Бүгінде еліміздің жоғары оқу орындарының білім алу­шылары арасында қос дипломға қол жет­кізудің мүмкіндіктері ту­ралы сан түрлі пікірдің бар екені рас. Бұл мүм­кіндікті отандық білім ор­далары өздерінің кәсіби бағдар беру жұ­мыс­тары кезінде де сәтті пайда­ланып жүр.
Мойындалса – диплом жарар қажетке
1,039
оқылды

Қазақстанда қос дипломды білім беру бағдарламасы туралы 2009 жыл­дардан бастап айтыла бастады. Араға уақыт салып еліміздегі ұлттық универ­ситеттер қос диплом беру бағдарлама­сын әзірлеп көпке үлгі болды. Қазір елімізде қанша ЖОО бар болса, соның барлығы да қос дипломды білім жүйесін барынша тиімді пайда­лануға тырысып бағуда. 

Еске сала кетейік, Қазақстан Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы қаңтарда Мәжілістің жалпы оты­рысында елімізде бес шетелдік бе­делді университеттің филиалын ашуды тапсырған болатын. Осылайша, қос диплом жүйесін мықтап қолға алу мәсе­лесіне нақты бағдар берген еді. Бұл ба­ғытта алғашқы қадам жасаған М.Қозы­баев атындағы Солтүстік Қазақстан уни­вер­ситеті Аризона университетімен ынты­мақтастық туралы шартқа қол қо­йып, бүгінде алғашқы білім алушыларын қабылдап үлгерген.

Ғылым және жоғары білім министр­лігінің хабарлауынша, қос дипломдық білім беру бағдарламалары қазақстандық жоғары оқу орындары мен олардың серіктес университеттері арасында жа­салған келісімдер негізінде жүзеге асы­рыл­мақ. Бүгінде қазақстандық 41 жо­ғары оқу орны серіктес университеттер­мен бірлесе отырып, 200-ден аса қос ди­плом­дық бағдарламаны жүзеге асыру­да, оның ішінде 63-і ағылшын тілінде болып отыр. Оқыту қазақстандық сту­денттерді ше­тел­дік жоғары оқу орын­дарына жіберу­мен де, қашықтан оқы­туды қолданумен де жүзеге асырылады. Қос дипломдық бағдарламаны жүзеге асыру бойынша ынтымақтастық ая­сында қазақстандық университеттер әлемнің 99 жоғары оқу орнымен әріп­тестік байланысқа түскен. Бұлардың арасында жасалған келісім­дердің басым көпшілігі Ресейдің, Поль­шаның, Ұлыбританияның, Францияның және Германияның университеттері деп айтуға болады. Атап айтқанда, Ресейдің 120-дан астам, Польшаның 20-ға жуық, Ұлыбританияның 10-нан астам, Герма­нияның он шақты университетімен меморандум жасалыпты. Одан бөлек, АҚШ, Оңтүстік Корея сияқты елдердің оқу орындары тағы бар. Дегенмен статистикаға қарасақ, қос дипломды бағдарлама Ресейге көбірек бағыттал­ғаны байқалып тұр. Ал Ресейдің өзі қазір түрлі санкцияға ұшырап, жаһанда беделі түсіп келе жатқанын ескерсек, дәл теріскейдегі көршінің университет­тері­мен тығыз қарым-қатынас орнату жас­тарға мол мүмкіндік бере қояр ма екен?! Бұл әзірге жауапсыз сауал болып тұр. Бай­қауы­мызша, қазір ресейлік ЖОО-лар пост­кеңестік елдердің универси­теттерімен жаппай ынтымақтастық орнатып жатқанға ұқсайды. 

Әдетте қос дипломды білім беру деп екі немесе одан да көп уни­верситетте бір­лескен жүйе­дегі білім беру бағ­дар­ламасы бойынша оқып, маман болып шы­ғуды айтады. Мұн­дай бағдарлама бо­йынша оқыған жастар екі елдің де дипломын алу мүм­кіндігіне ие болады. Бұл қазақстандық жоғары білімнің ха­лық­аралық білім кеңістігіне инте­грация­ла­нуы­ның басым бағыт­тарының бірі. 

Қос дипломды білім беруді елімізде алғаш болып бастаған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ болатын. Білім ордасы көптеген шетелмен ынтымақтастық қарым-қатынастар орната отырып, 2009 жылдан бастап магистратураның бір­қатар өзекті және сұранысқа ие маман­дықтары бойынша білім беру бағ­дарламаларын іске асырып келеді.

Аталмыш білім ошағының матема­тика кафедрасының меңгерушісі, физика-математика ғылымдарының кан­дидаты Қонатбек Қомпышұлы атал­мыш бағдарламаның жастар үшін мүм­кіндігі зор екенін айтып отыр. Егер осы бағдарлама тікелей Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан қаржылан­дырылатын болса, мүмкіндік тіптен көп болмақ екен. «Қазір екі елдегі білім ордалары өзара ынтымақтастық не­гізінде арнайы білім беру бағдарлама­ларын сәйкестендіру арқылы жобалар жасап, олардың негізінде студенттерді шетелге білім алуға жіберіп отырмыз. Арнайы бағдарламалар негізінде қара­жаттың шектеулі ғана болатынына бай­ла­нысты білім алушылардың саны да кейде 5-6 дан аспай қалады. Дегенмен де бағдарламалар негізінде оқуын бі­тіріп, қызметке орналасып жатқан жас­та­ры­мыз­дың білімі де білігі де жоғары болып отыр», – дейді Қонатбек Қомпышұлы.

«Шетелде білім алып жатқан жас­та­рымыз біздің елде ақылы негізде оқыса, сырт елде болған уақытта отандық білім ордасында оқу үшін ақы төлеуден боса­тылады. Сонымен қатар шетелдік білім ордалары біздің студенттерге жеңілдік­тер қарастырып, ол жақтағы оқу ақысын білім деңгейіне байланысты 90%-ға дейін жеңілдету мүмкіндігі тағы бар. Бұл мүмкіндіктер біздің жастары­мызды одан сайын ынталандыра түсуде», – дейді Maqsut Narikbayev University KAZGUU Қос диплом бағдарлама­лары­ның үй­лестірушісі Құралай Қазихан. 

Әрине, әлемнің дамыған елдерінде білімін шыңдап, қос диплом алу жас­тарға біршама артықшылық ұсынары сөзсіз. Дегенмен осы мүмкіндік барлық сту­дент­ке бұйыра бермейді. Өйткені шетел­де білім алудың өзіндік қиындық­тары да бар. Ең бірінші тіл мәселесі болса, екінші екі елдің білім бағдарлама­ларының сәйкеспей қалуы. Шетелде білімін шыңдауға баратын студентке бізде білім үлгерімі мен қоса ағылшын тілін білу талабы қойылады. Ал таң­далған елдегі білім ордасында оқыту көбіне жергілікті тілде жүргізілуі ықтимал. 

Бірден екі жоғары оқу ор­нында оқу­ды жоспар­лап отырған студентке екі елдің оқу бағдарламасына ілесу қиын болатынын түсінуі керек. Жастарға екі диплом алу үшін көп күш жұмсауға тура келеді. Себебі Халықаралық бағдарлама­лар бәсекеге қабілетті мықты мамандар­ды даярлап шығаруға бағытталған. Сол себепті студенттерге қойылатын талап­тар да аса жоғары. Көптеген серіктес жо­ға­ры оқу орны тілдік дайындықтың жо­ғары деңгейін, сондай-ақ оқу про­це­сіне толық енуді талап етеді. Бұл та­лап­тарды серіктес-жоғары оқу орын­да­рына келген студенттер мінсіз орындауы тиіс.

«Біздің бірнеше студентіміз Оңтүстік Кореядағы университеттердің біріне білім алуға барған сәтте тіл мәселесінен қиналғаны шындық. Ағылшын тілі кей­бір пәндерде қолданылып, көп жағдайда тіпті күнделікті өмірде де тіл мәселесі қат­­ты қиындық туғызған. Жастар жа­тақ­­ханада өз бетінше корей тілін үй­ренуге мәжбүр болды. Дегенмен білікті болуды көздеген біздің жастарымыз өте бел­сенді», – дейді үйлестіруші Құралай Қуанышқызы.

Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ресми мәліметінше, 2021-2025 жылдарға арналған даму стра­тегиясы бойынша білім алып келген жастар еліміздің қай өңірінде болса да жұмысқа орналасуын университет өз басшылығына алып отыр. Білім ошағы­ның мұндай қамқорлығы, әрине қуан­тарлық жағдай. 

Қос дипломдық бағдарлама жүйе­сімен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Жоғары математика факультетінің және Францияның Реймс уни­вер­ситетінің түлегі қос диплом иегері Аяужан Раим­баева бүгінде Алма­тыдағы Рес­публи­калық фи­зика-ма­те­матика мектебінде қыз­мет ат­қарып жат­қанын айта­ды. «Шетелде білім алу мен тәжірибенің ерек­ше болатыны айт­па­са да түсінікті. Алдағы уақытта докто­ран­тураға АҚШ-қа түспекшімін, сол кезде франциялық дипломым біраз рөл атқарады деп сеніп отырмын. Өкініштісі, өзге елдерде көбіне Қа­зақстан дипломы мойындала бер­мейді екен. Ал франция­лық дипло­мымды көрсеткен кезде жағ­дай бірден өзгереді. Ең бастысы, ағыл­шын, француз тілін жалпы тілді оқу ке­рек екенін түсіндім. Тіл білсең, ше­телде мүмкіндік өте көп», – деді Аяужан Қонысбекқызы. 

