бағдарлама­ларын жетілдіру жөнінде одан әрі шаралар қабылдау тәртібі рег­ламенттелген.

Екінші бағыт – медицина қызмет­керлерінің сақтандырылуы. Сақтандыру ұйымдарына сақтандыру жарналарын төлеуді денсаулық сақтау субъектілері ғана жүзеге асыратын болады. Сақтан­дыру жағдайлары кезіндегі пациенттердің өтініштерін қарау тәртібі мен сақтандыру төлемдерінің көлемдері белгіленді. Бұдан басқа, заң жобасында вейптерді әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға толық тыйым салу, әскери медицина қызметкерлерінің қызметін жетілдіру, медициналық көмек көрсету кезінде клиникалық хаттамаларды ұсыныстар ретінде қолдану жөніндегі нормалар көзделген», – деді Гүлдара Нұрымова.

Бұл заң жобасын бөлек қарастырып отырғанымыз тегін емес. Олай дейтініміз, аталған құжат қабылданған жағдайда дәрігер үшін оңтайлы, зардап шеккен науқас үшін қолайлы ахуал туындағалы тұр. Мәселен, медицина кадрларының тапшылығын қысқарту үшін ауылға жұмыс істеу үшін келетін медицина қызметкерлеріне 100 ең төменгі жалақы мөлшерінде біржолғы ақшалай төлемді жүзеге асыру жөніндегі нормалар қабылданған. Мәжілістің бұл жолғы жалпы отырысының бір сүйінші хабары – осы. 

«AMANAT» партиясы сайлауалды бағдарламасының шеңберінде біз ауылға баратын жас мамандарға, соның ішінде  медицина қызметкеріне 100 ең төменгі жалақы мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем төлеуге қаржы бөлдіру туралы уәде берген болатынбыз. Ал бұл көрсеткіш бізде биылдан бастап 85 000 теңге боп өскенін ескерсек, көтерме­ақының жалпы сомасы – 9 миллионға жуық ақша болмақ. Ең төменгі жалақыға байлап отырғанымыз да өте маңызды, өйткені бұл сома алдағы жылдарда бұдан да өсе түсуі әбден мүмкін. Біздің мақса­тымыз – медицина саласындағы маман­дарды қолдау, ауылдағы денсаулық сала­сын дамыту және кадр жетіспеушілігін шешу. Одан бөлек, «Дипломмен ауылға» көтермеақысы бар, басқа да жеңілдетілген несиесі бар, олардың бәрін ешкім алып тастаған жоқ. Бұл ауыл үшін де, жас ма­ман үшін де үлкен көмек болмақ. Ен­деше «AMANAT» партиясы өз уәдесін орын­дады деп сеніммен айта аламын», – дейді Әлеуметтік-мәдени даму коми­тетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов.

Заң жобасынан сүйіншілер тағы бір жаңалығы – медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін міндетті сақтандыру тетігінің жетілдірілгені. Атап айтқанда, енді дәрігердің қателігінен зардап шеккен пациенттер бұрынғыдай жылдап сотқа сабылып, Денсаулық сақтау министрлігіне дейін қуынбайтын бо­лады.

«Дәрігерлердің қызмет көрсету бары­сында егер бір азаматтардың денсау­лығына нұқсан келтірілсе, онда ол аза­матқа сол келтірілген нұқсанның қаржы­лай өтемақысы беріледі. Бұл өте маңыз­ды. Өйткені қазіргі жүйе қандай? Денсау­лығына нұқсан келген азамат сотқа жү­гінеді. Ал бұл – өте қиын бюрократиялық жүйе. Сот процестері ұзақ жылдарға созылып кетіп жатады. Сондықтан сауаттылыққа байланысты, уақытқа байланысты оған кез келген адам бара бермейді. Осы ретте, біздің алдымызда тұрған мәселе – тепе-теңдікті сақтау. Бір жағынан, дәрігерді сотқа сүйреп, оның негізгі жұмысын жүргізуге кедергі келтірмеу. Заңмен қудалап, Денсаулық министрлігіне дейін жамандап қуынбау. Екінші жағынан, біздің азаматтарды қолдау. Шындығына келгенде, науқастың мақсаты дәрігерді заңмен қудалау емес, өтемақысын алу ғой. Яки, енді зардап шеккен азамат шағым жазған кезде әр медициналық ұйымның деңгейінде тәуелсіз эксперттік комиссиялар құ­рылады. Ол оқиға болған жер республика-облыс-аудан деңгейін­дегі мекемелер болуы мүмкін. Сол комиссия дереу ше­шім шығарып, зардап шегушімен мақұлдап, оны сақтандыру компания­сына жібереді. Ал сақтандыру ком­паниясы көп ұзатпай науқастың шотына өтемақысын аударады. Бұл процестер баяғыдай жылдап емес, бас-аяғы бір аптада өтуі ықтимал. Медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкер­шілігін міндетті сақтандыру дегеніміз, бұл – дүниежүзінде бар жүйе», – дейді Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов.

Оның айтуынша, сақтандыру көлемі келтірілген шығынды толық өтейтін болады. Тіпті, қазіргі сот практикасында төленіп жүрген сомалардан әлдеқайда жоғары болмақ. Мәселен, І топ мүгедектігіне әкелетін болса, 800 АЕК болмақ және күрделілігіне қарай одан төмендей бермек. Өтемақы ішінде емделу, дәрі-дәрмек шығындары да қарастырылмақ. Бұл тұста айта кететіні, егер дәрігердің әрекетінде қылмыстық заңнамаларда көзделген құрам болатын болса, оның жауапкершілікке тар­тылатыны екібастан. Ондай жағдайда да өтемақы соттың үкімін күтіп отырмай, қысқа уақытта беріледі. Заң жобасында одан да бөлек, қарастырылып отырған жаңашылдықтар көп. Соның бірі – елі­мізде бірінші рет денсаулық сақтау сала­сындағы ерекше еңбегі үшін біржолғы 1 000 айлық есептік көрсеткіш төленетін «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңір­ген дәрігері» құрметті атағы таға­йын­далып отырғаны. Дәл осылай меди­цина қызметкерлерінің мәртебесін арт­тыру мақсатында біржолғы 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төлей оты­рып, «Өз мамандығының үздігі» атағын беру де көзделуде.

Депутат сауалы – уақыт талабы

Осы күні халық қалаулылары тарапы­нан жауапты ведомстволар мен орган­дарға 24 депутаттық сауал жолданды. Соның бірқатарына ғана тоқталып өтсек, Қазақстанның Еңбек Ері, «AMANAT» пар­тиясы фракциясының мүшесі Бақтықожа Ізмұхамбетов Бас прокурор Берік Асы­ловқа жолдаған сауалында Атырау қала­сын­дағы коммуналдық базардың жағ­дайына тоқталды.

«Жергілік­ті бюджеттен ауыл шаруа­шылығы өндірістік кооперативі арқылы бөлінген қаржыға 2015 жылы коммунал­дық базар салынды. Өкінішке қарай, осы базар 2021 жылдың 8 сәуірінде сенімдік басқару арқылы сатылуы заңдастырылған. Онан кейінгі жылдарда бұрынғы арзан баға жойылған. Әкімшіліктің халықтың қаржысына (пайызсыз несиеге) салған базарын халық кері қайтаруды талап етіп, облыстың қазіргі жаңа басшысы оны орындаған. Бірақ базарды алған іскер халықтың базарын өзінде қалдыру үшін әлі соттасуда. Таңғаларлығы, күмәнді себептермен бұл іс жалғасуда. Бір кезде қала халқы кезекке тұрып, арзан тамақ жинайтын базар қолды болып, халыққа, яки қала меншігіне кері қайтарылу ісі бітпей отыр. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, халықтың әлеуметтік жағдайы үшін жасалған «Сарайшық» базарының халық игілігіне кері қайта­рылуын заңдастыруыңызды сұраймыз», – деді аманаттық депутат.

