Көк түріктің Күлтегін жазуында: «ха­лықтың аты, даңқы өшпесін деп түркі халқы үшін түнде ұйықтамадым, күн­діз отырмадым» делінген. Ата-ба­бамыз ұлы даланың кейінгі би­леу­шілеріне мемлекеттілікті ны­ғай­ту­дың, елді өркендетудің қағидасын, өсие­тін өстіп тасқа қашап кеткен.
Жарастықты ырысқа ұластырудың қазақстандық формуласы
1,395
оқылды

Өйт­кені көшбасшысы түнде көз іл­мей, күндіз байыз тауып отыра ал­­­май, үнемі ізденіс, талмай талпыныс та­нытса ғана мемлекеттің абыройын ас­қақтатып, беделін биіктетеді. Елі­нің бейбітшілігі мен бақуатын бекем етіп, тұрақтылығы мен тәуелсіздігін ны­ғайтады. 

Ел тілегін басшылыққа алған көшбасшы

Осыдан тура бір жыл бұрын, 2022 жылғы 26 қарашада, елдің төрі елордадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстанның жаңа сайланған Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың салтанатты ұлықтау рәсімі өтті. 

Бұл шынында, қазақ тарихының алтын қо­рына қосылған ірі оқиға болды. Өйткені дәл осы күні Қазақстан тарихында тұңғыш рет «7 жылдық мерзімге халықпен өзара ке­­­­­лісімшартқа отыратын менеджер» мәр­те­бесіндегі Президент қызметіне кірісті. 

Содан бергі өткен 1 жылда халқымыз бас­қарудың суперпрезиденттік үлгісінен бас тартып, мықты Парламенті бар пре­зи­дент­тік республикаға біржола көшкен жа­ңа Қазақстанда өмір сүруде. Қ.Тоқаев Қа­зақстанның кейінгі лидерлері санасына сіңі­ріп, құлағына құйып алуға тиіс жаңа қа­­ғиданы тарихқа «қашады»: «Президент әу­­лие емес, ол ел мен жердің киесі – ха­лық­­­қа қалтқысыз қызмет ететін мемле­кет­тік басқарушы».

Мемлекет басшысы кейін, 2023 жылғы 17 маусымда өткен Ұлттық құрылтайдың екін­ші отырысында қазақ елінің бұдан бы­­лайғы билеушілерінің мәртебе-мис­сия­сын тұжырымдап берді. 

«2022 жылы жасалған реформалардан кейін Қазақстан Президенті мемлекеттік бас­қарушы, яғни Конституцияда көр­се­тіл­ген 7 жылдық мерзімге халықпен өзара ке­лісімшартқа отыратын менеджер ретінде қыз­мет ететін болады. Президент – әулие емес, халықтан биік тұлға емес. Алайда қо­ғамымыз Мемлекет басшысына құр­мет­пен қарауы, саяси көзі ашық, жауап­кер­ші­лігі жоғары азаматтар ретінде оған ой-пі­кірін, ұсыныстарын айтып отыруы қа­жет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Басшы білікті болса, заман ағымынан озық қызмет етсе ғана еліміздің ертеңі жар­қын болмақ. Сонымен бірге Президент ал­дағы әрбір әрекетін, атқарар шаруаларын хал­қымен өзара ақылдаса отырып, жүйелі жүр­гізуі тиіс. Бұл тұрғыда да Мемлекет бас­­­­шысы ұлағатты үлгі көрсетіп отыр. 

Мысалы, былтыр Қазақстан Үкіметі атом электр стансасын тұрғызу мәселесін пы­­сықтауға білек сыбана кіріскелі сол­түс­тік көрші АЭС салу қызметін тықпалай бас­­тады. Түрлі саммит-форумда РФ бас­шы­сының өзі қазақстандық атом стан­са­сын Ресей салса, мұның екі елдің ынты­мақ­тастығын күшейтер жобаға айна­ла­ты­нын бірнеше рет нықтады. Қазақстан Пре­зиденті бұл мәселеде ешбір сыртқы күш­тің жетегінде кетпейтінін, тек өз хал­қы­ның пікірін ұлық тұтатынын ашық біл­дірді. 

«Қазақстан аумағында АЭС салу мә­се­ле­сінде Ресей тарапының жәрдем беру ұсы­нысын жоғары бағалаймыз. Әйтсе де, АЭС құрылысы жөніндегі түпкілікті ше­шім референдум қорытындысы бойынша қа­был­данады», – деді Қасым-Жомарт То­қаев биылғы қарашада ресейлік «Из­вес­тия» газетіне берген сұхбатында.

Ол 2019 жылғы сайлауалды бағ­дар­ла­ма­­сында бұдан былай аса маңызды ст­ра­те­гиялық проблемаларға қатысты шешімді ре­ферендум арқылы қабылдауға уәде бер­ген еді. Сол сертін сақтап, сөзін берік ұста­нып келеді. Осы орайда Мемлекет бас­шысы биылғы халыққа Жолдауында: «АЭС салу немесе салмау мәселесі – елі­міз­дің болашағына қатысты аса маңызды мә­селе. Сондықтан оны жалпыұлттық ре­­­­ферендум арқылы шешкен жөн», – деп жа­­­­риялады. 

Қайғыда да, қуанышта да – халық ор­тасында

Көшбасшы жалқау болып, кежегесі кейін тартып тұрса, ұлттық мүддені іл­ге­рі­лету, елді өркендету жолында саусағының ұшын да қимылдатпаса, мемлекеттің соры сол. Бұл ретте Көк түрік бабамыздың өсие­тіне адалдық танытқан ел Президенті осы өт­кен бір жыл ішінде әлемнің біраз елін өзі аралады. Төл сарайында қаншама шет мем­лекеттің делегацияларын ұдайы қа­был­дады. Сағаттарға созылған, тағатты тау­­­сылтқан, жан жүдетіп, тән шаршатқан күр­делі, күрмеулі келіссөздерде ұлт ұпайын түгендеу үшін тынымсыз еңбек етті. 

Нәтижесінде, Президенттің жұмыс кес­тесі тығыз, жұмыс тәртібі қауырт бол­ды. Қасым-Жомарт Кемелұлы барлық дер­­лік облысқа сапарлады. Оның бары­сын­­да ауыл-аймақтың қордаланған мә­се­лелерін шешу жайы пысықталды, жаңа жо­­ба-жоспарлар түзілді, тың міндеттер қойыл­ды.

28 қазанда Президент Қарағанды об­лы­сының Теміртау қаласына арнайы ба­рып, «АрселорМиттал Теміртауға» қарасты Кос­тенко атындағы шахтада болған апат сал­дарын жою жөніндегі жедел штаб оты­рысын өткізді. Құтқару жұмыстарын, қаза тап­қан шахтерлердің отбасыларын әлеу­мет­тік қолдау, зардап шеккен азаматтарға ме­дициналық көмек көрсету, апат сал­да­рын жою мәселелерін жеке бақылауына ал­ды. Шахтадағы жарылыстан 46 адам мерт болды, тағы 24 адам жараланды.

Биылғы маусымда Президент Абай об­­лысындағы алапат өртке қатысты жағ­дай­ды да өз бақылауына алды. 11 маусым кү­ні Қ.Тоқаевтың өзі облысқа жұмыс са­пары­мен барып, өртеніп жатқан орман ал­қабын тікұшақпен аралап шықты. Үкі­мет­ке және аймақ әкімдігіне қаза тап­қан­дардың отбасыларына барлық қажет кө­мек­ті көрсетуді жүктеді. Апат салдарынан 14 ор­маншы және бір тракторшы қайтыс бол­ды. 60 мыңдай гектар орман өртеніп кетті. 

Екі қайғылы оқиғаға байланысты Пре­зи­дент елде Аза тұту күнін жариялады.

Стратегиялық серіктестік тілдесуден басталады

Қасым-Жомарт Тоқаев осы бір жыл ішін­де АҚШ, Қытай, Түркия, Сауд Ара­бия­сы, Въетнам, Ресей, Орталық Азия рес­­­­публикаларына және әлемнің өзге де ел­д­еріне сапар жасады. 

Қазақстан лидері шетелдік әрбір са­па­рында тек ресми бағдарламасымен шек­тел­мей, сол елдің бизнес өкілдерімен, ірі ин­­­весторларымен, беделді компания­ла­ры­ның басшыларымен кездеседі. Бизнес фо­румдар, іскерлік топтардың дөңгелек үс­­телдерін, жеке жүздесулерді өткізеді. 

Бұл – елге инвестиция тартудың, сол ар­қы­­лы елдің әл-ауқаты арттырудың қамы. 

Қ.Тоқаев 28 қыркүйекте Берлин қа­ла­сын­да Еуропаның лидері саналатын Гер­ма­нияның канцлері Олаф Шольцпен кез­десті, соңынан қос лидер «С5+1» фор­ма­тындағы «Орталық Азия мен Германия» сам­митіне қатысты. Германияның Орта­лық Азиямен жалпы сауда-саттығы қар­қын­ды дамып келеді және 2022 жыл қоры­тын­дысында 11 миллиард долларды құ­ра­ды. Оның 80%-дан астамы Қазақстанға тие­сілі. Сапар нәтижесінде Қазақстан ГФР-ға жалпы сомасы 850 миллион дол­лар болатын тағы 100 шикізаттық емес тауар түрінің экспортын ұлғайтуға уағда­лас­ты. Бұл жерде мұнай химиясы, метал­лур­гия, тамақ өнеркәсібі өнімдері туралы сөз болып отыр.

3 қарашада Қасым-Жомарт Тоқаев Аста­наға келген Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанмен кездесті. Соңыра бауыр­лас қос мемлекеттің көшбасшысы Түр­кі мемлекеттері ұйымының Х саммитін өткізді. Мына ғажапқа назар аударыңыз: Қазақстан мен Түркияның екіжақты тауар ай­налымы 2022 жылы бірден 54 пайызға өсіп, 6,3 миллиард долларға жетті. Осы көр­сеткішті қос президент 10 миллиард дол­ларға дейін жеткізуді көздеп отыр. Бұ­рын ондықтан ары аулақтап жүретін Түр­кия енді еліміздің негізгі сауда серіктесінің төрт­тігіне еркін кірді.

Мұнымен тоқтап қалмай, өзара жан-жақ­ты ынтымақтастықты жаңа деңгейге кө­теру үшін елдер саяси диалогті ны­ғай­туға, сауда-экономикалық, инвес­ти­ция­лық, энергетикалық, көлік-логистикалық, аг­рарлық және мәдени-гуманитарлық са­ла­лардағы байланыстарды тереңдетуге ба­са мән береді. 

Жалпы, осы кезеңде түркі әлеміне жа­та­тын елдердің ықпалдастығы да қар­қын­ды түрде артқанын айтуға болады. Түр­кі­тіл­дес мемлекеттердің басшылары жиі бас қосу­ды дәстүрге айналдырды. Кейінгі жыл­дары ішкі саясатымен тұйықталған Ғұн­герия (Hungary) басшылығы Көк тү­рік­тен тараған төркіні бір елдердің қата­ры­на қайта тартылды. Мұны да Қазақстан ли­дерінің дипломатиялық жетістігі санауға бо­лады. 2 қарашада Мажарстан Премьері Вик­тор Орбан Қазақстанға сапарлады.

«Қазақ пен мадияр – ежелден сый­лас­ты­ғы жарасқан туыстас, достас халықтар. Екі елдің тілі, салт-дәстүрі мен мәдениеті ұқ­­сас. Орта ғасырларда Торғай даласынан Еу­­ропаға қоныс аударған қыпшақ тай­па­ларының ұрпақтары бүгінде Мажарстан ау­мағында өмір сүріп жатыр. Біз мұны мақ­тан тұтамыз», – деген Қ.Тоқаев екі ел­дің тарихи тамырластығы және тығыз бай­ланыстары бүгінде қарым-қаты­нас­тар­ды тереңдетуге негіз болғанын атап өтті. 

Қазақстан мен Мажарстан (Венгрия) өзара тауар айналымын 1 миллиард дол­лар­ға дейін жеткізуге келісті. Тараптар энер­­­­гетика, көлік, логистика, металлургия, өң­деу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, фар­мацевтика, тамақ өнеркәсібі, туризм са­лаларындағы байланыстарды дамытады.

Еліміздің сыртқы саясатындағы биыл­ғы жылдың басты бір жаңалығы – Еу­р­опа­лық одақтың тағы бір лидерінің бас­шы­сы­ның 1 қарашада елімізге сапарлауы болды. Фран­ция президенті Эмманюэль Макрон қа­зақ еліне тұңғыш рет келді. Қ.Тоқаев айт­­қандай, бұл алғашқы ресми сапары өзара қарым-қатынасты жаңа деңгейге шы­ғаруға мүмкіндік жасады. Өткен отыз жыл­да Франция қазақ экономикасына 18,7 миллиард долларға жуық инвестиция са­лыпты. Алда бұл сома екі еселенуі мүм­кін. 

Тараптар жасыл энергетика, соның ішін­­де уран, логистика, транзит, ауыл шар­уа­­­шылығы, денсаулық сақтау, циф­рлан­дыру, бі­лім беру салаларындағы алдағы ық­пал­дас­тықтың басым бағыттарын айқындады. 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап Қа­зақ-француз университеті өз жұмысын бас­тайды. Францияның Шығыс тілдері мен өркениеттері ұлттық институты (INALCO) қазақ тілін оқытуды қайта жан­дан­ды­рады, Қазақстан оның қазақ тілі мен мә­дениетін ілгерілету жоспарларын қол­да­мақ.

Мұның сыртында Қ.Тоқаев биыл Ко­рея Президенті Юн Сок Ёльмен, Кения Пре­зиденті Уильям Рутомен, Моңғолия пре­зиденті Ухнаагийн Хурэлсухпен, Пор­ту­галия президенті Марселу Ребелу де Соу­­замен, Черногория президенті Яков Ми­­­латовичпен, Румыния президенті Клаус Йоханниспен, БҰҰ Бас хатшысы Ан­тониу Гутерришпен кездесіп, келіссөз­дер жүр­гізді. 

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Тоқаев Сауд Арабиясының Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман Әл Саудпен, Ку­вейттің Тақ мұрагері шейх Мешаль әл-Ах­мед әл-Джабер ас-Сабахпен, Албания пре­зиденті Байрам Бегаймен, Иран пре­зи­денті Ибрахим Раисимен, Эстония пре­зи­денті Алар Кариспен, Финляндия пре­зи­денті Саули Ниинистёмен, Словения пре­зиденті Наташа Пирц-Мусармен, Ор­­та­­лық Азия елдерінің және басқа мем­ле­кеттердің басшыларымен жүздесіп, ел­деріміз арасындағы ынтымақтастықты да­мыту мәселелерін пысықтады.

2023 жылғы 20 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясындағы Жалпы дебатта сөз сөйледі. 2023 жылғы 24 тамызда БРИКС саммитіне қатысты.

Көршілер тату болса, аймақта бақ орнайды

Мемлекет басшысы Батыс держава­лары­мен бірге, көрші Қытаймен арадағы ын­тымақтастықты дамытуға да баса көңіл бө­ліп келеді. Соның ішінде Қазақстанның, мы­салы, қазағы қалың тұратын Шыңжаң өңі­рімен ықпалдастығын өрістетуі назар ау­дартады. Мысалы, биылғы 18 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға ресми сапары аясында Үрімжі қаласына келіп, ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы партия комитетінің хатшысы Ма Син­жуймен кездесті. Мемлекет басшысы сауда, өнеркәсіп, көлік, логистика, ауыл шаруашылығы және туризм сияқты көпте­ген бағыт бойынша өзара қарым-қатынас­тың нәтижелерін жоғары бағалады. 

Қазақстан бұл аймаққа сататын метал­лур­гия, мұнай химиясы, машина жасау, та­мақ өнімдерін, құрылыс материалдарын, сондай-ақ агроөнеркәсіп және азық-түлік өнімдерінің экспортын ұлғайтуға дайын. Қазақстанның шекаралас 4 облысы мен Шыңжаң өлкесі арасында тығыз байланыс орнады. Еліміздің Шыңжаңмен тауар ай­налымы биылғы жартыжылдықта 87% өсіп, 8,5 миллиард долларды құрады.

Қазақстан Президенті 18 қазанда Бей­жің­де өткен «Бір белдеу, бір жол» халық­ара­лық ынтымақтастығының III форумы­ның ашылу рәсіміне қатысты. Көлік-тран­зит саласының дамуына баса мән бере оты­рып, Қазақстан соңғы 15 жылда осы мақ­сатта 35 миллиардтан астам доллар құй­ды. Ляньюньгандағы қазақ-қытай ло­гистикалық орталығы, «Қорғас» құрғақ пор­ты, Батыс Еуропа–Батыс Қытай ма­гистра­лі, Қытайдан Иранға баратын те­мір­жол дәлізі сияқты ірі инфрақұры­лым­дық жобалар іске қосылды. Нәтижесі ғаламат: бүгінде Қытайдан Еуропаға қарай жерүсті транзиттік тасымалдың 85 пайызға жуығы Қазақстан арқылы өтеді. 

Яғни, бұл істе шың елі ұлы дала еліне тәуел­ді. Сондықтан Қытай Қазақстанда тұрақ­тылық пен бейбітшілік болуын қа­лайды. Сол себепті сапар аясында биік мәр­тебелі мейманына барлық қошеметін көр­сеткен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин: «Қы­тай Қазақстанның егемендігі мен ау­мақ­тық тұтастығын, сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформаларды то­лықтай қолдайды», – деп жариялап, ке­піл­дік берді.

Осы бір жыл ішінде қос көрші арасында ын­тымақтастықтың жаңа «алтын 30 жыл­ды­ғы» басталды. Мемлекеттеріміз арасын­да­ғы сауда-саттық табысты дамып келеді. Ин­вестицияның жалпы көлемі 21 мил­лиард доллар болатын 52 бірлескен жоба жү­зеге асырылып жатыр. Қытаймен алыс-берісті арттыра түсу үшін Қазақстан 3 жыл ішін­де 1 300 шақырым жаңа теміржол жол салу­ға, Қытаймен шекарада үшінші темір­жол өткізу пунктін ашуға, «Бақты» және «Қал­жат» жаңа құрғақ порттарын салуға ниет­ті. Тараптар сауда-экономика, мұнай-газ, мұнай химиясы, энергетика, қаржы, кө­лік-транзит, атом өнеркәсібі, машина жа­сау, туризм, электронды коммерция жә­не жоғары технология салаларындағы жан-жақты ықпалдастықты дамытуға уағ­даласты.

Батыстық ақпарат құралдары мен са­рап­­шылары осы бір жыл ішінде Қазақстан Пре­зидентінің Ресей басшысы В.Путин­мен бес рет кездескеніне таңданады. 

7 қа­занда Мемлекет басшысының Қазақстан ау­мағы арқылы Ресей газын Өзбекстанға та­­­сымалдау жобасын іске қосу рәсіміне қа­тысуы атаулы оқиғаға айналды. Бұл жо­ба барлық қатысушы тараптың мүддесіне сай келеді. Қазақстан өз аумағындағы ма­гист­ралды газ құбыры арқылы өзбек ағайын­дарға жылына 3 миллиард текше метр­ге дейін ресейлік көгілдір отынды ай­дап, транзиттен табыс табады. Көршінің ар­зан газын өз экономикасы мен бизнесін да­мытуға пайдаланады. Бұл Қазақстанның газ тасымалдау инфрақұрылымын кеңей­ту­ге және жаңғыртуға септігін тигізеді.

Қоңсы қонған ел – іргелес пәтердегі көр­ші емес: қалаған кезде түп көтеріліп кө­ше алмайсың. Қазақ мұны «Құдай қос­қан көрші» атайды. Қ.Тоқаев Батысқа тісі бат­пай, аласұрып, көршілерімен қан май­дан­да арпалысқан Мәскеуді сабасына тү­сі­ріп, қазақ елімен татулыққа иліктіре ал­ды. Қа­зақ­стан және Ресей ортақ тарихқа, берік дос­тыққа, өзара құрмет пен сенімнің құн­ды­лықтарына сүйене отырып, көп­те­ген са­ла бойынша өзара мүддені жүзеге асы­ру­дың тиімді жолын таба алды.

Геосаяси ахуалы ушығып, шиыршық атып, ширыққан әлемде қазақ елінің еш­кім­мен дауласпай, жауласпай, алыс-жа­қын елдермен тату көршілікте, жарастықта тұруының өзі жетістік. Қазақстан көшбас­шы­сы бұған тоқмейілсімей, күрделі за­ман­да әр елмен ынтымақтастығын өрістетудің, өрге сүйреудің де жолы мен жөнін таба біл­ді. 

Айхан ШӘРІП