Дүниежүзіне белгілі саясаткерлер мен бизнес өкілдері бас қосатын дәстүрлі экономикалық форум Давоста өтті. Жыл сайын өтетін форумда болған басты оқиғалардың қатарында адамзаттың технологиялық болашағын талқылау да болды.
ЖИ-ге қатысты қарама-қайшылықтар Давоста байқалды
The Black Eyed Peas тобының көшбасшысы, Will.i.am бүркеншік атымен танымал Уильям Адамс пен Mercedes-Benz-тің бірлескен жобасы – West Coast Customs тюнинг студиясының мамандары жасаған концептуалды купе мен Will.i.am. Фото motor.ru сайтынан алынды
1,534
оқылды

Швейцарияның Давосындағы түрлі алаңдарда өткен пікір алмасулардағы басты тұжырымдар туралы qz.com сайты бірнеше материал жариялады.  Aikyn.kz сол мақалаларға сүйеніп, жасанды интеллект дәуіріне қадам басқан адамзат өркениетіне төнген қауіптерге байланысты пікірлермен таныстырады.

АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен де Давос форумына келген. Фото: World Economic Forum сайтынан алынды. Авторы: Pascal Bi

Биылғы дүниежүзілік экономкалық форум 16-23 қаңтар аралығында Давос курортты қалашығында өтті Форумның басты тақырыбы «Сенімді қалпына келтіру» деп жарияланды. Форумда көп мәселелер бойынша саясаткерлер де, ғалымдар мен экономистер, сала мамандары да бір келісімге келе алмаған жағдайлар жиі болған.

Жасанды интеллектің болашағына қатысты дискуссияларда белгілі компаниялардың басшылары, технологиялық алпауыттардың және мәдениет саласының өкілдері қарама-қайшы көзқараста екендерін көрсетті.

Билл Гейтс, Руанда Президенті Пол Кагаме; ДСҰ бас директоры Нгози Оконджо-Ивеала; Колумбия Президенті Густаво Петро, Нидерланды Премьер-Министрі Марк Рютте және Financial Times газетінің қызметкері Мартин Вольф. Фото World Economic Forum сайтынан алынды 

Марк Бениофф өзі ұйымдастырған Salesforce түскі асында Альтманнан кремний интеллектін пайдаланудың салдары туралы сұрады. Альтманның ойы толық түсінікті болуы үшін оның берген жауабын толық қарастырған жөн: «Менің ойымша, адамзат үшін ең маңызды міндеттердің бірі – әлемдегі технологиялық өркендеуге жол ашу. Білесіз бе, менің ойымша, бірнеше жыл бұрын Давоста өсудің баяулауы туралы әңгіме болған.

Менің ойымша, бұл адамдар шынымен қалаған жағдай емес, бұл екінші кезектегі де мәселе емес. Адамдардың көпшілігі қоршаған әлемнің жақсы болғанын қалайды, өміріміздің жақсарғанын қалайды. Ал бұған жетудің жалғыз ұзақ мерзімді, тұрақты жолы – бұл технология мен ғылыми жаңалықтар. Ал осы екі бағытта бізге көмектесетін ең маңызды екі сала – интеллект пен энергия. 

Сонымен, біз интеллект құнын төмендетіп, оның мүмкіндігін арттырып, санын көбейткенде когнитивтік қызметтердің құны 1000, 1 миллион немесе одан да көп есеге төмендесе әлемде не болатынын елестетіп көріңізші. 

OpenAI бас директоры Сэм Альтман 18 қаңтарда Еуропалық Орталық банктің президенті Кристин Лагардпен сөйлесіп тұр. Фото World Economic Forum сайтынан алынды 

Әр баланың жеке тәлімгері болады; Жер бетіндегі әрбір бала бүгінгіден де жақсырақ білім ала алады. Жаңа дәрі-дәрмектер табылады, біз бәріміз жақсы денсаулыққа қол жеткізе аламыз.

Біз бәріміз өнімдірек боламыз – сіз мұны бүгінде компьютерлерге код жазатын мамандардан көріп отырсыз. Біз әлдеқайда шығармашыл боламыз. Менің ойымша, медиа мен ойын-сауықтың сапасы шынымен де ессіз жоғары көтеріле береді. Сайып келгенде, бәріміз тұтас компанияның танымдық күшіне ие боламыз және біз қиялымыздағы кез-келген нәрсені жасай аламыз.

