ЕҰУ Азиядағы үздік 100 университеттің қатарына кірді
ЕҰУ Азиядағы үздік 100 университеттің қатарына кірді
739
оқылды
Бүгін QS жоғары білім беру саласындағы халықаралық талдау агенттігі Азиядағы ең үздік университеттердің он бесінші жыл сайынғы тізімін жариялады. Рейтингке 760 университет кірді. Оған алғаш рет Орталық Азияның жоғары оқу орындары қатысты. 43 университеттің 32-сі – қазақстандық жоғары оқу орындары. QS Asia University Rankings 2023 ТОП-100-рейтингіне Қазақстанның 2 жоғары оқу орны – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті кірді. Рейтинг 11 критерий бойынша жүргізілді. ЕҰУ «Оқытушылар мен студенттер санының арақатынасы» индикаторының нәтижелері бойынша Азиядағы үздік он университеттің қатарына енді. Сондай-ақ  ұлттық жоғары оқу орны шетелдік ПОҚ, академиялық және жұмыс берушілер арасындағы бедел саласында жоғары көрсеткіштерді иеленді. Жалпы, 32 қазақстандық ЖОО Азияның үздік университеттерінің өңірлік рейтингінде ұсынылған. Рейтинг нәтижелері бойынша, Орталық Азияның үздік үш университеті арасында Қазақстанның жоғары оқу орындары ғана ұсынылған. Олар халықаралық мойындауға байланысты индикаторлар бойынша ең жоғары орынға ие. Азияның үздік 3 жоғары оқу орны Пекин университеті, Сингапур Ұлттық университеті және Цинхуа университеті танылды. Рейтингтегі жоғары оқу орындарының саны бойынша Қытай, одан кейін Үндістан мен Жапония көш бастап тұр. Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылы Л.Гумилев атындағы ЕҰУ халықаралық QS WUR бас рейтингінің ТОП-300-ге кіріп, 277-орынға ие болған еді. Соңғы 3 жылда ЖОО осы рейтингте 141-орынға көтерілді.