Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз», «Қазақстанның үздік тауары» байқауларының жеңімпаз­дарын – ел дамуына елеулі үлес қосқан кәсіпкерлерді салтанатты түрде марапат­тау рәсіміне қатысушыларды құттықтады.
Адал бизнеске әрқашан жол ашық
1,354
оқылды

– Қазір Қазақстанда бизнес саласы қарқынды дамып келеді. Бұған мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр. Шағын және орта биз­нестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 36 пайыздан ас­ты. Бұл – шын мәнінде, жоғары көрсеткіш. Осы са­лада жұмыс істейтін адамдардың саны 4,3 мил­лион­ға жетті. Яғни, еңбекке жарамды аза­маттар­дың 45 пайызы деген сөз. Индустрияландыру жұ­­­мысы соңғы жылдары жоғары қарқынмен жү­­зеге асырылып келеді. Былтыр өңдеу өнер­кә­сі­бі­нің экспорты 26 миллиард доллардан асты. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Өткен жылы осы са­лаға 1,5 триллион теңге инвестиция тар­тылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы еліміздің экономикасы әділдік қағидатына негізделуге тиіс екенін атап өтіп, бірқатар маңызды мәселеге назар ау­дарды.

– Мен жуырдағы Жолдауымда 2029 жылға қарай ұлттық экономика көлемін екі есе, яғни 450 миллиард долларға дейін ұлғайту жөнінде маңызды міндет жүктедім. Бұл міндет – бос қиял емес, Үкіметтің мұқият есептеген іс-қимыл жос­пары. Оны орындау үшін жаңа инвестициялық циклді іске қосу қажет. Ол ел экономикасының маңызды элементіне айналады. Өткен аптада мен Инвестиция тарту жұмыстарының тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойдым. Енді Инвестициялық штабтың жұмысы жобаларды уақытылы және кедергісіз жүзеге асыруға бағытталады. Штабқа заңды күші бар, уақытша нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу құқығы берілді, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, мемлекет бизнес үшін әділ әрі ашық ойын ережесін қамтамасыз етуге бар күш-жігерін жұмсайды. Мемлекет басшысы елімізде жасанды интеллект жүйесін құру ісін тағы бір маңыз­ды мәселе ретінде атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның болашағы және оның халықаралық қо­ғамдастықтағы орны осы жұмыстың сәтті іске асуы­на байланысты деп санайды. Сондықтан Пре­зидент бұл бағытқа өзі жетекшілік етеді және шет­ел­дік, отандық мамандармен кездеседі, сондай-ақ жүк­­­телген міндеттердің орындалуын бақылайды. 

Мемлекет басшысы елді индустрияландыру ісін одан әрі жалғастыруымыз керек деп санайды. Бұл бағытта нақты шаралар қолға алынып жатыр. Екі жыл бұ­рын «Өнеркәсіп саясаты» туралы арнаулы заң қа­былданды. Өңдеу кәсіпорындарын арзан шикізатпен қам­тамасыз ету өте маңызды. Келесі жылдан бастап ірі шикізат өндірушілер ішкі нарықтың сұранысын қам­тамасыз етуге міндетті болады. Олар Қа­зақ­стан­дағы өңдеу мекемелерінің қажеттілігін толық өтесе ға­на шикізатты экспорттай алады.

– Ауылды дамыту – түптеп келгенде, бүкіл Қазақ­стан­ды дамыту деген сөз.  Сондықтан биыл біз «Ауыл аманаты» жобасын бастадық. Ауыл тұрғындарына шағын несие беру үшін 100 миллиард теңге бөлінеді. Соның арқасында 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Келесі жылдан бастап бизнесті дамытуға ар­налған бірыңғай кешенді бағдарлама қолға алы­нады. Болашағы бар шағын және орта бизнеске ба­сым­дық беріледі. Яғни, мемлекет өндірістік қабілеті жо­ғары және экспортқа өнім шығаратын кәсіп­кер­лерге қолдау көрсетеді, – деді Президент.

Сонымен қатар перспективті цифрлық ин­дуст­рия­­ға баса назар аударылды. Президенттің ай­туынша, Қа­зақстан электронды үкімет пен қар­жылық-тех­но­ло­гиялық даму индексі бойынша әлемде жетекші орын алады.

– Елімізде IT секторы қарқынды дамуда. Озық мем­лекеттер экономикасындағы бұл саланың үлесі жыл сайын ұлғайып келеді. Былтыр отандық IT ин­дустрия экспорты бес есе өсті. Мен оның көлемін 2026 жылға қарай бір миллиард долларға жеткізу мін­детін жүктедім. Біз ірі өнеркәсіптік өндірістен бас­тап шағын сервистік жобаларға дейінгі эко­но­ми­ка­ның барлық саласын одан әрі цифрландыруға баса мән береміз. Бірақ босаңсуға, жетістіктерге тоқ­мейіл­суге болмайды. Еліміз жаһандық цифрлық технология ор­т­алығы ретіндегі орнын нығайтуы керек. Қазақстан ірі халықаралық IT компаниялардың кеңселері ор­на­ласатын аумақ бола алады және болуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты рәсімге қаты­су­шылармен кездесуде халқымыздың үйренетін ғана емес, үйрететін ұлт болуы керек екенін, ал Қазақстан тұты­натын емес, өндіретін мемлекет болуы қажеттігін айтты.

–  «Қазақстанда жасалған» деген таңба ең мықты са­паның, ең жақсы өнімнің белгісіне айналуға тиіс.  «Алтын сапа» байқауының басты мақсаты – осы. Со­ны­мен бірге бизнес өкілдері халық алдындағы жауап­кер­шілікті терең сезінуі керек. Адал азамат өз жағ­дайын ғана жасамайды. Ол туған ауылының немесе өзі жұмыс істеп жатқан аймақтың қамын да ойлайды. Мұн­дай кәсіпкерлер көпшіліктің қолдауына және алғы­сына ие болады. Шын мәнінде, туған елдің ықы­ла­сы­нан артық марапат жоқ. «Парыз» байқауына қа­тысушылар биыл түрлі әлеуметтік жобаға белсене ат­салысты. Қайырымдылыққа 80 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсады. 6 мыңнан астам жаңа жұмыс ор­нын ашты. Табысын елімен бөліскен осындай аза­мат­тар жоғары құрметке лайық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысы жиын соңында «Алтын сапа» және «Парыз» байқауларына қатысқан кәсіпкерлерге ри­зашылығын білдіріп, лауреаттарға наградаларын тап­сырды. «Парыз» сыйлығының орта және шағын кәсіп­керлік субъектілері арасындағы Гран-приі «Абай Дәу­лет» ЖШС-ына (Қызылорда облысы), ал ірі кә­сіп­керлік субъектілері арасындағы Гран-приі «Бақыр­шық тау-кен  өндіру кәсіпорны» ЖШС-ына (Абай облысы) табысталды. «Үздік индустриялық жоба» но­минациясы бойынша «ДЕП» ЖШС (Қостанай об­лысы), «Үздік инновациялық жоба» номинациясы бойын­ша CleanfieldKazakhstan ЖШС (Маңғыстау об­лысы) «Алтын сапа» сыйлығының жеңімпаздары атан­ды.