El arna телеарнасының «Білім жолы» хабарында жоғары оқу орындарындағы білім сапасы, рейтинг мәселесі талқыланды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «танымал блогердің» іс-әрекеті туралы ресми ақпарат таратты
2,040
оқылды

Бұл туралы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі хабарлады. Aikyn.kz бағдарламада талқыланған мәселе туралы оқу орнының ресми мәлімдемесін қаз-қалпында оқырман назарына ұсынады. 

«QS әлемдік рейтингінде 150-орынға ие Орта Азиядағы жалғыз оқу орны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 2023 жылғы 15 мамырдағы «Ел арна» телеарнасының «Білім жолы» бағдарламасында Азаматхан Әміртайдың ҚазҰУ имиджіне нұқсан келтіретін негізсіз айыптауларына және оның El arna эфирінен беріліп, жүргізуші Алмас Алтайдың әлеуметтік желідегі парақшасында жариялануына байланысты төмендегіні мәлімдейді:

А.Әміртай 2021-2022 жылы ҚазҰУ-ға бірнеше рет келіп, өзін мүмкіндіктері мол «танымал блогер», «қоғам қайраткері», «кәсіпкерлердің жанашыры» ретінде таныстырған.

ҚазҰУ-ға қайта-қайта келуінің себебі – көрсетілген қаржысы мен іске асыру жоспары өте күмәнді студенттік жатақхана құрылысына қатысты жеке компанияның мүддесін тікелей және ашық қорғау (лобби) болатын. 

Ол әр кездесуде өзін дөрекі ұстап, ұстамсыздық танытып, айналасындағыларға қысым көрсетуге және бопсалауға тырысты.

Бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде қаралау мақсатында жазбалар жариялап, сұхбаттар берді. Сол арқылы университетті ҚазҰУ үшін тиімсіз, сондай-ақ мемлекет қаржысынан 4 есе артық шығын талап етілген келісімшарт бойынша жұмыс істеуге «мәжбүрлеуге» күш салды. 

Алайда заң аясында іс жүргізіліп, сот ҚазҰУ-дың қаржысын жеке мүддеге пайдаланбақ болған келісімшартты бұзу туралы шешім қабылдады. А.Әміртайдың университет қызметіне ықпал ету әрекетіне тосқауыл қойылып, күмәнді жатақхана құрылысы тоқтатылды.

А.Әміртай  Еl Аrnа эфирі арқылы университеттің іскерлік беделіне нұқсан келтіретін негізсіз айыптауларға кезекті рет жол беріп отыр. Осыған байланысты ҚазҰУ Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, А.Әміртайды жауапкершілікке тарту үшін құқық қорғау органдарына шағым түсіретін болады.

Сонымен қатар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығы  Еl Аrnа  эфирінен «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» ҚР Заңында көзделген уақыт ішінде «Теріске шығару» айдарын қолдана отырып, терістеме бағдарлама ұйымдастыруды сұрайды.

Басқа жағдайда, университет ҚР Қылмыстық кодексінің «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша 274-бабы 3-бөлігіне сәйкес, БАҚ-ты қолдана отырып, «азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіру» ретінде аталған материалдар бойынша сотқа жүгіну құқығын пайдаланады», – деп жазылған ресми мәліметте.

Фото: Қ.Байдәулеттің Facebook-тағы парақшасынан алынды.