Биыл еліміз бірқатар халықаралық ұйымға төрағалық етеді. Бұл – Қазақстанға қосымша жауапкершілік жүктейтін маңызды жайт. Ол үшін тиянақты жоспар, тыңғылықты дайындық қажет.
Төрағалық тізгіні – бізде
1,262
оқылды

2024 жыл Қазақ елі үшін ай­рықша маңызға ие болатынын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қадап айтты. Президент 3 қаңтарда Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхба­­тында: «Біз ұлт мүддесін ескере отырып, сындарлы әрі салиқалы сыртқы саясатты жалғастырамыз. 2024 жы­лы елімізде бірқатар ауқым­­­ды саммит, форумдар өтеді. Қазақстан бірнеше беделді ха­лықаралық ұйым­ға, атап айтсақ, Шанхай ын­тымақтастық ұйымы­на, Ұжым­дық қауіпсіздік туралы шарт ұйы­мына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түркі мемле­кеттері ұйымына, Арал­ды құтқару халықаралық қорына, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйы­мына төраға­лық етеді»,– деді.

Саясаттанушылардың ай­туын­ша, Қазақстан халықаралық күн тәртібін қалыптастыратын негізгі елге айналғалы отыр. «Еліміздің сыртқы саясаты қазіргі геосаяси сілкіністер аясында жүйелілігімен, салмақтылығымен және бейбіт­шілікті жақтаушылығымен ерек­шеленеді. Бұл – біздің бастама­­ларымызға халықаралық сенім мен қолдаудың негізі», – дейді  Прези­дент жанындағы ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің басшысы Айдар Құрмашев.

Еліміз төрағалық ететін беделді ұйымның бірі – Шанхай ынтымақ­тастығы ұйымы (ШЫҰ). Бүгінгі таңда ол Азияның ең ықпалды ха­лықаралық ұйымы. 3,5 миллиард­тан астам адам тұратын ұйымға мү­ше тоғыз мемлекеттің мүмкіндігі әлемдік ЖІӨ-нің төрттен біріне және жаһандық сауданың 15%-на тең. ШЫҰ-на осы жылы оныншы мемлекет болып Беларус Республи­касы мүшелікке кіреді деп күтілуде. 

Айта кетейік, Қазақстан бұл ұйымға осымен төртінші рет төраға­­лық жасауда. 

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2023 жылғы 4 шілдеде Делиде өткен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшы­лары кеңесі отырысында ШЫҰ-ның қазіргі әлемдегі рөлін «саяси ықпалы зор, экономикалық мүм­кін­дігі мол» ұйым деп бағалаған бола­­­тын. Қазақстан Президенті ШЫҰ-ны құруға әуел бастан атса­лысқан мемлекет ретінде Қазақ­станның осы беделді ұйымға төраға­лығы аясында ШЫҰ кеңіс­тігіндегі достық пен тату көршілік қарым-қатынасты нығайтуға үлес қосып, оның жаһандық рөлін арттыруды жалғастыратынын айтты.Прези­дент жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері Ерболат Сейлеханов та ШЫҰ-на төрағалық етудің жауап­кершілігі зор екенін айтады. «ШЫҰ-ның әлемдік саясат пен эконо­микадағы осындай салмақты бэкграундын ескере отырып, Қа­зақ­­стан осы беделді ұйымға төраға­лығы ая­сында алты негізгі басым­дықты айқындап алды. Ең алдымен, ШЫҰ кеңістігінде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету. Одан кейін сауда-экономикалық және энергетикалық байланыс­тарды кеңейту. Цифрлық сала мен экологияны жақсарту, мәдени-гуманитарлық байланыстарды ны­ғайтуға басымдық беріледі», – дейді ол.  

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап біздің елге төрағалық ету міндеті жүктелген ұйымның бірі – Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ). Бұл ұйымға басшы­­лық жасауда да Қазақ­­стан­ның мызғымас ұстанымы айқын. 2023 жылы 23 қарашада Минскіде өткен ҰҚШҰ-ның Ұжымдық қауіп­сіздік кеңесінің сессиясында Қазақ­стан Президенті Қ.Тоқаев ұйым қызметі бойынша ерекше назар ауда­руды қажет ететін бір­қатар ба­сым бағытты ұсынған болатын. «Бі­рінші, ҰҚШҰ-ның қауіпсіздік сала­сында мүдделі елдермен және ха­­­­лықаралық ұйым­дармен ынты­мақтастық орнату. Біріккен Ұлттар Ұйымымен және оның құрылым­дарымен ара­да қалыптасқан ықпал­дастық деңгейін сақтауға баса мән беруді ұсынамыз. Бұл жұмыс 2010 жыл­дың 18 наурызында ҰҚШҰ мен БҰҰ хатшылықтары арасында қол қойылған ынтымақтастық туралы бірлескен декларация негізінде жүр­гізіледі», – деді Мемлекет бас­шысы. Себебі Қазақстан ТМД мен ШЫҰ арасындағы ынтымақ­тас­тықты одан әрі тереңдетуді құптай­ды.  «ҰҚШҰ-ның ТМД-мен және ШЫҰ-мен ынтымақтастығын нығайту жөніндегі практикалық шаралар» атты құжатта оның нақты қадамдары айқындалған, – деп атап көрсетті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Саясаттанушы Дәурен Әбеннің сөзінше, Қазақстанның ұста­нымына сай ҰҚШҰ-ның ұжым­дық бітім­гершілік операциялары БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінің ман­датына сәйкес жүзеге асырылады. «ҰҚШҰ мүше елдерінің басым­дықтарының бірі – ұйымның бітімгершілік әлеуеті. Қазақстан өз кезегінде осы әлеует­тің артуына БҰҰ-ның бітімгершілік миссия­ларына қатысу және ҰҚШҰ-ның бітімгершілік және қауіп­­­­сіздік күштерін дамыту ар­­қылы қомақты үлес қосып отыр», – дейді саясаттанушы.

Бұл тұрғыда біздің еліміз өзі төрағалық ететін халықаралық ұйым­дар алдына қазіргі қауіпсіздік қатерлерімен бірлесе күресу мін­детін қойып отыр. Ол – халықара­лық терроризм мен экстремизм, есірткі мен қарудың заңсыз айна­лымы, трансшекаралық қылмыс, заңсыз көші-қон, ақпараттық тех­нологиялар және киберқауіп­сіздік саласындағы қылмыстар. 

«Биыл біз Қазақстанның бір­неше маңызды халықаралық ұйым­­дарға төрағалық етуінің маңыз­­ды кезеңіне кіреміз. Олар­дың әлеуеті синергиясының же­тістігіне халық­аралық істерде көп нәрсе байла­нысты болады. Қалай болғанда да, біздің сыртқы саяса­тымыз тұрақ­­­­тылықтың ғажап мүм­кін­­дігін көрсе­теді, ал өзгерістер әле­мінде туын­дайтын жаңа мүм­кіндіктер қазақ диплома­тия­сының белсенділігі үшін қосымша кеңістік жасайды», – дейді ҚСЗИ Еуропалық және америкалық зерттеулер бөлімінің жетекші сарапшысы Мирас Жиен­баев.

Еліміздің бас қаласында өтетін айшықты шараның бірі – Астана халықаралық форумы. Маусым айын­­да шымылдығын түретін ауқы­мы кең басқасуға әлемнің көш­басшы әрі жаһандық деңгей­­дегі компания басшылары қаты­­сып, адамзатқа ортақ маңыз­ды мәселе­лерді талқыға салмақ. Аста­на фору­мы климаттың өзгеруін, азық-түлік тапшылығын және энергетикалық қауіпсіздікті қау­зайды.

Сясаттанушы Айдар Құрма­шевтің пікірінше, Қазақстан биыл өңірлік ынтымақтастыққа, әсіресе Орталық Азия елдерімен қарым-қатынастың маңыздылығына да айрықша маңыз бермек. «Қ.Тоқаев өзінің сұхбатында «С5+» үлгісін және оның халықаралық аренадағы өңір елдерінің ұстанымдарын ны­ғайтудағы рөлін айрықша атап өтті. Бұл – Қазақстанның өңірлік бас­тамаларды дамытуда және Орталық Азия елдері арасындағы ынты­мақтастықты нығайтуда белсенді рөл атқаруға саналы түрде ұмты­латынының белгісі», – дейді ол

Биыл елімізде өтетін дүбірлі жиынның бірі – V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны. Ұлы дала сал­тын ұлықтаған ел ретінде де бұл дода Қазақстанның мәрте­­бесін асқақтатар айтулы оқиға­ның бірі болғалы тұр. Көшпен­ділер ойыны бауырлас түркі ха­лықтарының мә­дени-гумани­­­тарлық байланысын арттыру тұрғысынан да маңызды. 

Бауыржан БАЗАР

фото: almaty.tv