Қосшы қаласында Болат Өтемұратов қорының ұйытқы болуымен салынған мектеп-гимназияның есігі айқара ашылды.
Қосшыда 3000 оқушыға арналған мектеп ашылды
1,176
оқылды

Мектепте 1 ауысымда 1500 оқушы дәріс алады. Қайырымдыдық жобаның құны 7,5 миллиард теңгені құрады. Бұл еліміздегі «Жайлы мектеп» ұлттық жоба стандарттарына сай салынған алғашқы оқу орны. Ол бір-ақ жылдың ішінде салынып, толықтай мемлекет тарапына тапсырылды.

Мектептің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев қатысты.

«Білім беру саласының дамуына қолдау көрсетіп жатқан Болат Өтемұратов қорына алғыс білдіреміз. Бұл жоба біздің облыстағы халық тығыз қоныстанған елді мекендердегі үш ауысымдық оқу мәселесін шешуге көмектесті», – деді облысы әкімі Ермек Маржықпаев.

Үш қабатты білім ордасының жалпы аумағы 17,5 мың шаршы метрді құрайды. Мектепті жобалау кезінде интерактивті медиа сыныптар, физика, химия және биология зертханалары, шеберханалар, компьютерлік сыныптар, робототехника және 3D модельдеу студиялары, виртуалды көлік жүргізу және алғашқы әскери дайындық кабинеттерін жасауға көп көңіл бөлінді.

Сондай-ақ металл және ағаш өңдеу шеберханасы, тігін және ағашты өңдеу кабинеттері, қыш және бейнелеу өнері шеберханалары бар шығармашылық кеңістіктердің болуына ерекше назар аударылды. Мұнда балалар бос уақыттарын сапалы өткізе алады. Мысалы, арнайы коворкинг-аймақтарында олар емін-еркін демалып, қалаған кітаптарын оқи алады.

Балалардың физикалық денсаулығына көп көңіл бөлінді және бірнеше алаң жасалды: баскетбол, волейбол және футбол ойындары үшін.

Балалардың физиологиялық ерекшеліктеріне сай трансформер парталар алынған. Ал ерекше қажеттілікті талап ететін жандар үшін мектепте 4 лифт жұмыс істеп тұр. Өсімдіктер көп отырғызылып, мектеп айналасындағы  инфраструктураға да көп көңіл бөлінді.

«Біз соңғы буынды технологиялар мен құрылғыларды пайдалану арқылы жайлы, қауіпсіз және жағымды білім беру ортасын құруға бар үлесімізді қостық. Біздің мектеп әрбір баланың дамуына мүмкіндік сыйлап, сонымен қатар Қазақстанда жаңа білім стандарттарының дамуына әсерін тигізеді деп сенеміз. Ал біз өз жұмысымызды әрмен қарай жалғастырамыз, себебі тағы 2 мектептің (Алматы облысы) құрылысын бастап кеттік», – деді «Верный Капитал» компаниясының бас директоры Ерлан Оспанов.