Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде университеттің Ғылыми кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
ҚазҰАЗУ ғалымдары жекеменшікке сатылып кеткен 3 жатақхана, стадион, 5 зертхана, жерді қайтаруды талап етті
2,184
оқылды

Кеңеске  ЖОО басшылығы, құрылым жетекшілері, факультет декандары мен профессор-оқытушылар құрамы қатысты. 

Негізгі күн тәртібіне орай, ҚазҰАЗУ басқарма төрағасы-ректордың инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Қуат Сұлтанғазиев «Инфрақұрылымның даму мәселелері мен оларды шешу жолдары» туралы баяндама жасады. 

 

Баяндаманы талқылау барысында ҚазҰАЗУ ғалымдары  университет балансынан шығып кеткен ірі көлемді активтерді қайтару мәселесін көтерді. Атап айтқанда:

– 1000 төсек-орындық 3 студенттік жатақхана;

– Жалпы ауданы 18828,5 шаршы метр 5 оқу-зертханалық ғимараттар;

– Жалпы ауданы 1,8 га 1 стадион, оқу-спорт кешенімен;

– Жалпы ауданы 700 шаршы метр әкімшілік-шаруашылық ғимараттары мен 

өзге де жылжымайтын мүлік нысандары;

– Университет ғимараттарына іргелес – жалпы ауданы 5 гектарға жуық жер телімдері;

– Университеттің Алматы облысындағы Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарында орналасқан оқу-тәжірибелік шаруашылықтарындағы жер телімдері – 12 га.

 

Сондай-ақ, Ғылыми кеңесте ҚазҰАЗУ балансынан ертеректе жекенің меншігіне өтіп кеткен бірқатар  жылжымайтын мүліктер тізімі де  жарияланды.  

Мәселен, Алматы қаласы, Назарбаев даңғылы, 176 мекенжайында орналасқан «Агрономия» факультетінің студенттік жатақханасы, сондай-ақ Абай даңғылы, 30 мекенжайындағы «Зооинженерия» факультетінің жалпы аумағы 4047 ш.м. студенттік жатақханасы бұл күнде  тұрғын үйге айналдырылған және жеке тұлғалар жекешелендірген.  Абай даңғылы, 26а мекенжайындағы «Зооинженерия» және «Ветеринария» факультеттерінің лабораториялық оқу ғимараттары, жалпы көлемі – 10 431 шаршы метр.

 

Сорнымен қатар, Сатпаев көшесі, 7а мекенжайындағы «Зооинженерия» факультетінің жалпы көлемі 1684,6 ш.м. жатақханасының бір бөлігі, 0,3076 га жер телімімен қоса, сатылып кеткен. 

Абай даңғылы, 8а мекенжайындағы «Ауыл шаруашылығын электрофикациялау» факультетінің оқу ғимараты, жер телімімен қоса 14.12.2001 жылы №2032 сату-сатып алу келісім шарты бойынша «Халықаралық бизнес университетіне» (UIB) жекеменшікке берілген.

Сонымен іргелес тұрған Абай даңғылы, 8-8 мекенжайындағы «Ауыл шаруашылығын механизациялау» факультеті оқу ғимаратының бір бөлігі, жалпы аумағы 997,5 ш.м., (0,0388 га) жер телімімен қоса 06.06.2001 жылы  «ҚР Үстел теннисі федерациясы» ҚБ-іне №1963 мемлекеттік меншікті сату-сатып алу келісім шарты бойынша жекеменшікке берілген.

 

Абай даңғылы, 28 мекенжайындағы жалпы аумағы 1206,0 ш.м.  стадион (спорт залымен) және 1,8051 га жер телімімен қоса 2007 жылы «ИРИДА ИНВЕСТ» ЖШС-іне кейіннен иеліктен шығару мақсатымен сенімді басқаруға берілген.

Ол аздай Абай даңғылы, 8 мекенжайындағы әкімшілік-шаруашылық ғимараттары және (0,3083 га) жер телімімен қоса 20.11.2006 жылы «ИРИДА ИНВЕСТ» ЖШС-іне жекеменшікке берілген. 

Университеттің аумағында «Рамс Қазақстан» ЖШС көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысын салуды бастаған, алайда Алматы қ. Әкімінің шешімімен 2021 жылы құрылыс нысаны  тоқтатылды. Қазіргі уақытта нысан құрылысына шектеу қойылды.

 

Абай даңғылы, 28 мекенжайындағы Оқу және әкімшілік ғимараттары, құрылысы бітпеген нысан мен (0,9051 га) жер телімі де 2006-жылы жоғарыда аталған  «ИРИДА ИНВЕСТ» ЖШС-інің меншігіне  өтіп кеткен. 

Ғылыми кеңеске қатысқан ғалымдар кезінде түрлі себептермен ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп қалған осы активтерді университет меншігіне қайтару мәселесін талап ететіндерін мәлімдеді. 

Нұрболат АДЫРБЕК, Алматы