Одан кейінгі кезекте Мәжілістегі белсенді депутаттардың бірі – Бақытжан Базарбектің Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа жолдаған сауалын атап өтуге болады. Ол күні кеше Алматыда болған жер сілкінісіне Үкіметтің назарын аудартты.

«Алматылықтар орын алуы мүмкін жер сілкінісі туралы хабарлама алмады. Тұрғындар басында әбігерге түсті. Бойын үрей билеген халық жапатармағай сыртқа ұмтылды. Тіпті, көпқабатты үйлердің терезесінен секіруге дейін барды. Көлік­терімен қала сыртына шығып кетпек бол­ғандарда есеп жоқ. Оның соңы ұзын­сонар кептеліске ұласты. Бұл – еліміздің ең үлкен қаласы, жан-жақты дамыған, инфрақұрылымы мықты Алматыдағы жағдай. 

Абырой болғанда, ғимараттар құла­мады, адам шығыны жоқ. Десе де, мұн­дай жағдайдың қайталанбасына кім ке­піл?! Әсіресе, еліміздің таулы аймақ­тарында, жерасты қазынаны өндіріп жатқан өндірісті өңірлерде зілзала қаупі жоғары. Сондықтан Төтенше жағдай ми­нис­трлігі мен басқа да тиісті мекеме­лердің зілзаладан қорғану бойынша жұмыстарын мұқият қайта қараған жөн. Сонымен бірге тұрғындар арасында да зілзаладан қорғану шаралары бойынша оқу, жаттығу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп отыру керек. Фейк ақпараттарға сенгіш халықты қорқыныш биледі. Бар­лық жағдай да өтірік ақпарат тез тарап кететіні бар. Азаматтар тек ресми ақпа­рат­ты ала білуі қажет, әрбір тараған мате­риалды жан-жақты тексеруіміз керек. Сол үшін бізде апатқа дайын болатындай мәдениет қалыптасуы тиіс», – деді ол.

Осы ретте, жер мәселелері бойынша маманданған заңгер қысқа уақытта келесідей шараларды қабылдауды ұсына­ды. Олар – тектоникалық жарықтардың, сел және топырақ көшіні үстіндегі аумақ­тан жер телімін беруді заң жүзінде тыйым салу, одан қалды сондай аймақтардың маңына құрылыс жүргізуге рұқсат бермеу, мәслихаттар пен әкімдіктерге қала аума­ғына құрылыс жүргізу ережесін жасап шығару және бекітуде қосымша құзіретке ие болатын ерекше статус беру, жобалық-сметалық құжаттаманы мемлекеттік сараптау шеңберінде дірілмен сынау тәсілін пайдалана отырып, салынған объектіге міндетті сейсмикалық аудит жүргізу және объектіні пайдалануға қабылдау сатысында қайталама сейс­мика­лық аудит жүргізу тәжірибесін ен­гізу, жер учаскелерін, жерге орналастыру жобаларын, жобалық-сметалық құжат­таманың мемлекеттік сараптамасы мен қала құрылысы сараптамасының мате­риал­дарын беру кезінде ТЖ саласындағы уәкілетті органдармен, сейсмикалық қызметтермен және ғылыми инсти­туттармен (ҚазҚСҒЗИ) материалдарды келісу тәжірибесін енгізу және Алматы қаласы маңындағы тау баурайларына көпқабатты, тіпті 2 қабаттан биік тұрғын үй құрылысын салуға тыйым салу. Сү­йініші мен күйініші қатар естілген кешегі жалпы отырыста одан да өзге депутаттар тиісті орындарға депутаттық сауалын жолдады. Оны көзі қарақты оқырман БАҚ пен интернет беттерінен, әлеуметтік желі мен видеохостингтерден көріп-біліп отырған болар.