Беделді The New York Times басылымы ChatGPT-ді авторлық құқықты бұзды деп айыптады. Танымал чат-бот қолданушылардың сұрауына беделді газетте жарияланған мақалаларды қолданып жауап беретіні анықталды.
The New York Times басылымы ChatGPT-ден бірнеше миллиард доллар талап етті
Фото geopop.it сайтынан алынды
1,278
оқылды

BBC News сайтында жарияланған мақалада Microsoft та жауапкер ретінде аталған бұл істе америкалық басылымға «миллиардтаған доллар шығын» келгені айтылады. Ірі медиа мен коммуникациялық алпауыттардың мүддесі қақтығысқан істің себебін Aikyn.kz түсіндіреді.

Фото hypetime.ru сайтынан алынды

The New York Times заңгерлері OpenAI және Microsoft компаниялары «миллиардтаған доллар» шығын үшін жауап беруі керек дейді. Шығынның көлемі мен себебін олар былай түсіндіреді.  

ChatGPT және басқа да үлкен тіл үлгілері (LLM) көбінесе интернеттен алынған деректердің үлкен көлемін талдау арқылы «үйретіледі». The New York Times жариялаған «миллиондаған» мақалалар ChatGPT-ті ақылдырақ ету үшін оның рұқсатынсыз пайдаланғаны белгілі болды. Чат-боттың жауаптары сенімді ақпарат көзі ретінде газеттегі бұрын жарияланған материалдармен бәсекелеседі деп бағалануда. Мысалы, соңғы жылдардағы немесе ағымдағы оқиғалар туралы сұрағанда, ChatGPT чат-боты The New York Times мақалаларынан «сөзбе-сөз үзінділер» жасайды екен. Ал бұл мақалаларды басылым тек ақылы түрде ғана таратады.

Фото securitylab.ru сайтынан алынды

Басылымның талап-арызына сәйкес, ендігі жерде оқырмандар The New York Times мазмұнын ақысыз ChatGPT-ге сұрау салу арқылы ала алатын болған. Осылайша, газеттің абоненттік жазылудан түсетін табысы азайып, сайтқа кіретін адамдардың саны кеміп, жарнамадан түсетін қаржысы да кеми бастайды.

Басылым сонымен қатар ChatGPT-дің мүмкіндіктері қолданылатын Microsoft-тің Bing іздеу жүйесінің мысалын келтіреді. Бұл іздеу жүйесі де The New York Times газетінің веб-сайтынан алынған нәтижелерді өзінің жауабында сілтемесіз қолданады немесе ақылы сілтемелерді де авторларын атамай өзінің жауабына қосады екен.

Фото dzen.ru сайтынан алынды

The New York Times газетінің ChatGPT-дің иесі OpenAI мен Microsoft компанияларын бірге жауапқа тартуы да түсінікті. Өйткені Microsoft OpenAI-ге 10 миллиард доллардан астам инвестиция құйған.

Сәрсенбіде Манхэттен федералды сотында берілген талап-арызында The New York Times сәуір айында Microsoft пен OpenAI-дан авторлық құқықтарына қатысты «өз еріктерімен келісімге» келуді сұрағаны белгілі болды.

Жасанды интеллект жүйесін жасаушыларға қатысты авторлық құқықтардың бұзылуына байланысты берілген сот процестері тек бұл ғана емес. Генеративті ЖИ деп аталатын әзірлеушілерге қарсы бүгінде бірнеше даулы істер қозғалды. Олардың көпшілігі авторлық құқықпен қорғалған өнер туындылары мен шығармашылық өнімдерді ЖИ жүйелерінің интернеттің көмегімен тегін пайдалануымен байланысты. АҚШ пен Еуроодақ елдерінде қозғалған бұл істер ұзақ жылдар бойы жүруі мүмкін, нақты шешімдерді де ұзақ күтуге тура келеді.

Америкалық ақпарат кеңістігінде The New York Times газетінің OpenAI мен Microsoft компанияларына қарсы талаптары қызу талқылануда. Төмендегі видеоларды субтитр аудармамен қазақ немесе орыс тілінде көруге болады: