Міне, енді бұл зеңбірек ауыз. Оқта-текте гүрс еткізетін. Ауыр сөз. Айтпақшы, автомат ауыздар да бар. аузынан не кіріп, не шыққанын өзі де байқамайды, лас сөздер айтып қалдым-ау, деп бас шайқамайды.
– О, шешең...
– Мәдениетті болыңыз, басеке.
– Ой, әкеңнін...
– Сіз лауазымды адамсыз.
– Иттің баласы!
– Адамның баласымын!
– Есек!
– Есектер ақырады. Сіз сияқты.
– Бастығыңа қарсы келме, оңбаған! Сен сияқтылардың көздеріне көк шыбын үймелеткенмін. Не деп тұрсың, а? О, әкеңнің.
– Әкемді танымайсыз ғой.
– Әкеңді танытамын!
– Сізсіз де әкемді танимын.
– Әкеңді танытамын деймін!
– Әкем мені таниды.
– Тфу!
– Түкірмеңіз...
Міне, осындай абыройсыз автомат ауыз демекші, Батыс Қазақстан облысында қарамағындағы қызметкерлерді балағаттаған аудан басшысы Марат Тоқжановтың аузы да автомат ауыз. Өзіне жауыз. Бәйтерек ауданының әкімі балағат сөздерді қарша боратқанда алдына жан салмайды екен. Әкімнің тасыр-тұсыр сөздері таспаға жазылып қалынған екен. Көктемгі тасқын кезінде. Бір сағаттық таспада ол әріптестерінің «ит терісін басына қаптап» 144 рет бейәдеп сөз айтыпты! Әп, бәрекелді, рекорд! Аузы автомат қой! Тттттттт! Тоқтамайды! Ттттттт! Не деген көрегендік, не деген мәдениеттілік! Заманауи балағаттау! Заман ағымы... Заман... Жоқ, заман аман, адам жаман. Әкімді айтамыз. Сөйлеп жатқанда, өзіне бақылау қоймайды, бейәдеп сөздерге тоймайды. Әлде, әкімдерге «Қалай сөйлесеңіз, солай сөйлеңіз!» деген заң, ереже, не кодекс бар ма? Арқа сүйері бар да. Айттым ғой, арқа сүйері бар адам! Ол – Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың туған інісі. Қолыңыздан келсе, сіз де қонышыңыздан басыңыз!
Мұхтар ШЕРІМ