Әйелдер арасында 400 метрге жүгіруден спортшымыз Элина Михина 54.07 нәтижесімен қарсыластарынан оқ бойы оза шауып, Азия чемпионатының алтын медалін иеленді. Екінші орынды вьетнамдық спортшы Ти Уен (54.67 секунд), үшін орын индонезиялық Шри Мая (54.88) иеленді.
Ал ерлер арасында 60 метрге кедергілер арқылы жүгіруден Давид Ефремов топ жарды. Спортшымыз бұл қашықтықты 7.65 секундта жүгіріп өтті. Тайван елінің үміті Чен Куэй-ру күміс жүлдеге ие болса, жапон Сюхей Исикава қоланы қанағат тұтты. Әйелдер арасындағы сынға келсек, дәл осы сайыс бойынша алтын жүлде жапон Масуми Аокиге бұйырды. Үндістандық Джоти Ярраджи күміс медаль алса, Қытай атлеті Джиамин Чен үштік үштікке ілікті.
Ерлер арасында ядро итеруде үндістандық Тажендерпал Сайд Тур 19.49 метр нәтижесімен 1-орын, Каранвир Сайд 19.37 метр нәтижесімен 2-орын алды. Қытайлық Чжен Сиаодон 18.85 метр нәтижесімен үздіктер көшін қорытындылады.
Әйелдер арасындағы бессайыс қорытындысы бойынша өзбекстандық Екатерина Воронина 862 ұпаймен 1-орын, үндістандық спортшы 2-орын, ал жапондық Юки Ямашаки 846 ұпаймен 3-орын иеленді.
Ал жарыстың екінші Ақбаян Нұрмамет 1500 метрге жүгіруден қола жүлде жеңді. Оның көрсеткіші – 4.21.31. 1-орынды вьетнамдық Нгуен Тхи Оан 4.15.55 нәтижесімен, 2-орынды жапондық Юме Гото 4.19.29 нәтижесімен жеңіп алды.
Ерлер арасында үш қарғып секіруден қытайлық Фан Яо Кинг 17.20 метр нәтижесімен топ жарды. Үндістандық Правин Чизравел 16.98 нәтижесімен 2-орын, кореялық Ю Гюмин 16.73 метр нәтижесімен 3-орын алды.
Әйелдер арасында сырықпен секіруден жапониялық спортшы Маю Насу 4 метр биіктікті еңсеріп, чемпион атанды. Ал үндістандық спортшы мүмкіндік санынан ғана есе жіберіп, 4 метр көрсеткішпен екінші орынға тұрақтады. Рози Мина Паулраж (Үндістан) 3.90 нәтижесімен үшінші орын алды.
Әйелдер құрамасы эстафетада (4+400 м) жеңіске жетті.
Аделина Земс, Александра Залюбовская, Кристина Кондрашева мен Элина Михина мәреге бірінші келді (3:44.21 секунд).
Эстафетадан ерлер командасы да Азия чемпионы атанды.
Андрей Соколов, Эльнор Мухитдинов, Вячеслав Земс және Михаил Литвин 3:09.15 нәтижесімен ел қоржынына кезекті медаль әкеліп, сонымен қатар ұлттық құрама рекордын жаңартты. Екінші орынды 3:09.26 нәтижесімен Катар команадасы иеленсе, үшінші орынды 3:34.45 нәтижесімен Тәжікстан құрамасы еншіледі.
Азия чемпионатында әйелдер арасында биіктікке секіруден барлық жүлделі орындарды Қазақстан спортшылары иеленді.
1.89 м үздік биіктікті Надежда Дубовицкая мен Кристина Овчинникова еңсерді. Овчинникова тек мүмкіндік сананын ғана есе жіберді. Үшінші орынды 1.84 нәтижесімен Елизавеета Матвеева иеленді. Желаяқтарымыз да жоғары нәтижелерге қол жеткізді.
Осылайша, жеңіл атлеттердің жетістігі Қазақстанға есеп қорытындысы бойынша 2-орын биігінен көрінуге мүмкіндік берді. 1-орында Жапония құрамасы, ал Катар командасы үздік үштікті түйіндеді.
Келесі меже – Тегеран
Qazaqstan спорт кешенінде өткен Азия чемпионаты жанкүйерлерді бір серпілтіп тастады. Қуантарлығы, ұл-қызын ертіп әкелген ата-ана көп. Одан бөлек, отандастарымызды қолдауға келген зейнеткерлер де бар.
«Мен спортшыларымыз бен жанкүйерлерімізді лайықты нәтижемен құттықтаймын. Дәл осындай жарқын жеңістер жас спортшылар үшін керемет мотивация әрі елімізде жеңіл атлетиканың дұрыс бағытта келе жатқанының көрсеткіші деп білемін. Келесі Азия чемпионаты Тегеранда өтеді. Иран біріншілігінде спортшыларымыздың сәтті өнер көрсетуін тілейміз», – деді Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.Жоғарыда 69 жеңіл атлет ел намысын қорғаған сында құрама 12 жүлде алғанын жаздық. Ал Федерация президенті Даниал Ахметов спортшылардың тоғыз медаль алатынына сенімді екенін айтқан еді. Спортшылар күткен нәтижені артығымен орындап, кезекті бәсекеге дайындықты бастап кеткен.
«Мансабымдағы алғашқы Азия чемпионатында бақ сынадым. Эмоциямды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Жарыс жоғары деңгейде өтті. Әр елдің үздік спортшылары жиналды. Тәжірибелі спортшылармен күш сынасу мен үшін өте қызық болды. Барлығына қолдауы үшін, маған деген сенімі үшін рахмет! Әрине, мені әрқашан демеп, үмітін үзбегені үшін жаттықтырушыма алғыс айтқым келеді. Біз жаттығуды ары қарай жалғастырамыз. Еліміздің көк туы бұдан да биікте желбірегенін қалаймыз», – деді Ақбаян Нұрмамет.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