Менің ойымша, бұл (жасанды интеллект) адамзат жасаған ең күшті құрал болады. Ал ол бізге жасау, елестету, аудару, шындыққа айналдыруға мүмкіндік береді. Менің ойымша, біз мұндай нәрсені ешқашан көрген емеспіз деп ойлаймын. Дегенмен «бұл жолы басқаша болады» дейтін азғырулар бар».

Фото stream24.ilsole24ore.com сайтынан алынды

Бұл жасанды интеллект жүйесін адамға қызметке қоюға ұмтылған, адамнан да ақылды машина жасаудан қауіп көрмейтін компанияның басшысының пікірі. Жаңа дәрі жасау, өмір сапасын жақсарту, әрине, адамдарға өте қажет.

Бірақ психологиясы тұтастай әлемді тануға дайын емес, жақсы мен жаманды ажырата алмайтын жас балаға, жасөспірімге жеке тәлімгер етіп жасанды машинаны тағайындау қаншалықты оң нәтиже бере қояр екен?! Мүмкін, бала тәрбиесін машинаға жүктемес бұрын адами құндылықтарды, ненің жақсы ненің жаман екенін балаға ата-анасы, ұстазы мен шынайы ортасы үйреткені оңды болатын шығар?!

Бұл жағынан келгенде Сэм Альтманның қандай жауап беретіні белгісіз.

ChatGPT-ді жасаған OpenAI басшысы Сэм Альтманның сөздерімен келіспейтіндер де боды. Фото Getty Images сайтынан алынды

Силикон алқабынан келген кәсіпкердің әрбір сөзін аңдыған көрерменді шабыттандырған сұхбаттың шарықтау шегі де осы болған. ChatGPT-ді жасаған OpenAI басшысы Сэм Альтманның сөздерімен келіспейтіндер де болды.

Альтман сахнадан кеткеннен кейін оның болашаққа деген көзқарасын музыкант Стинг пен антрополог Джейн Гудоллмен бірге Will.i.am сынаған. 

Фото arabnews.com сайтынан алынды

Біздің жоғарыдағы сұрағымызға жауапты жанама болса да атақты америкалық музыкант Will.i.am берген сияқты:

«Жақында ЖИ өнімдері саналы болып, сол өнімді тұтынатын адамдарға қарағанда ақылды болады. Заттардың адамдардан да ақылды болуы үшін тірі адамдарға емес, сол заттарға көбірек қаржы жұмсайтын әлемге ұмтылу адамгершілікке жатпайды. Мен біздің қормен жұмыс істеймін және ЖИ үшін ақша жинау HI (адам интеллекті) үшін ақша жинаудан оңайырақ екенін түсінемін. Неге екені белгісіз, ЖИ мамандары қарапайым адамдарға не болып жатқанын, не болатынын түсіндіргісі келмейтін сияқты. Сондықтан бұл алаңдатады. Технологияны қаншалықты жақсы көрсем де... біз оны жақсы көрмейтініміз жүрегімді жаралайды. Бізге қайта оқып, қайта біліктілікті арттыруымыз керек. Бірақ ешкім махаббат туралы және ашкөздікпен емес, жанашырлықпен басқару туралы айтпайды».

Музыкант, i.am Angel қорының негізін қалаушы және президенті Will.i.am 18 қаңтарда Жыл сайынғы Конгресс орталығында. Фото World Economic Forum сайтынан алынды 

Әлем басылымдары бұл көзқарастың Давостағы ерекше болғанын жазуда. Бизнес пен үкімет басшылары апта бойы ЖИ әлеуетін талқылап, кейде жеке өмірге, қауіпсіздікке, жұмыс орындарына және саяси дискурсқа қауіп төндіретінін мойындаған.

Бірақ экономикалық форумда адамдардан гөрі машиналарға инвестицияны көп салуға басымдық берудің салдарын Will.i.am-нан басқа ешкімнің ойламағаны алаңдатады.

Euronews телеарнасының мына репортажында оптимизм де бар: