Президент білікті маман тәрбиелеу үшін ең алдымен, орта білім сапалы болуы керек екенін атап өтті.
Диплом мәңгі азық болмайды, әр азамат үздіксіз оқуы керек – Қасым-Жомарт Тоқаев
982
оқылды

Мемлекет басшысы еңбек нарығының жылдам өзгеріп жатқанына байланысты еліміздің азаматтары заман талабына бейімделе білуі қажет екеніне тоқталды. Бұл туралы Президент Республикалық педагогтер съезінде сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Балаларымыз заманға сай озық білім алуы қажет. Қазір еңбек нарығы өте жылдам өзгеруде. Көптеген салаға жасанды интеллект еніп жатыр. Бұл үдеріс жылдан-жылға қарқын ала беретіні сөзсіз. Бүгін жоғары сұранысқа ие мамандық ертең қажет болмай қалуы мүмкін. Ғалымдар 2050 жылға қарай қазіргі кәсіптердің жартысына жуығын цифрлық және техникалық жүйелер алмастырады деген болжам айтып отыр. Сондықтан азаматтарымыз жаңа заманға қажетті дағдыларды үйренуі керек. Бұл – өте маңызды міндет», – деді Мемлекет басшысы.

Осы тұста Мемлекет басшысы үздіксіз оқып, үйрену маңызды екенін қадап айтты.

«Бұрын «алған дипломың өмір бойы азық болады» деген түсінік бар еді. Енді оның орнын «Өмір бойы оқы және үйрен» деген қағида басуы керек. Қазір жұмыс берушілер үшін ең бастысы диплом немесе сертификат емес. Олар іздене білетін, жаңа талапқа икемделе алатын, тәртіпті және ұқыпты жас мамандарды бағалайды, яғни қызметкердің қолындағы қағазға емес, қарым-қабілетіне мән береді. Сондықтан әр азамат үздіксіз оқуы керек. Осындай білімге құштарлықты баланың бойына мектептен бастап сіңіру қажет, яғни балаларымыз білікті маман болсын десек, ең алдымен, орта білім сапалы болуы керек», – деді Президент.