Қазақстан PISA-2022 ха­лықара­­­­лық зерттеуінің қо­ры­тындысы бойынша 81 мем­­лекеттің арасынан 50-орын иеленді.
PISA-2022: сауатымыз сапаға сай емес
2,797
оқылды

Экономикалық ынты­мақ­тас­­тық және даму ұйымы (OECD) ор­та мектептегі білім деңгейін анық­тайтын PISA (Programme for International Student Assessment) рейтингін үш жылда бір рет қоры­тындылайды. Ұйым әлем елдерінің орта білім сапасын анықтау мақ­­­сатында оқу сауаттылығы, ма­­те­матика және жаратылыстану ғы­лы­мы бойынша тест алады. PISA тестіне экономикасы орташа және жоғары елдердегі 15 жастағы бала­лар қатысады. Тест мақсаты – оқу­шылардың алған білімдерін өмірде қолдану деңгейін, сыни ойлау қа­білетін анықтау. Яғни, PISA өл­шеміне салсақ, қазақстандық оқу­шылардың білімді қажетіне жарата білу, сыни ойлау, терең талдай білу, интеллектуалды қабілеті төмен деген сөз.

2022 жылдың сәуір-мамыр айын­да өткен зерттеуге еліміздің 571 білім беру ұйымынан 19 769 бі­­лім алушы қатысқан. Нәти­же­сінде, оқушылар 81 елдің ішінде математикадан 46-орын (2018 жы­лы 54-орын), оқудан 61-орын (2018 жылы 69-орын), жараты­­­лыстану пәні бойынша 49-орынды (2018 жылы 69-орын) иеленді. 

– 2018 жылғы нәтижемен са­лыс­тырғанда, 2022 жылғы қоры­тындыда ілгерілеу байқалады. Өйт­­­кені пандемия кезінде оқу­шылардың онлайн білім алға­нын ескерсек, жақсы көрсеткіштер бар екенін айтқан жөн. Сарапшы ма­ман­­­дардың пікірінше, жара­­ты­лыстану, ғылыми сауаттылық бо­йынша Қазақстан ең жоғарғы ғы­­­­лыми динамиканы көр­сет­кен, – деді Парламент Мәжі­лі­сінің де­путаты Жұлдыз Сүлей­менова. 

Халықаралық OECD ұйымы­ның рейтингі бойынша еліміздің білім жүйесі төменгі сатыда тұр. Егер PISA рейтингі Қазақстанның 2025 жылға арналған мемлекеттік стратегиясына енгенін ескерсек, 81 елдің ішінде 50-орын иелену төменгі көрсеткіш саналады. Елі­міз PISA рейтингіндегі жағдайды жақсартуды көздейді. Өйткені кез келген елдің экономикасы, мәде­ниеті, ғылымы ең алдымен халқы­ның сауаттылығы мен интел­лек­туалдық деңгейінің жоғары бо­­­луы­­мен тікелей байланысты. Кез келген білімді, «көкірек көзі ашық» ұлт өзгелермен «терезесі тең» бәсекелесе алады. Сондықтан білімге қаржы жұмсау мәселесінде қараулық танытуға болмайды. Сала мамандары «еліміздің білім саласын реформалау үшін алдымен білім саласындағы басқару менед­ж­ментін өзгерту керек» дейді. Мәселен, «Білім сарап­шыла­ры­­ның қазақ лигасының» бас­шысы Гүлнар Әбішова: 

– Бәрі, біріншіден, менедж­ментке байланысты. НИШ пен БИЛ-дерде басқару жүйесі мықты жолға қойылған. Негізгі мәселе – жай мектептердің білім сапасын кө­­теру үшін басқару жүйесін дұ­рыстау керек. Талап қоя білу керек. Тек қана материалдық жағдай ғана емес, мұғалімдердің балаларға білім беру методикасын өзгерту керек. Мұғалімдерде таң­­­дау жоқ. Мұғалімдер курстарды таңдап ала­ды, баучер болады деген әңгіме бол­ған, бірақ орындалмады. Бізге әлі де үлкен-үлкен зерттеу жұмыс­тары керек. Соңғы 10 жылда білім беру жүйесінде біраз реформа жасалды. Оған көп қаржы жұмсал­ды. Бірақ әлі мониторингтік тал­дау, есеп жасалған жоқ. Жаңар­тылған білім беру жүйесіне ауыс­­­тық, оның да көрсеткіштері анық емес. Білім жүйесіне жеке-жеке бақылау жүйесі болғанымен, ұлттық бақылау жүйесі қалып­таспаған. Сондықтан еліміздің нақты білім сапасы қандай екеніне де толық жауап бере алмаймыз, – дейді. 

«Жалпы, қазіргі жағдай өзгер­месе, PISA бойынша сауат­тылық деңгейі әрі  қарай да түсе береді» дейді мамандар. Кәсіпкер ұстаз, мектеп мәселелері жөніндегі тә­уел­­сіз сарапшы Нұрмұхаммед Досыбаев: 

– Егер былтырғы нәтижелер мен өзгерістерге қарап айтатын бо­л­­­сақ, прогресс бар деп қуануға бо­лады. Бірақ бұл прогреске жеткен күннің өзінде бұл өте тө­мен көрсеткіш. Әлем бойынша алатын болсақ, 81 елден 50-орынға ілікті деген ұят. Бұл біздің білім, мектеп жүйесінің ахуалын көрсе­теді. Біз осылай аз-аздан 3-4 жылда бір рейтинг бойынша бір-екі сатыға көте­­­рілгенге қанағаттанып, қуанып отырамыз ба әлде, жүйелі тұрғыда бір шаралар қабылдап, тез-тез өсуге, әлемдегі ең алдыңғы қатарға кіруге ұмтыламыз ба? де­­ген сұрақ туындайды. Егер де қа­нағаттанбай, үлкен өзгерістерге, рей­­­тингтің алдыңғы қатарына өту тұрғысынан жұмыс істейміз десек, онда жүйелі жұмыстар жа­сау керек. Қазіргі қабылданып жатқан іс-шара­лар­дың бәрі жет­кіліксіз. Мысалы, елімізде бала­­лардың 1 пайызы БИЛ, НЗМ мен РФММ, жекемен­шік және халық­аралық мектептерде оқыса, 99 бала кәдімгі орта мек­тепте оқи­ды. Бұл тәсілмен біз жа­қын 10 жылдықта рейтинг бойын­ша тіпті алдыңғы ел қата­рына көтеріл­мейміз. Сон­­­­дықтан рей­­­тингтің алдынғы қа­тарындағы елдердің білім жүйесіне үңіліп қарау керек. Білім сапасы жоғары елдер біздегідей 1 пайыз ғана емес, 100 пайыз сапалы білім­мен қамтуға тырысады. Білім сала­сын қар­­жыландыруды сапалы қол­ға алған, қомақты қаржы жұм­сайды. Инфра­құрылымды жақ­сарту және маман­дардың барлы­ғына білім мазмұнын күшейтуге жағдай жасау мәселесі жүйелі, параллель түрде жүріп оты­рады, – дейді. 

Атап айтар болсақ, Халық­аралық OECD ұйымының талабы бойынша, мемлекеттегі ЖІӨ-нің 6 пайызы білімге жұмсалуы керек екен. Ал бізде ресми дерекке сәй­кес, аталған көрсеткіш 3-3,5 па­йыз­­­ды ғана құрайды. Сондықтан сарапшы мамандар пікірі, негізі­нен мемлекет білімге бөлінген қар­жының есебіне мониторинг жа­сап, саладағы жемқорлықпен ашық, ымырасыз күресу керек де­генге саяды. Осы тұрғыда тарих пәні мұғалімі Өмір Шыныбекұлы: 

– PISA рейтингіне қатысқан елдердің арасынан 3 ел ғана оң нәтиже көрсете алды: Сингапур, Жа­пония және Оңтүстік Корея. Өзге елдердің бәрі кері кеткен. Оқу-ағарту министрі Ғани Бей­сем­­­­баев қандай деректерге сүйеніп отырғанын білмеймін. Әрине, қуа­натын жағдай емес. Қ.Тоқаев Пре­зидент болғалы мемлекет білім са­ласына өте көп қаржы бөліп жа­тыр. Өкінішке қарай, мектеп, аудандық білім бөлімдерінің бухгалтерлері миллиондап емес, миллиардтап ұрлап жатқанын БАҚ жариялап жатыр. Е.Сағадиев министр болған кезде жаңа білім бағдарламасына енгізілген «үштіл­­­­­ділік» саясаты мектептерде қазақ тілінің оқытылуына кері әсерін тигізді. Мәселен, мен Шымкент қаласының 99% қазақ ұлты өкіл­дері тұратын «Нұрсәт» мөлтекау­­данында тұрамын. Аулаға шықсам, көретінім тегіс орысша сөйлеп жүр­ген қазақ балалары, – дейді.

Иә, тілі ала-құла баланың ло­ги­касы, интеллектуалды ойлау жүйесі дұрыс қалыптасады дегенге сену қиын. Өйткені ой қорытып, сауатты сөйлеу, ойын жүйелі жет­кізе білуде туған тілдің атқарар рө­лі зор. Ресми дерекке сүйенсек, қазір оқушылардың 75%-ы мек­тепті қазақ тілінде бітіреді. Бірақ олардың қазақша еркін, сауатты сөйлеуі, тілді жетік білуі және сауатты жаза алуы, өмірде тұрақты қолдануы күмән тудырады. Қазір қазақша сөйлейтін отбасылардың өзінде тілі орысша шығып жатқан бала­­лар көп. Салдарынан, оқушы­­­­­­­лардың мәтінді түсіну, талдау жа­сау, сыни тұрғыда ойлау дағ­дылары қалыптаспайды. Нә­­­тижесінде, PISA секілді зерттеу қорытын­­дыларында оқушы­­­ларымыздың функционалдық сауаттылығының төмендігі дәлелденіп отыр. 

– Мен алаңдайтын бір мәселе, оқу сауаттылығы бойынша 2018 жылы 69-орын иеленсе, 2022 жы­лы 61-орынды иеленіппіз. Өзіңізге белгілі, бізде бастауыш білім алушы балалардың да оқу сауаттылығына байланысты нәти­же осындай. Яғни, бұл балалары­мыздың оқып, мәтіндердегі де­ректерге сәйкес түсінуі, түйсінуі тұр­­ғысынан әлі де болса жұмыс жасау керектігін көрсетеді. Оқу сауаттылығы бойынша жалпы Үкі­мет назарын кітапхана, кітап оқу, кітапты сүйіп оқу, отбасымен оқу, оқуға құштар мектеп деген жоба­ларды кешенді негізде сапалы жүзеге асыруға мән беру қажеттігін үнемі ескертіп келеміз. Кітапхана жұмысының жаңа мазмұны мен кітапханашылар мәртебесіне қатысты да депутаттық бірнеше бастамамыз қазірдің өзінде ше­шілмей келеді. Яғни, PISA қоры­тындысына сәйкес, жоғарыда атал­ған мәселелерге мемлекет тарапынан жүйелі көңіл аудару қажеттігін көрсетіп отыр, – деді депутат Жұлдыз Сүлейменова.

Естеріңізде болса, халық­аралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы: 

– Қазақ мектебіндегі оқу­шы­лардың 64%-ы – өз тілінде, яғни қазақ тілінде оқитын балалар, қа­зақ тілінде оқыған мәтінін түсін­бейді, оқыған дүниесінің негізінде ой қорытып, не ауызша, не жаз­­баша жеткізе алмайды. Бұл – өте қауіпті құбылыс. Сондықтан бізге дәл қазір өзге тілде сөйлейтін орта­­ны қазақ тіліне тартудан да маңыздысы – қазақ тілінде сөй­лейтін ортаның сөйлеу және жазу мәдениетінің сапасын көтеру, – деп атап өткен болатын.

PISA рейтингіне әлем елдер­і­мен білім саласындағы бәсеке деп қарағаннан гөрі, еліміздегі білім сапасын арттырудың страте­гия­лары мен бағдарламаларын әзір­леуге пайдаланатын ұтымды көр­сеткіш деп қараса, сондай-ақ тө­мен көрсеткіштерді бүрке­­­меле­мей, білім саласында шынайы ре­формалар жасау үшін пайда­­­ланса, тиімдірек болар ма еді?!

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