Жастарымыздың шетел асып білім нәрімен сусындауы, елге тың жаңалық әкеліп, өркениеттің өресін кеңейтуі, әрине жақсы. Бірақ қарап отырсақ бағдарламаға қатысушылар саны тым көп те емес. Айталық, 2019-2020 оқу жылында қос диплом бағдар­ламасы бойынша 1 308 адам білім алыпты. 2020-2021 оқу жы­лында олардың саны 1 120 адам болған. Яғни, жүздеген мың сту­денті бар ел үшін бірер мың адамның қос диплом бағдар­ламасымен білім алуы мақтанарлық көр­сеткіш емес. Оның үстіне, қос дип­лом бағдарламасына қа­тысатын ше­телдік университеттің көбі ресейлік екенін байқадық. Демек, бұл мәселеге көзқарас өзгеруі керек шығар. Көз­қарастың өзгеруі бола жатар, бас­тысы бағдарламаға мемлекеттің тара­пынан арнайы қаражат бөлінуі керек. 

Ғылым және жоғары білім министр­лігінің мәліметінше, министрлік тара­пынан жоғарыда айтып өткен М.Қо­зыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың кейбір бағдарламалары мемлекет тарапынан қаржыландырылады екен. Осы аталған үш ЖОО арасындағы ең белсендісі са­налатын М.Қозыбаев атындағы СҚУ-да қос дипломдық бағдарламаға қатысу үшін 500 орын қарастырылған болса, қазір берілген өтінімдер саны 2 720 болып тұр. Бұл сан қыркүйекте оқу бас­талған шақта күрт өсетіні белгілі. Демек, талап бар. Тек мемлекет жастар­дың білімге деген ынтасын қанағаттан­дыра алмай отырғаны анық көрініп тұр. 

Шетел дегеннен шығады, бүгінде әлемнің дамыған елдерінде оқып келіп, қайтадан сол жаққа қарай бет алып жатқан жастардың саны басым. Әрине, жастардың шетелде білім алуының позитивті жақтары да жоқ емес. Өйткені дамыған елдің білім жүйесі қалай десеңіз де, дамудың бірнеше сатысынан өтті. Оның үстіне, ғылым мен соңғы техноло­гияның отаны да солар. Оны мойын­дауы­мыз керек. Сондықтан да дамыған мем­лекеттерде білім алушылар қатары­ның көбеюі дұрыс. Бірақ білім нәрін бойына сіңіріп келген жастарды өзімізде ұстап қалуымыз үлкен мәселеге ай­на­луда. Жыл сайын сан мыңдаған білімді жас­тарымыз өзге елге қоныс аударып жат­қанына куә болып жүрміз. Статисти­калық мәліметке сүйенсек, 2021 жылы шетелге 32 209 азаматтың кеткені анық болған. Олардың 8 жарым мыңнан аста­мы жоғары оқу орнын тәмамдаған білік­ті мамандар. 2022 жылы Қазақстан­ның 8 мыңға жуық азаматы жұмыс іздеу мақ­сатында шекара асқан. Олардың ба­сым бөлігі – 18 бен 35 жас аралығын­дағы азаматтардың үлесінде болып отыр.

«Біз отбасымызбен 2021 жылдың маусым айында Түркияға көшіп бардық. Түркияға көшкен себебіміз – климаты­на, өмір сүру мәдение­тіне баса назар ау­дар­дық. Қыс айы өте жылы бо­лады екен. Біз Анталья қа­ла­сын таңдап, бір жыл тұр­дық. Табиғаты сұлу туристік қа­ла. Өзге де қалаларға саяхат жаса­дық. Жұ­мыс мәселе­сіне келетін бол­сақ, қазақ­стан­­дық диплом бұл жақ­та жа­рам­сыз болып қалды. Сол се­беп­ті мен әзірге үйдемін. Тек мұн­да халықаралық дип­ломдар ғана жарамды. Жолдасым өткен жылы қос дипломдық жүйемен оқып Қазақстан мен франция­лық ЖОО дип­ломын алып шықты. Қа­зір ІТ саласында онлайн түрде жұмыс іс­тейді», – деді Түркияда білім алып жүр­ген Мақпал Бөлекбаева есімді азамат.

Байқағанымыздай, біз қанша жерден қос дипломды жүйеге көшіп жатқа­ны­мызбен қазақстандық дипломдар өзге елдерде көп жағдайда мойындала бер­мейтіні анық болып отыр. Бұған қай жағынан келуіміз керек? Тағы да сол Мемлекет басшысы араласып бір жақты қы­лу қажет пе, әлде Ғылым және жо­ғары білім министрлігі нақты әрекетке көшуі тиіс пе? Бәлкім, қазақстандық диплом­ның өзге елдерде мойындалуы мәсе­­лесімен жүйелі түрде айналысқа­ны­мыз жөн шығар. 

Бердібек ҚАБАЙ