– «Ахмет. Ұлт ұстазы» біраз резонанс тудырды. «Міржақыптың» беталысы қандай?
– Кино әлемінде экран көрсетеді деген ұғым бар. Жалпы, киногерлер көп сөйлемейді ғой, біз енді журналистикадан киноға келген соң сөзшең шығармыз (күлді). Беталысын біз емес, сіздер айтыңыздар.
– Продюсер күнделігінен оқып жүрміз: қаржылық қиындықтар, түсірілім кезіндегі сергелдеңдер сіздерге ауырлық тудырмады ма?
– Әрине, ауырлық тудырды. Бірақ, оны айтып, талқылаудан шаршап кеттік, шыны керек. Табиғатымда шағым айта беретін пессимистік қасиет жоқ еді, былтыр амалдың жоғынан айтылды. Бірақ, соны айтудың өзі көп энергияны алып қояды екен. Сондықтан биыл бұл тақырыпты қаузаудан кәдімгідей ресми түрде бас тартып жүрмін.
– Алаш ардақтыларына арнап сериал емес, фильм түсіру ойларыңызда бар ма?
– Алаш тақырыбына бір кірген адам айналып шыға алмай қалады. Мүмкін, осы тақырып біздің өшкелі жүрген ішкі ұлттық кодтарымызды басатын шығар. Мүмкін, бұл біздің сол кісілерге деген жиналып қалған сағыныш сезіміміз болар. Әйтеуір, сол тақырыпты қаза бергің келеді, Алаш арыстары туралы әңгімені тыңдай бергің келеді, сондықтан «генерал болуды армандамайтын солдаттың» болмайтыны секілді үлкен фильм түсіруді ойламайтын киногер болуы мүмкін емес. Біз де ақырындап фильм индустриясына аяқ басуды ойлап жүрміз.
– Телеарна тапсырысы болғаннан кейін кейбір шектеулер болған жоқ па?
– Біздің қанымызға сіңген әдет пе, Кеңес идеологиясы салып берген соқпақ па, әйтеуір көп жағдайда бір жау тауып алып алысып жүргенді жақсы көреміз ғой. Мұндай ұлттық идеологиямызды нықтайтын істерде бәріміздің бірігіп, бір жағадан бас, бір жеңнен шыққан қол болып әрекет етуіміз аса маңызды. Биыл Qazaqstan ұлттық арнасы да осы ретте бізге біраз септесті дей аламын. Орынсыз тексеріп, шексіз шектеулер айтып мазамызды алған жоқ. Кейбір мәселелерге байланысты сұрақтар туындады, бірақ оны өзара хат алмасу, келіссөз жүргізу арқылы шешіп отырдық. Еліміздің бас арнасына айналған ұлттық арнамен сондай демократиялық, зиялы іскерлік байланыс құра алғанымызға қуанамын.
–Мұхтар, Ахмет, Міржақып. Келесі кезек кімдікі?
– Абай, Мұхтар, Қайым, Ахмет, Ғазымбек, Міржақып, Гүлнар деңіз (күлді). Біз MurAi Production атты өте шағын жеке компаниямыз ғой. Қай тараптан қандай тапсырыс түседі және ол қалай көңілімізге қонады – сол бағытта келісіп жұмыс істеп, еңбек етеміз. Продюсер, сценарист, «Оскар» сыйлығын алған бірінші мексикалық режиссер Алехандро Гонсалес Иньярриту: «Кино түсіру саған көп нәрсе береді, алайда сенің өміріңнен де көп дүниені алып қояды»,–депті. Сол секілді Мұрат екеуіміздің отбасылық өмірімізде де көп дүниеге орын болмай қалып жатады. Биыл, міне 3 жыл демалыссыз жұмыс істеп келеміз, жылда түсірілім жұмыстары жазда болғандықтан, бала-шағамызбен жазғы демалысты бірге дұрыс өткізе алмай жүрміз. Ата-ана ретінде ол да толғандырады. Сондықтан келер жылдың жобасы туралы нақты ештеңе айта алмаймын. Бұйырғанын көреміз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Айым БЕКТҰР