Сарысу ауданындағы электр желілеріне жауапты мекеменің ақпаратына сүйенсек, барлығы 726 шақырым жарық желісінің 62 шақырымы үзіліп, 10,5 мың бағанның 240-ы құлап қалған екен. Бүгінде 51 шақырым электр желісі мен 151 баған қалпына келтірілген.
– Қалпына келтіру жұмыстары 10 күннің ішінде аяқталуы тиіс. 1-2 күнде Жаңатас қаласы толығымен және ауданның елді мекендері электр қуатына қосылуы керек. Осы мерзімде қалаға су, жылу толығымен берілуі қажет. Қаладағы әр үйге жылудың жетуін тексеріңіздер. Ішінара бүлінген нысандарды аудан бір күнде ретке келтіруі керек. Әр нысанға бір-бір мердігерден бекітілуі маңызды. Уақыт жоғалтуға болмайды. Елді мекендерді тазарту жұмыстарына да барынша көңіл бөліңіздер. Халық арасында түсіндіру, ақпараттандыру шараларын ұйымдастырыңыздар. Біздің ең негізгі міндетіміз – халыққа қызмет көрсету, – деген Нұржан Нұржігітов аудандағы іссапарын қорытындылаған штаб отырысында талапты тапсырмаларын тағы бір мәрте шегелеп жүктеді.Сондай-ақ облыс әкімі аудан халқы қиын кезде азық-түліктен тапшылық көрмеуі қажет екенін де қатаң ескертті. Айта кетейік, төтенше жағдай кезінде елді мекенге 17 мың бөлке нан жеткізілген. Талас ауданын да қайта қалпына келтіру жұмыстары басталды. Аталған ауданға да аймақ басшысы арнайы ат ізін салып, Есейхан, Қасқабұлақ және Қараой ауылдарындағы үзілген электр желілері мен құлаған бағаналарды көзбен көріп шықты. Бұл елді мекендер дауыл кезінде алғашқылардың бірі болып жарықсыз қалған. Қазір Есейхан мен Қараой ауылына жарық берілсе, Қасқабұлақ ауылы генератор арқылы электр желісін тұтынуда. Қатты жел кезінде Қаратау қаласындағы «Игілік» қазандығына да зақым келсе, сондай-ақ бірқатар көпқабатты үйлердің шатыры ұшып, барлығы 11 нысан күрделі жөндеуді қажет етуде. Қазір аталған жұмыстармен жергілікті мердігерлер айналысуда. Облыс әкімінің баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, табиғи апаттан келген шығын әлі есептелуде екен. Сондықтан мердігерлер құрылыс жұмыстарын өз қаржыларына жүргізуде. Жоспарлы жұмыс аяқталғаннан кейін кеткен шығын төтенше жағдайларға қаралған резервтік қордан төленіп берілмек. Ең бастысы, алдағы аязды күндерге дейін аудан мен қала тұрғындары жарық пен жылуға толықтай қосылсын деп тілейік. Әйтпесе, бұл боран бармақ тістеніп ғана қоймай, талай шенділердің былғары орындығын да шайқауы мүмкін...
Жамбыл облысы