Құжат жобасын жария талқылау мерзімі – 16 тамызға дейін.
Елімізде жекеменшік мектептердегі оқу ақысы арзандауы мүмкін
2,354
оқылды

Оқу-ағарту министрлігінің жаңа бұйрығының жобасына сәйкес,  баланы жеке мектепте оқыту төлемінің шекті мөлшері 2 есе төмендетілуі мүмкін. Құжат Ашық НҚА порталында қоғам талқылауына ұсынылды.

Бұған дейін шекті мөлшер 1200 АЕК мөлшерінде болса, енді оны 600 айлық есептік көрсеткішке дейін азайту көзделіп отыр.

Сонымен қатар, халықаралық аккредитацияға ие өзіндік оқу бағдарламасы бар мектептер үшін де оқу ақысының шекті мөлшері 2 есе (2400 АЕК-тен 1200 АЕК-ке) азаяды.

Бұл ретте аталған шекті мөлшерге білім алушылардың тұру (интернаттық ұйымдар), оларды жекеменшік орта білім беру ұйымына жеткізу және (немесе) кері қарай тасымалдау, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарынан тыс қосымша білім беру қызметтері мен білім беру, сондай-ақ ерікті түрде жүзеге асырылатын білім алушылардың тамақтануы үшін төлемақы қосылмайтынын айта кету керек.

«Өзгеріс 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі. Бұл мерзім жекеменшік орта білім беру ұйымдарының білім алушылардың заңды өкілдерімен өз қызметтеріне шарттар дайындауы және ресімдеуі не ата-аналық төлемді төмендету бөлігінде қолданыстағы шарттар бойынша қосымша келісімдер жасасуы, сондай-ақ ұйымның жаңа баға сегментінде дамуын қаржылық жоспарлау үшін жеткілікті. Жекеменшік білім беру ұйымдарында балалар үшін оқудың қолжетімділігін арттыру мақсатында ата-аналық төлемақының мөлшерін 50 пайызға қысқарту көзделеді», делінген құжатта.